Соңғы 3 жылда елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 1,1 есеге төмендеді. Сөйтіп бұл аурудың қаупі азайды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, елімізде көптеген инфекциялық аурулар бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалады.
«Республика халқының арасында 2019 жылдың 9 айында адам үшін аса қауіпті саналатын оба, дифтерия, полиомиелит, трихинеллез, висцералды лейшманиоз секілді 9 дертпен сырқаттану жағдайлары тіркелген жоқ. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 нозология бойынша сырқаттану көрсеткіші, оның ішінде А вирустық гепатиті 2,1 есе, менингокококк инфекциясы 41,3%, жіті вирустық гепатит 49,61%, энтеробиоз 29,8%, сальмонеллез 22%, тұмау 12,5%, ЖРВИ 9,4%, тыныс алу ағзаларының туберкулезі 8,5%, эпидемиялық паротит 8%-ға төмендеді», деді Ж.Бекшин.
Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша көптеген дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігі 79,5%-ды құрады және әлемдегі ең үздіктердің бірі болып табылды. Қазақстанда көптеген дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастардың саны жыл сайын азайып келеді. Соңғы 5 жылда 2013 жылғы 10455-тен 2018 жылы 7282-ге дейін, яғни 30%-ға азайды.
Туберкулезді ерте анықтау мақсатында Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қазіргі заманғы әдістер енгізілді. Осы ретте атап өтерлік жай, тәуелсіз Қазақстан өз тарихында бірінші рет эпидемиялық қауіпті аймақтан шықты.
Дегенмен, қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайда алаңдатарлық оқиғалар бар екендігін айта кеткен жөн. Сондықтан Ж.Бекшин бұл мәселеге барынша екпін түсіре сөйледі.
Осыған орай қабылданған шаралар нәтижесінде сырқаттанушылықтың төмендеу үрдісі байқалды. Мәселен, қыркүйек айында республика бойынша қызылшамен сырқаттану наурыз айымен салыстырғанда 6,7 есе төмендеді.
Бүгінде қызылшамен сырқаттанудың 10 896 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көбіне егілмеген балалар арасында тіркеледі, олар сырқаттанушылықтың 60,4%-ын құрады.
Қызылшамен ауыру республиканың барлық аймағында тіркелді. Ең көп сырқаттану Нұр-Сұлтан қаласында орын алды, мұнда 3 мыңнан астам адам ауырды. Мыңнан астам жағдай Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында тіркелді.
Биыл еліміз бойынша қызылшадан 19 адам қайтыс болса, оның 17-сі – бала. Бұл балалар қызылшаға қарсы егу шараларынан өтпеген. Ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде, 18 мыңнан астам адам егілді.
Қызылшаға қарсы вакцинация былтырғы сәуір айынан басталған болатын. Алайда көптеген адамдар бұл мәселеге салғырт қарауда. Ауырғандардың 60%-ын вакцинациядан өтпеген адамдардың құрағаны соның нақты көрінісі.
Сондай-ақ ауырғандардың елеулі бөлігін вакцинациялауға жасы жетпеген нәрестелер құрауда. Қызылшаға қарсы егу сәбидің 9-10 айлық кезінен бастап жүргізіле бастайды. Бұл мәселе бойынша ата-аналардың ектіруден бас тартуы немесе салғырттығы жиі кездеседі. Міне, осының салдарынан 1400 нәресте ауырған. Мұндай жағдай қызылшаның өршуінің басты себебі.
Ж.Бекшин қызылшамен күрес әлем бойынша жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, Еуропаның өзінде 130 мың адам осы науқасқа шалдығып, 70-тен астамы қайтыс болған. Сондықтан Франция, Италия секілді елдерде адамдарға ектіруді міндеттейтін заңдар қабылданған. Кейбір елдерде, соның ішінде АҚШ-та вакцинациядан өтпеген балалар мен жастар мектептер мен институттарға жіберілмейді. Тіпті кейбір елдерде шарадан бас тартқаны үшін ата-аналарды түрмеге отырғызу жағдайы да кездеседі. Елімізде қызылшадан 19 адамның қайтыс болу оқиғасы бұл мәселе бойынша ата-аналар мен қоғамның жауапкершілігі төмендегендігін көрсетеді. Кеңес заманында мұндай жағдайға жол берілмейтін.
Ж.Бекшин күннің суытуына орай тұмауға ұқсайтын вирустық аурулардың бас көтеруі мүмкін екендігін ескертті. ЖРВИ бойынша 2019 жылы бюджет қаражаты есебінен 1 млрд 600 млн теңгеден астам сомаға Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,8 млн дозасы сатып алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың дозаға артық. Вакцина құрамында алдағы маусымның тұмау штамдары бар.
Қазір республика бойынша 590 621 адам тұмауға қарсы егілді. Вакцинадан кейінгі асқынулар анықталған жоқ.