Замана құбылып, саясат жүз жерден өзгерсе де ұлттың бұлжымайтын құндылықтары бар. Ұстараның жүзіндей осы жолда арына қылау түсірмей өткен тұлғаның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев еді.
Ұлт перзенті Әбіш Кекілбаев: «Мамыражай, жайма-шуақ, кеңпейіл Кәкімжан аға ызғарлы кезеңдерден кейінгі рухани тоңды жібітуде ерекше қайраттылық танытты. Әдебиетімізде, қоғамдық ойымызда, әлеуметтік көңіл күйімізде өшпес із қалдырды» деп түйіндеген тұғыры биік тұлға еді.
Осындай абыройлы азаматқа адал жар болған, «халық жауы» атанған Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Орынша ҚАРАБАЛИНА апайдың абзал ағамыз жайлы әңгімесі әркімді тебірентері анық.
– Біз Кәкең екеуміздің бірге өткен 33 жылымыз – 33 күндей өте шығыпты. Әрбір күніміз бақытқа толы болды. Жұмыстан қандай жағдайда да жайдары қалпында, жарқырап кіріп келетін. Біріміз тәпішкесін беріп, біріміз қолынан папкасын алып, немерелері жан-жағынан қаумалап, сырт киімін шешуге мүмкіндік бермейтін. «Ойпырым-ай, бәйбіше, бәрін тік тұрғызғаның не?» дейтін. Балаларының хал-жағдайын біліп, бес алғандарын мақтап, қандай ойын ойнағандарына дейін сұрап отыратын.
Үш баласын кішкене күндерінен ілім-білімге, өнерге баулыды. Үйде өзі балаларға соғыс, тылдағы ерлік жайлы сценарий жазып, рөлдерін бөліп береді. Өлең оқытады. Біреуі жаралы солдат болып, біреуі оның басын таңып, скетч қояды. Домбыра шертеді, пианиносын тартады. «Спектакльдерінің» көрермені мен. Кейін де немерелерін ойнатып, билетіп, еркелетіп, әбден мауқын басып болып, дастарқанға келетін де:
– Көрдің бе, жаңа билеген соң, балалар тамақты жақсы ішіп жатыр, – деп қуанып қоятын.
Кәкең маңдайыма жел болып тиген емес. Қазан-аяқ сылдырамайтын үй болмаса да, Кәкеңнің мінезін білетін адамдар осы бақытымызға сенетін.
Кәкең мені жақсы мұғалім болуға да баулыды. Одақтық басылымдарда білім, мектеп жайлы қандай мақалалар жазылып жатыр, осының бәрін қиып алып, үстеліме қоятын. Қызметі ауыр болса да, ақыл-кеңесін беруден жалықпай өтті. «Әрбір оқушы – тұлға, дұрыс сөйлес» деп отырушы еді.
Мені жазуға да баулыды. «Әңгімені жақсы, жүйелеп айтасың, осыны қағазға түсіріп үйрен, бастапқыда қиын болады, біртіндеп төселіп кетесің» деп, мақала жазуыма мұрындық болды. «Кандидаттық диссертация қорғаудың саған не керегі бар? Архивте отыру керек. Балаларыңа, оқушыларыңа кім қарайды? Одан да жаз. Осы жазуыңмен-ақ атың белгілі болады» деуші еді. Айтқаны келді ғой. Сол жазған мақалаларыммен республикаға танылдым. Кітаптарым жарық көрді. Отбасында адамдар бір-бірімен жараспаса, бірін-бірі қолдап, көмектеспесе мен 57 жыл ұстаздық етпеген болар едім. Жай мұғалім болған жоқпын. Сол кездегі «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» сынды газеттердің бәрінде мақалам басылды.
«Бастықтың әйелімін деп, сабақтан қалып қойма, директордан сұранба, менің беделіммен емес, өз беделіңмен жүр» деп отыратын. Неге солай ескерте бергенін, Кәкеңнің көрегенділігін ол өмірден озғанда түсіндім ғой.
– Көзкөргендер Қазыбаевтың жиырма жыл бойы үлкен лауазымды қызметтерді атқарса да, адамдардың тағдырына аса жауапкершілікпен қарағанын, кісілігі мен мейірімін жоғалтпай өткенін жазып жүр ғой...
– Кәкеңнің адамгершілігі мен әділдігі өз отбасынан басталушы еді. Қызымыз Нәргүл Қазақ сәулет және құрылыс институтына құжат тапсыратын кезде, сол кездегі әйгілі суретші Молдахмет Кенбаевты үйге шақыртып, адамдардың кескінін салғызып, қабілетін сынатқаны бар. Шынында да қызы сол институтқа түсті. Онда Кәкең ҚазТАГ-тың басшысы, Жоғарғы Кеңестің депутаты болатын.
Мен Нәргүлді алып, институтқа бірінші емтиханын тапсыруға кеттік. Түс қайта бес алдық деп қуана сүйінші сұрадық. Осы кезде үйде отырған Кәкең «Нәтәйім» деген эссе жазыпты. Қызымыздың қалай дүниеге келгенінен бастап, жөргек иісі, өскені, бірге шығарма жазғаны туралы баяндай келе: «Бүгін Нәтәйім институтқа емтихан тапсыруға кетті...» дейді. Балам қатал мұғалімнің кәріне ұшырап, нашар баға алып, жылап жүрмесе екен, деген қорқынышы да болған. Институт басшысына бір қоңырау шалуға Кәкеңнің лауазымы да, беделі де жететін еді.
Нәргүл мектепте бір сабақтан, тек физикадан ғана 4 деген бағаға бітірді. Мектепте жиналыс болып, ата-аналар жақсы оқитын оқушы жалғыз 4-пен Алтын медальдан қағылып отыр, деп шулап, «оқушының бағын байлап отырған» физика пәні мұғаліміне ұрсып, «Сіз не деген әкесіз?» дегенде, Кәкең: «Мен баламмен сөйлестім. Қызым физикадан 4-ке ғана білемін деп отыр. Бізге өтірік 5-тің керегі жоқ», дегені бар.
– Бірақ өз ұлы қағажу мен әділетсіздік көргенде араласуға мәжбүр болған жоқ па?
– Қазақтың алтын қолды хирургы болған марқұм Нұртасымыз мектеп бітіргенде Мәскеуде ғарышқа байланысты екінші медициналық институт ашылып, соған Қазақстаннан бес бала сұратты. Бес баланың бірі болып Нұртас кетті. Ол институтта оқу шынында да қиын болды. Алтын медальға бітіріп кеткен баланың бәрі бірінші семестрден кейін оқудан шығып қалды. Біздің баламыз екі 4-пен кеткен. Нұртас бірінші курсты 3-ке бітірді. Бірақ қанша оқып, қаншама жерден дайындалып барса да оқытушылар 3 деген бағадан артық қоймайды. Нұртас талантты еді. Бірінші курсты бітіріп келген соң, әкесімен сөйлеседі. Баламыздың айтуынша, ондағылар қазақтарға космостық медицина ілімдерінің құпиясын қимаған...
Екінші курсқа барғанда сол жағдай қайталана берді. Әкесі іссапармен Мәскеуге жиі баратын. Содан Кәкең институт ректорына барып: «Қазақстаннан бес студент сұрадыңыздар. Бәрі таңдаулы балалар болатын. Ал өз баламның қабілетін білемін. Бұл қалай болғаны? Мен баламның жігерін құм қылмаймын, шығарып алып кетемін», дейді. Ректор алып кетпеуге кеңес береді. «Жоқ, баламның сағын сындырмаймын, өз елінде оқысын» деп алып келді.
Нұртас Алматыдағы медициналық университетті үздік бітіріп, ординатураны Мәскеуде оқыды. Еліміздің мықты хирургына айналды. Өмірден ерте кетті.
– Бауыржан Момышұлының «қара баласы» атанған Кәкімжан ағамызға батырдан жұққан қасиеті болар, қарапайым адамдарға көп шарапаты тигені, журналистикадағы даралығы жиі айтылады.
– Кәкең әділетсіздікке шыдай алмаушы еді. Оқудан шығып қалған, қызметтен орынсыз қудаланған, қиянат көрген кезімізде Кәкімжан аға қамқор болып еді деп, кейін Кәкең өмірден кеткен соң да талай адам келді ғой.
Кәкең өмірден өтіп, Жазушылар одағында қаралы жиын болып жатты. Денесін әкетіп бара жатқанда біреу аяғымнан құшақтап, ішіме басын қойып жылап отыр, жіберетін түрі жоқ. «Қарағым, айналайын жіберші. Жіберші, мені неге жібермейді, мынау» деймін.
Кейін білуімше, бұл әйел шешесімен, бір қызымен тұрады екен. Бірде басшысы сөзге еріп, жұмыстан шығарып жіберіп, далада қалады. Сол қиянаттан кейін Кәкеңе араша сұрап келген ғой. Соның нәтижесінде қызметіне қайта оралған Кенжеғаным екен.
Қазақ радиосының бас редакторлығынан жазықсыз қуылып, ісі сотқа берілген Таңатқан Рысаев «Кәкеңнің кабинетінен төбем көкке жеткендей, арқаланып шықтым. Кәкең ол кезде Орталық Комитетте нұсқаушы еді. Ол кісі бәрін тыңдап болып, жағдайдың бәрін тексертіп, мені соттан ғана арашалап қалмай, қызметіме қайта оралуыма ықпал етті. Әділдік орнатып, мені Ұзақ Бағаевтың қарамағына қызметке орналастырды. Тиісті адамдар жазасын алды. Талай батыл басшыларды білуші едім, бірақ шаруаңды тап бұлайша қолма-қол шешіп берген адамды бірінші рет көруім»деп жазады.
Иә, Кәкең нағыз журналист еді. Университеттің үшінші курсында-ақ «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасқан. Ол кезде үлкен басылымда жұмыс істемек тұрмақ, газеттен аты-жөніңді көру көптеген жастар үшін арман.
Кәкең «Журналиске барлаушыға тән тапқырлық, ғалымға тән – тереңдік, білгірлік, күрескерге тән – табандылық, істі ақырына дейін апара білетін алғырлық, батылдық керек». «Журналист халықтың ойын, сөзін жеткізеді. Сондықтан халықтың адамы. Жақсы журналистің сөзі – мың күндік, әлсіз журналистің сөзі – бір күндік» дейді.
«Слушай, бәйбіше, мен өз мамандығымды жақсы көрем, байқайсың ба?» дейтін. «Байқаймын ғой, Кәке, күндіз-түні жазумен отырасың ғой» деуші едім. Көп жазатын, өнімді жазатын.
Әріптестері Кәкеңнің «қолжазбасында шимай-шатпақ бола бермейтін, ой ырқына ерік беріп, қиналмай, еркін де жеңіл жазатын, сондықтан да қолжазбалары оқуға да оңай, таза» деп жазады. Жиырма жылдай жоғары басшылық қызметте істегенімен, қаламы қаз-қалпында қалды.
29 жасында Алматы облыстық «Жетісу» газетінің орынбасары болып барды. 50-60 жастағы адамдар жұмыс істейді. Олардың біразы аудандық партия комитеттерінде жұмыс істеп, газетке ауысқандар екен. Өздері сықиып жүреді, бірақ мақала жаза алмайды. Сол кісілердің атынан үйге әкеліп, мақалалар жазып жүргенін талай көрдім. Жастарға деген ықыласы ерекше еді, оларды іссапарға жіберіп, жазғандарын түзеп, баулып отырды. Кейін ұжым Кәкеңді өте жақсы көріп кетті. Оны кейін Сарбас Ақтаев та естеліктерінде айтып жүр.
– Кәкімжан Қазыбаев ҚазТАГ-ты одақтас республикаларға танытты ғой?
– Кейіннен осы салада басшылық қызмет атқарған Амангелді Ахметәлімов: «Кәкең ауызға ілінбеген, көзге көрінбеген ҚазТАГ-ты одаққа танытты. Ең алдымен, белгілі аудармашы жазғыш журналистерді ҚазТАГ-қа топтастырды. Мекемені шетелдік телетайп машинасымен жабдықтады. Қызметкерлер жалақысын УкраинТАГ-тың дәрежесіне жеткізді.
Түнгі кезекте істейтіндер транспорттың тоқтап қалуына байланысты кеңседе қонып қалатын. Кәкең оларды кезекші машинамен үйлеріне жеткізді. 15 жыл істеп пәтер ала алмай жүргендерді үйлі етті. Сол кездің өзінде ҚазТАГ-тың жүйесін демократияландырды. Қызметкерлермен ақылдасу, пікірімен санасу, жастарды қанаттандырып отыру Кәкеңнің дағдылы ісі» деп К.Қазыбаевтың тынбай ізденгіш, жаңалыққа талпынғыш, өмір тынысын дер кезінде түсінетін ерекше қасиетін тап басып көрсетеді.
Кәкеңнің еңбегі жеміссіз болған жоқ. Бірнеше республикалық агенттіктердің ішінде ҚазТАГ талай рет Одақтың сыйлығына ие болды. Өзі де осы агенттіктен шыққан бірінші Жоғарғы Кеңес депутаты болды. Республика басшылары ҚазТАГ-пен санасып, оның жұмысына мән беріп, назар аударып отырды.
– Ақындар айтысының күшейген, «Тамашаның» төрге шыққан кезі Кәкімжан Қазыбаевтың хатшылық қызметімен тұспа-тұс келеді. Бірақ осы еңбегі тиісті бағасын алмай жүрген секілді көрінеді?
– Кәкең 1982 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалып, қазақ телевизиясын ұлттық бағытта құрылымдауға мән берді. Бұл жылдар туралы Камал Смайылов: «Біраз істер атқарылды. «Тамашаны» сарай сахнасына шығардық. «Айтысты», «Термені» тауып, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген 40 сериялы фильмді қойдық. Кейбіреулер қарсы болғанда, Кәкең қолдап шыққан», – дейді.
Шын мәнінде айтыс өнерінің бағы ашылған кезі еді бұл. Біз айтысты көріп, көрерменнің қуанышын жеткізе алмай отырғанымызда: «Сендер қуана беріңдер, ал менің жүрегім тілім-тілім ғой» деп қалатын.
Бірде Мәскеуден бастығы М.Зимянин хабарласып: «Дворецтеріңде ұлттық киім киген әйел мен ер адам домбырамен ән айтып, халықты күлдіреді екен. Не айтып жатырсыңдар? Сендер кімді сынап жатырсыңдар?» деп сұрайды.
«Иә, Михаил Васильевич, айтыс өтіп жатыр. Бұл қазақтың ертеден келе жатқан өнері. Ақындар айтысар алдында елді аралайды. Облыс пен облыс ақындары айтысады. Сонда әр аймақтағы жол, су және артта қалып жатқан өңірлер сыналады. Осы арқылы жағдай түзеледі, халық соған күледі», деп айтамын-ау. Бірақ олар осылардың бәрінен ұлтшылдықтың сарынын іздейді», деп қиналатын.
– Кәкімжан Қазыбайұлы бар болғаны төрт жыл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болса да еліміздің екі бірдей талантын төрге шығарып, КСРО халық әртісі атағын алып берген екен.
– Бұл мәселе оған дейін де айтылып жүрсе де, іске аспай келген. Дінмұхаммед Қонаевтың тікелей қолдауымен Кәкең «Отырар сазы» оркестріндегілердің санын көбейтіп, 13 адамнан 30 адамға жеткізді. Ал қазір «Отырар сазының» құрамында 67 өнерпаз бар. Сонымен Н.Тілендиевке КСРО халық әртісі атағын алып беру керек болды.
Демалыста жүрсе де тыным жоқ, Орталықтағы басшысы М.Зимянинге хабарласады. Оның да әлі келмейтін адамы бар екен. Ол – КСРО Композиторлар одағының басшысы Тихон Хренников. Сол Тихон Николаевичті Алматыға шақырту керек болды. Бір топ әртістермен Т.Хренников Қазақстанға келді. Опера театрына Мәскеуден Т.Хренников бастаған делегация кіріп келгенде әдейілеп ұйымдастырған Н.Тілендиевтің шығармасы ойнап тұрады.
– «Мынау, керемет құбылыс қой!», дейді Бүкілодақтық Композиторлар одағының басшысы. Кейін ол залға отырған соң, бұл музыканың авторы қашан, қай заманда өмір сүргенін сұрағанда, авторы әне дирижер болып тұр дейді Кәкең. Міне, Т.Хренниковке Нұрғиса Тілендиевті осылай таныстырады.
Осыдан кейін Шамғон Қажығалиев КСРО халық әртісі атағын алды. Ол да өз заманасының мықты дирижері болды.
– Ал Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығын Мәскеудегі Ұлттық ғылым академиясында өткізуге қалай қол жеткізді?
– Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына орай, КСРО Ғылым академиясы Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Бұл конференцияны Одақ деңгейінде ұйымдастырған Кәкімжан Қазыбаев еді. Көршілес республикалардан жетекші шығыстанушы ғалымдар, тарихшылар қатысады. Кәкең кіріспе сөз сөйлейді.
Осы шараға орай, «Орта Азиядағы орта ғасырлардағы мәдени, тарихи процесстер» атты халықаралық конференцияның дөңгелек үстеліне Түркия, ГДР, Иран, Венгрия, Үндістан, Моңғолия, Пәкістанның шығыстанушы ғалымдары келді. Алайда жұрт сүйсінген, рухани азық болған кеш Мәскеудегі жоғары басшылыққа ұнамаған. Бұл шаралар ұлтшылдықтың сарыны сынды қабылданады.
– Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы шығуы ол кісінің қызмет жолындағы баспалдақтарын қиғаны ақиқат па?
– Шоқанның тойынан кейін Кәкең Мәскеуге шұғыл жиналысқа кетті. Мәскеуде жасаған баяндамасының сыртында «Вступления секретаря ЦК Компартии Казахстана тов. Казыбаева К.К на совещании по вопросу работы среди немецкого населения страны, проведенной ЦК КПСС у тов. Зимянина М.В 2 декабря 1985 года» делінген. Бұл жиында Қазақстан атынан барған Кәкімжан Қазыбаев халықтың келісімінсіз автономия құруға қарсы шығады. «Егер неміс автономиясы керек десеңіздер, онда бүкілхалықтық референдум өткізу керек», дейді. Баяндамадан үзінді.
«Біз Қазақстан немістері тамырымызды тереңге жібердік. Өте жақсы тұрамыз. Ұрпағымыз осы жерде туды, өсті. Сөзбе сөз айтқанда, «и нам не нужна автономия только ради автономии» дейді жергілікті немістер. Осы пікірді көпшілігі қолдайды.
Оның алдында жоғары биліктегілер «Алматыда қазақ студенттері, қазақ ректорлары көп екен» дегенде, Кәкең: «Қазақ студенттері Алматыдан басқа қайда барады?! Ал қазақ ректорлары маған дейін тағайындалған, менен кейін де болады. Өйткені бұл – Қазақстан» деген.
Сонымен Мәскеуден келген күні, яғни 3 желтоқсанда ҚКП ОК бюросында Кәкең қызметінен алынды. Онда идеология саласында кемшіліктер болды делінген.
Жағдай белгілі болғаннан кейін, жиналыс соңында Кәкең: «Мен үлкен мектептен өттім. Сол үшін Димекеңе, сіздерге үлкен рахмет. Отбасымызбен өз абыройымыз үшін, өз арымыздың алдында күрескен адамдармыз. Бірақ ҚазТАГ-қа қайта бармаймын. Онда отырған Жұмағали Ысмағұловтың жазығы жоқ. Басқа жұмыс тауып беріңіздер» деген.
– Есесіне, Қазыбаевтың жоғарғы қызметтен қол үзуі ашаршылық туралы Кеңес Одағы ыдырамай тұрып жазылған алғашқы «Сұрапыл» романын дүниеге әкелген жоқ па?
– 1986 жылдан бастап «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметін өмірінің соңғы күніне дейін атқарды.
Кәкең «Сұрапыл» романына көп ізденді. Алты айдың ішінде бітірді. Оны кейін он күн отырып, «Қара сел» пьесасына айналдырды. Роман біткенше маған оқытқан жоқ. Жазып біткеннен кейін өзі әуезді даусымен оқып берді. Мен төбе құйқам шымырлап, жылап отырдым... Осы романнан кейін Кәкең: «Өзімнің де жүрегім кетіп қалды...», деді. «Сұрапыл» романын жазушы шығармасының биік шыңы деуге болады. Романын баспаға тапсырды.
Қолы босағаннан кейін Кәкең туған жеріне барды. Елден келген соң, сол жылы Горбачев халықтық дипломатия керек деген бағдарлама жасап, шетелдік коммунистермен сөйлесу керек деп, Францияға құрамында 8 адамы бар делегация жіберді. Осы сапардан келісімен жүрек талмасынан 21 қазанда өмірден өтті. Бауыржан, Рақымжан туралы «Ақ алмасым» деген роман жазамын деген арманы өзімен бірге мәңгілікке кетті. Кәкеңсіз 30 жыл өмір сүріп жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ