Күз түсісімен-ақ исі қазақ қыстық соғымын қамдай бастайды. Жағдайы жеткендер ту бие немесе ақта атты құнарлы азықпен жемдеп, қарашадан қалдырмай жығады. Ал құмды өлкедегілер түйенің етін хош көреді. Сары майдай сақталған өркеш жел-құзға ем, құнарлы азық. Енді бұған шамасы келмегендер өгіз немесе тайынша таңдамақ. Екі-үш семіз қойды үйітіп алатындар да бар. Қойдың үйітілген еті дәмді де құнарлы.
Ұлы Абай атамыз айтпақшы, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей...». Қас қылғанда енді еттің оңайлықпен табылмайтын түрі бар. Көжесіне қатық таппай отырған жарлы-жақыбайлар шетелдерден келетін сырты жылтыр, сапасы күмәнді тауық етін қанағат тұтады. Олар түгілі орта деңгейлі шаруалардың өздері етті үнемдеп тұтынудан басқа шара таппай отыр. Неге?
Мұның жауабын мал өнімдерінің күннен-күнге қымбаттап бара жатқанынан табасыз. Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында қой етінің бағасы 12,7 пайызға, сиыр еті – 12,6, жылқы етінің бағасы 7,5 пайызға көтеріліпті. Консервіленген сүт – 9,2, сары май 7,6 пайызға қымбаттаған.
Былай қарасаңыз, еттің бағасы мұншалықты қымбаттап кетуіне себеп жоқ сияқты. Мәселен, Түркістан облысында мал өсімі республика бойынша алдыңғы лекте. Ет өндіруден де алға озып тұрмыз. Статистикалық дерек көзі облысымызда мал саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтып қуантады. Қазір облыста уақ мал 6 миллионға жетеғабыл. Ірі қара 1 миллионға жуық, жылқы 300 мыңнан асады екен. 28 мың түйе жантақ жеп жүр. Сонда базардағы ет бағасының аспандап шыға келуінің себебі не? Мұны мамандар еттің шетелге шамадан тыс экспортталуынан іздейді. Шаруалар малды жергілікті тұрғындарға саудалағаннан гөрі шетел асырғанды ұтымды санайды. Өйткені олар етті қымбат бағаға алады. Екіншіден, қаржыны алдын ала төлеп қояды. Үшіншіден, көтерме бағасына түгелдей алып кететін көрінеді. Иран, араб мемлекеттеріне ет өнімдерін өткізіп жүрген «Қайып ата» ЖШС басшылары шетелдіктер орта қоңдылықтағы тоқтыларды молынан алады дейді. Демек, бұл серіктестікке пайдалы. Алайда, барлық шетелдік қоңы орташа мал алмайды. Мәселен, Өзбекстан ақпарат құралдарының жазуынша, бұл мемлекет биылғы қаңтар-маусым айларында 72,2 мың ірі қараны сырттан әкелген. Соның 85 пайызы Қазақстанның үлесінде көрінеді. Жарты жылда елге кірген 160 мың қойдың 97 пайызын Қазақстаннан тасымалдадық деп отыр. Былтыр Қазақстан бойынша 16 мың тонна сиыр еті экспортталған екен. Ресей, Беларусь, АҚШ, Бразилия, Уругвай мемлекеттері бізден ет алуға аса ынталы деседі. Ал биыл Қазақстанның шетелдерге импорттаған еті 20-30 мың тонна көлемінде. Міне, осыдан соң елімізде ет бағасы қымбаттамағанда қайтпек? Шымкентте таяуда күніне 3 мың қой, 300 ірі қара етін өңдейтін «ЮКО-ЭКО-ФУД» ЖШС іске қосылды. Бұл ет комбинаты Иран Ислам Республикасымен бірлесіп ашылған. Ал осы мемлекетке жылына 2 миллион 400 тонна ет керек екен. Демек, серіктестік барлық өнімін соларға жіберсе, жергілікті халыққа не қалады деген сауал көкейден кетпейді.
Тап қазір Шымкентте қой етінің килосы 1800 теңге төңірегінде. Сиыр мен жылқы еті 2000-2500 теңгеге көтеріліп кетті. Жылқының семіз еті 3000 теңгеге жуық. Қазы-қарта бағасы да удай. Енді қараңыз, айына 40-50 мың жалақы алатын отбасылардың соғымға қолы жете ме? Әрине, жоқ.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын үнемі алға тартады. Бұл бағытта арнайы бағдарлама да түзілген. Саланың маңызды бағыттарын басымдықпен дамытудың жол картасы да әзір. Бұл жоба Үкіметте қолдауға ие болды. Жаңа жоба Парламент Мәжілісіне таныстырылды. Бұдан былай жеке шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қолға алынбақ. Кооператив мүшелері бұдан былай өнім алушы іздеп әуреленбейді. Қабылдау пунктері үй шаруашылықтарын аралап, арнайы техникамен малды жинап әкетеді. Үкімет тарапынан жасалынып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жылдан-жылға арта түсіп отыр. Десек те, нарықтағы азық-түлік бағаларының күннен-күнге арта түсетіні қалай? Азық-түлік бағаларын төмендетпей-ақ қоялық, алайда бұрынғы қалпында ұстап тұруға болмас па еді? Осы сауал талайларды түн ұйқысынан оятып жүрген сыңайлы. Әлде министрлік келтірген деректерде шикілік бар ма? Жоқ болса, Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары» аты тақырыппен өткен «Үкімет сағатында» Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко министрліктің жауапты қызметкеріне қаратып «ертегі айтпаңдаршы» дер ме еді?
Осы жерде экономика ғылымдарының докторы, ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбековтың дәйегін келтіре кетейік. Ол: «Бүгінде барлық мәселе алыпсатарларға тіреліп тұр. Ал олар қайдан шығып жатыр? Өйткені бізде кооператив негізінде инфрақұрылым жоқ. Енді ірі қараны шекарадан тірідей шығарып сату туралы айтсақ, тағы да алдымыздан алаяқтар шығады. Бүкіл мал, оның еті де сыртқа көбірек кеткен сайын ел ішінде баға тоқтаусыз өсе береді», дейді.
Айталық, базарға малын шығарған шаруа өзі ойлағандай межеге жете алмайды. Неге? Өйткені оның алдынан ала жібін ширатып делдал шығады. Делдалдың айтқаны болады. Олар мұқтаж болып тұрған немесе асыққан адамдардың малын арзанға сатып алып, келесі базарда екі-үш есе бағасына саудалайтынын қазір екінің бірі біледі. Биліктегілердің ендігі бір тыйым салар тұсы осы делдалдар сияқты.
Т.Рақымбеков: «Шаруаны қолға алатын адамның нарық экономикасының заңдылықтарын жақсы білгені жөн. Ауыл шаруашылығына арифметикалық есеп сәйкес келе бермейді. Агросектор экономиканың драйвері, табыс түсіретін сала болсын десек, біз осы бағытта сауатты қадамдар жасауымыз тиіс», дейді.
Күні кеше Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Сенат отырысында сенатор Әли Бектаев депутаттық сауал тастап, малдың шетелдерге тірідей кетіп жатқанын айтып, Үкіметті сынға алды. Сенатордың айтуынша, Қазақстанда малды шетелге сату бойынша күрделі жағдай қалыптасқан. Көрші мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан мемлекетаралық сауда-саттық жөніндегі қарым-қатынастың оңтайлығын пайдалана отырып, Қазақстаннан ірі қара және уақ малды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан шетелдерге 88 мыңға жуық мал шығарыпты. Ал биылғы 9 айда 333 мыңнан астам мал сатылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есеге көп. Мұның ішінде ірі қара 2 есе, уақ мал 7 есе көп сатылыпты. Мұнан соң сенатор Ауыл шаруашылығы министрлігінің шетелдерге шығарылатын малдың аналығын шектеу туралы қабылдаған шешімі жеткіліксіз деп санайды.
Қазір малды шетелге заңсыз шығарып отырған жасырын бекеттер көп. Мұның өзі ішкі нарықтағы таза пайданы сыртқа шашқанмен бірдей. Сондықтан Үкімет кеден, кіріс, тағы басқа да құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын үйлестіретін арнайы нормативтік құжат қабылдауы тиіс. Шаруалардың маңдай терімен өсірген малы жергілікті жерде сойылып, ет комбинаттарына тапсырылғаны жөн. Биыл шетелдерге 4800 тонна ірі қара және уақ малдың еті саудаланыпты. 300 мың мал тірі күйінде жөнелтілген. Осы өнімдерді өзімізде өңдесек, қыруар қаржы қалтамызда қалар еді.
«Қасқыр мен қазақ егіз» деп етқұмарлығымыз туралы әдемі тәмсіл айтып жүргенде қызылсырап қалмайық. Осындайда «енді қазаққа мисуактың қажеті бар ма?» деген сауал ойға оралады. Өкінішті!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
журналист