• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Қазан, 2019

Инсультке иілмеудің жолдарын қарастырады

330 рет
көрсетілді

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында 29 қазанда атап өтілетін Дүниежүзілік инсультпен күрес күні аясында Ұлттық нейро­хирургия орталығының республикалық инсульт мәсе­ле­лері жөніндегі үйлестіру орталығы және ДДҰ елдік кең­се­сінің ұйымдастыруымен «Инсульттан сақтану жолдары» тақырыбындағы ашық конференция өтті. Конференция жұмысына еліміздің медицина қызметкерлерімен қатар денсаулық сақтау саласының әлеуметтік қызметкерлері, нейрохирургия орталығының емделушілері, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары қатысты. Конференция спикерлері ретінде «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Мағрипа Ембер­генова, ДДҰ Қазақстандағы тұрақты өкілі, доктор Олег Чест­нов сөз сөйледі.

 

Конференция басталғанға дейін нейрохирургия орта­лы­ғының дәрігерлері барлық тілек білдірушілерге кеңес берді, қан қысымын өлшеді, дене мас­са­сы­ның индексін есеп­те­ді, инсульт қау­пінің жеке есептеулерін жүр­гіз­ді. Акцияға 120-дан астам адам қатысып, Ұлттық нейрохирургия орталығының жоғары дәрежелі мамандарына жеке денсаулық жағдайын тексерту мүмкіндігіне ие болды.

Жүрек-қан тамырларының ау­ру­лары (ЖҚА) әлемде адам өлімінің негізгі себебі бо­лып отыр. ДДҰ ұсынған ақ­па­­ратқа сәйкес, 2016 жылы бұл сырқаттан 17,9 миллион адам қайтыс болды, яғни дүние жүзінде сол жылы қайтыс болған адам санының 31%-ын құрады. Осы адамдардың 85%-ы жүрек ұстамасы мен инсульт зардабынан қайтыс болған. Аурулардың басым көпшілігі табыс деңгейі төмен және орташа елдерде тіркелген: ЖҚА-дан қайтыс болған ерлер мен әйелдердің 80%-ы осы санаттағы елдердің тұрғындары. Бір үміттендіретіні – жүрек ұстамасы мен инсульттың 80%-ның алдын алуға болады. Негізгі профилактикалық шараларға, дұрыс тамақтану, күнделікті дене шынықтырумен айналысу, темекі өнімдері мен алкогольді ша­маға сай тұтыну жатады. ЖҚА асқындырмау үшін қан қысы­мын, холестерин деңгейін тұрақты өлшеп тұрған жөн.

Ұлттық нейрохирургия орта­­лығының басшысы Серік Ақшолақов: «Бүкіл әлемде ЖҚА қаупі күн санап артып келе жатқандықтан, халыққа қауіп факторлары туралы кеңі­нен насихаттауды және бар­лық деңгейлерде адрестік-бағ­дар­ланған әрі белсенді әрекет ету шараларын қабылдауды арттыру қажеттілігі де артып отыр. Саламатты өмір сал­тын насихаттау ұлттық дең­гей­де қазіргі заманғы тиімді әдіс­тер­мен тұрақты түрде жүр­гізіл­уі тиіс. Өйткені бұл ғы­лы­ми дәлел­ден­ген факт. Елі­міз­дің жалпы популяция­сында халықтың ауру­шаң­дығы мен өлім-жітімінің төмен­деу нәтижесін саламатты өмір салтын насихаттау жөніндегі тиімді жұмыс үздіксіз бес жыл бойы жүргізілген соң ғана күтуге болады», деді.

Яғни, бұл Қазақстанда да белең алып отырған ахуал. Республикада жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алып, оның 5 мыңға жуы­ғы алғашқы 10 күн ішінде қайтыс болады. Осы ретте, жы­нысы мен жасына қарай құры­лымның талдауы барлық сыр­қаттардың 53%-ын ерлер, 47%-ын әйелдер құрайтынын көрсетті. Оның ішінде 41-ден бастап 60-қа дейінгі жас тобында сырқаттанудың ең жоғарғы көрсеткіші – 37%, одан кейінгі 61-ден 70-ке дейінгі жас тобы – 31%, 71 жастан бастап одан жоғары жас тобы – 28%, ал 16 мен 40 жас аралығы – 4% көрсеткішке ие болды. Осылайша ең әлеуметтік-белсенді және еңбекке қабілетті жастағы науқастар 68%-ды құрайды.

Денсаулық сақтау министр­лі­гі Медициналық көмекті ұйым­дастыру департа­мен­тінің директоры Мағрипа Ембер­ге­нованың айтуынша, қан айналымы жүйесінің аурулары өлімнің жетекші себептерінің қатарына ғана емес, сонымен қатар халықтың медициналық көмекке жүгінуінің және ауру­ха­наға жатқызудың ең жиі се­беп­тері болып саналады.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мем­ле­кет­тік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өңірлерде елдегі өлім-жітімнің және басқа да терапевтік аурулардың негізгі себептерінің бірі болып табылатын жүрек-қан тамырлары ауруы бар пациенттерге алдын алу, емдеу, диагностикалау және медициналық оңалтудың тиімді әдістері табысты енгізілді.

Интеграцияланған модель­дер­ді енгізу мақсатында Ден­саулық сақтау министрлігі жанынан босану және бала туу қызметінің тиімділігін арттыру, асқынған миокард инфаркты кезінде медициналық көмек көрсету және асқынған инсульт­тарды басқару, онкологиялық ауруларды басқару, жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсету жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда өткір инсульттарды басқарудың интеграцияланған моделін енгізу бойынша Жол картасын бекіту қажеттілігі туралы стратегиялық маңызды шешім қабылдады. Елімізде ЖҚА-ның даму қаупінің негізгі факторлары темекіні, алкогольді және тұзды шамадан тыс пайдалану, дене белсенділігінің төмен деңгейі, сондай-ақ халық арасында холестериннің жалпы деңгейінің жоғарылауы және артериялық қысым­ның жоғарылауы сияқ­ты метаболикалық қауіп фак­тор­ларының таралуы болып отыр. ДДҰ деректері бойынша Қазақстандағы мерзімінен бұрын өлім-жітім деңгейіне әсер ететін инфекциялық емес аурулардың көрсеткіші ДДҰ Еуропа аума­ғын­­дағы елдер арасында ең жоғарғы көр­сет­кіш­ке ие. Елдегі негізгі төрт инфекциялық емес аурудан (жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, обыр және созылмалы респираторлық аурулардан) болатын өлімнің жасқа байланысты стандартталған ерте өлім-жітім коэффициенті 2015 жылы 100 мың адамға шаққанда 486 адамды құрады. Ал ДДҰ Еуропалық аймағы бойынша орташа коэффициент – 100 мың адамға шаққанда 380 адам. 2015 жылы адамның өмірге келген соң күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрады (ерлер үшін 67,5 және әйелдер үшін 76,4), бұл Еуропалық аймақ бойынша 77,9 жылдың орташа көрсеткішінен алты жылға аз.

ЖҚА-дан және басқа да жұқпалы емес аурулардан мез­гіл­сіз өлім жағдайларын бол­дырмау барлық тартылған та­раптардың ұлттық және жа­һан­дық деңгейде бірлесіп күш-қимыл жасауын талап етеді. «75 жасқа дейінгі халықтың өлім-жітімін болдырмау көбінесе инсультке қарсы жүргізілген нәтижелі күреске байланысты болады. БҰҰ-ның 2015-2030 жылдарға арналған тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін ДДҰ-ға қатысушы елдер, оның ішінде Қазақстан да 2030 жылға дейін өлім-жітімді 30%-ға азайту міндеттемесін алатыны туралы мәлімдеген. ДДҰ Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым ба­ғыт­­тарының бірі ретінде инсульт ауруларын анықтауды қолдайды және қазақстандық серік­тестерге барынша қол­дау көрсете отырып, осы сала­да­ғы жұмысты жандандыру қажет деп санайды», деді ДДҰ-ның Қазақстандағы өкіл­дігінің басшысы, доктор Олег Честнов. Конференция кезінде ДДҰ Қазақстандағы өкіл­дігі мен Ұлттық нейрохирур­гия орталығы арасында «Ниеттестік туралы меморандумға» қол қойылуы аталған ынтымақ­тас­тық­тың маңызды қадамдарының бірі болды. Бұл құжатта ин­сульт­­тің алдын алу және емдеу, сондай-ақ денсаулық сақтау сала­сындағы басқа да мәселелер бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу көзделген.