Қазақ топырағы талантқа кенде емес. Ал есімі елден асып, шартарапты шарлап кеткен шын мәніндегі құбылыс, біртуарлар сирек. Дара даусымен жер-дүниені дүр сілкінткен сондай санаулы таланттың бірі Ерік Құрманғалиев еді.
Өткен жұмада елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада әйгілі опера әншісі, Кеңес Одағының тұңыш контртеноры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Құрманғалиевтің 60 жылдығына орай шығарылған ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің «Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбом дискісінің тұсаукесері өтті.
– Халқымыздан шыққан өнерпаздардың мықтылығы соншалық, скрипканы да, фортепианоны да еуропалықтардан кем орындамайды. Қазақ тіпті вокалдық жағынан әнші халық саналатын италиялықтардың өзінен асып түсті. Оған айқын дәлел – ерек үнді Ерік Құрманғалиев өнері. 1988 жылы Бостонда өткен халықаралық музыка фестивалінде озып шығып, феномен атанған, Гиннестің рекордтар кітабына енген даңқты жерлесіміздің өнері бүгінде аңыз етіп айтылады. Әрине, Кеңес одағында ол «орыс әншісі» боп саналды және Мәскеу үшін үлкен мәртебе болды. Себебі Ерік Құрманғалиевтің дауысындай дауыс әлемде жоқ болған. Сондықтан да ол бағалы. Өнері озық, мәдениеті жоғары дамыған елдер Ерік Құрманғалиевті көкке көтерді. Даңқын аспандатты. Менің бүгінгі тұсауы кесіліп отырған «Феномен Ерік Құрманғалиев» атты кітабымның да негізгі мақсаты осы – талант табиғаты, талант тағдыры, талант трагедиясы, талант және қоғам деген ұғымдарға жауап беру, – деді кітап авторы.
Кітапта әлемдік музыка тарихында есімі алтын әріппен қашалған сирек дауысқа ие қазақ әншісінің өмірі мен шығармашылығынан жан-жақты сыр шертіледі.
Ерік Құрманғалиев – неміс композиторы Альфред Шниттің шығармаларын тұңғыш орындаушылардың бірі. Ресей, Украина, Латвия, Эстония, Литва, Франция, Татарстан, Нидерланды, Бельгия, Мажарстан, Югославия, Грекия сахналарында өнер көрсеткен. Әлемнің көптеген еліндегі ең таңдаулы оркестрлердің сүйемелдеуімен, жоғары дәрежелі дирижерлердің жетекшілігімен Гендель, Бах, Глинка, Вивальди, Пуччини, Франка, Керубини, Мейербер, Дж.Россини, Люцци, Бизе, Верди, Штраус, Шнитке, Шуберт, Чайковский, Рахманинов, Римский-Корсаков және тағы да басқа композиторлардың операларындағы арияларды кемеліне келтіре орындады. Соның ішінде, әсіресе, 1992 жылы америкалық драматург Дэвид Хуангтың «Баттерфляй» операсындағы Сонг Лилинг рөлі өнер әлемінде үлкен сілкініс тудырды. Аталған бейнені шеберлік шыңына шығарған талант әлемнің үздік орындаушыларының қатарына енді.
Әйтсе де, шыңы мен шыңырауының шекарасы бірігіп кеткен өнердің жолы тақтайдай тегіс емес. Теңдессіз даңқпен бірге әнші жолында кезіккен түрлі қиындықтар, торығуға ұласқан шарасыздықтар таланттың нәзік те сезімтал жүрегін аяздай қариды. Салдарынан 2007 жылдың қарашасында ерек үні әлемді елең еткізген ән-ғұмыр небәрі 47 жасында мәңгілік дамыл табады. Ендігі сәтте әншінің екінші өміріне ұласқан өлмейтін өнері даңқ шыңына көтерілді. Оған дәлел – талант табиғатын тануға бағытталып жасалып жатқан іргелі зерттеулер мен әнші әлеміне тағзым етуге жиналған қалың қауымның шексіз сағынышы мен ыстық ықыласы.
Ән-ғұмыр мәңгілік жасайды!