• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2019

Көмір бағасы көңілге қонымды ма?

429 рет
көрсетілді

Қылышын сүйретіп қыс мезгілі де жақындап келеді. Негізінен Жамбыл өңірінде қыс қатты болмағанымен, әр мезгілдің өзіне тән ерекшелігі мен жауапкершілігі болатынын ұмытуға болмас. Бұл ретте әсіресе күз мезгілінде артылар жауапкершілік мол.

«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, тұрғындар үшін қыс мезгіліне мардымды дайындық керек-ақ. Әсіресе облыс орталығынан шалғай ауылдардағы, сонымен қатар бүгінге дейін көгілдір отын әлі де жете қоймаған елді мекендердегі дайындықтың жайы ойлантпай қоймайды. Қыстың қысылтаяң шағына тап болмас үшін де осы бас­тан дайындықтың күшейтілгені жөн.

Жалпы, Жамбыл өңірі жылыту маусымына дайын. Дей тұрғанмен, әлі де от жағатын ауылды жерлердегі тұрғындар үшін көмір бағасының тұрақтылығы аса маңызды. Шыны керек, қыс мезгілі жақындағанда тұрғындарды ойлантатын мәселе де осы. Әрине, тұрғындарға қыстан қысылмай шығу үшін қажетті көмір өңірге дер кезінде жеткізілсе, одан кейін оның бағасы тұрақтылығын сақтаса, барлық мәселе де оңынан шешіледі. Алайда бүгінгі таңда көмір тасымалдаумен тек жеке кәсіпкерлер айналысатын болғандықтан, оның бағасы да күн суытқан сайын құбылып тұрады. Мәселен, алдағы 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына өңір тұрғындары үшін 254,6 мың тонна көмір қажет екен. Мәлімет бойынша, бүгінде тұрғындар үшін тиісті қатты отынның 168,3 тоннасы немесе 66,2 пайызы тасымалданған. Облысқа көмір тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар бюджеттік мекемелер де жылыту маусымына қажетті 66,4 мың тонна көмірмен толықтай қамтамасыз етілген. Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жылу энергетикасы бөлімінің бас маманы Рауан Байдалиев қазір көмір қоры жеткілікті екенін айтты. Алайда қаһарлы қыс қыр астында тұрса да тұрғындар сол көмірді сатып алуға асықпай отыр екен. Күннің қабағы күрт бұзылғанда ғана керек көмір қазір қоймаларда тау-тау болып үйіліп жатыр.

«Тараз қаласы мен облыс аумағында көмірді жеткізу және таратумен 30 жеке компания айналысады. Өңірде көмірге аса тапшылық жоқ. Дегенмен, сұраныс та аз. Қыс мезгілінде тұрғындар тығырыққа тірелмес үшін облыс әкімінің тапсырмасына орай көмір бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде», дейді Рауан Байдалиев. Бүгінгі таңда «Құрбанов», «Иманалиев», «Сайдулаев», «Жаңа Тараз», «Әлімбеков», «Самандар», «Отын-М», «Казугольснаб», «Садықов», «Шахбоз» сияқты барлығы 10 жеке кәсіпкерлік серіктестігі өңір тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуде. Әзірге көмірдің фракциясына қарай оның бағасы да 11-14 мың теңге аралығында тұрақтап тұр. Мәселен, «Шұбаркөл» көмірі 10500-14000 теңге аралығында болса, ал «Қаражыра» көмірі 9000-13500 теңге аралығында сатылуда. Ал күн аяқ астынан күрт суытып кетсе, бәлкім бағасының өсуі де ықтимал.

Басқарманың мәліметінше, облыс тұрғындары үшін өңірдегі қоймаларда көмір қоры жеткілікті. Мәселен, «Иманалиев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медеу Иманалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда қоймада 500 тоннаға жуық «Қаражыра» көмірі бар екен. Яғни өңір тұрғындарына көмір жетеді деген сөз. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі кезде көмір 13-15 мың теңге аралығында сатылуда. Бірақ олар алдағы уақыттарда көмір бағасының қандай болатынын айту қиын деп отыр. Егер көмірді тасымалдау құны мен жарық мәселесі кедергі келтірмесе, онда көмір бағасы да өспейді. Сонымен қатар жыл сайын көмір ұрлаушылар да баға тұрақтылығына кері әсерін тигізеді екен. Дей тұрғанмен, облыста бүгінгі басты мәселе – көмір бағасын тұрақтандыру.

«Қамданған қапы қалмайды» дейді. Расында да ертеңге бүгін қамданбасақ, онда мәселенің де шешімін табуы қиындай түседі. Сондықтан да арқаны кеңге салғаннан гөрі нақты әрекетке көшкеннің ешқандай да сөкеттігі жоқ. Әдетте қысы қатал болмайтын өңірде биылғы қыс өзгеше болады деген де сөз бар. Бірақ жергілікті билік тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтып отыр.

 

Жамбыл облысы