Елдің де, жеке адамның да алға қарағаны, келешекке ұмтылғаны жақсы. Баянды мақсатына түзу жолмен, таза дінмен ұмтылған ұтады, зерделі ұрпағы талпынса жетеді. Бұл – әлімсақтан қалыптасқан қағида. Осы жолда «Барыңды күзет, арыңды күзет, өзіңді күзет», деп жыр жампозы Қадыр Мырза Әлі айтқандай, үшеуін күзеткен адам мұратына жетпей қоймайды.
Ел болғалы бері отыз жылға таяу уақытта тапқанымыз аз емес. Жоғалтқанымыз да бар болуы керек. Бұл екеуі де әсіресе білім саласында тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Әлемдік білім кеңістігіне кіреміз деп кейде оның озығы мен тозығын дер кезінде сарапқа салмай, төте тартқанда жеткенімізбен қатар, барымыздан айырылып қалып жаттық. «Әр сыпырғы әрқалай сыпырады», деп орыс мәтелінде меңзегендей, іс басына келген министрдің біразы өз бағдарламасымен көзге түсуге тырысты. Көп жағдайда оның нәтижесі қалай болады дегенге мән бере қоймады. Мақсаты жұмыс істемепті дегеннен құтылуға сайды. Оның үстіне басшылардың ауысуы да көп жұмыстың аяқсыз қалуына, жүйесіз болуына әсер етті. Сөзіміз жалаң болмасын, білім саласында жиырма сегіз жылда он бес министр келіп, он алтыншы министр тізгінді қолға алды.
Ал оның алдында қаншама реформалар жүргізілді десеңізші. Он-он бес жылға, бес-он жылға арналған бағдарламалар мен тұжырымдамалар жетіп артылады. Базалық оқулық пен балама оқулықты жарыстырып оқуға болады деп еді, әркім әртүрлі оқулықпен оқытып, екі ортада оқушының обалына қалдық. Болсын, болмасын, оқулық жазуға ұмтылғандар көбейді. Тіпті оны бизнеске айналдырғандар да төбе көрсетті. «Бұл болмайды екен» деп балама оқулықты жиып қойдық та базалық оқулықты қалдырдық.
Одан кейін бір ғасырдан аса ұлт ұрпағының сауатын ашып, сапқа қосқан, жүздеген алыптарды қанаттандырған А.Байтұрсынұлы «Әліппесін» құртып, сауатсыз елде өмір сүріп жатқандай күректей «Сауат ашу» кітабын шығарып, ұл мен қыздың қолына ұстаттық. «Бұл қалай? Ілгері басу ма, кейін кету ме?» деп халық қалаулысы Бекболат Тілеуханнан бастап, жұрт шу көтергенде, реформа жасаушылардың айтқан уәжі, өркениетті елде бала-бақшада әріп танып, есеп шығарып мектепке аттай шауып келедіге сайды. Біз де соған жеттік дегендер, балабақшадағы бес-алты жастағы бүлдіршіндерге бірнеше оқулық шығарғандарын алға тартып, сауат ашылғандар «Сауат ашу» кітабын оқитынын дәйектеп бақты. Бірақ олар балабақшасы жоқ ауылдардағы ұл мен қыздың қала баласындай «сайрап» тұрмағанын естен шығарғанын іштей мойындағанымен, сырттай өз дәлелдерін келтіруден тана қоймады.
Ендігі жерде «Әліппенің» де, алты жастан оқытудың да «жолы» болмағанын уақыт көрсетіп, халықтың қалауы алға озды.
Тағы бір жағдай, информатика, физика, химия, биология пәндерін жоғары сыныптарда оқытуды 2019 жылы жүзеге асыру идеясы еді. Оған қоса, Дүниежүзі тарихы пәнін орыс тілінде оқытуды қолға алу көтерілді. Тез арада, үш айда ағылшын тілі мұғалімін даярлап шығамыз деп оған қыруар қаржы бөлінді. Сөйтіп, Отанымыздың ұл-қызы өзге тілде оқуға бет бұрып жатты. Осы жерде «Ешкім де екі қожайынға қызмет ете алмайды» деген жапон жұртының тәмсіліне бағып, әлі де болса іргемізді бекемдей түсейік, өзгеге сіңбейтін ұлттық болмысымызды, тілімізді басқа тілдің қожалығына бермейік, ұрпақ қажетіне қарай танып білсін деген құмыққан үнін ешкім ести қоймады. Қанымызда бар іліп әкету үрдісімен мектепті қойып, балабақшадағы балдырғандар да ағылшын тілін үйреніп жатыр деп жар салғандар төбе көрсетті. Оған қаланы қойып, кейбір ауылдағы ұраншылдар үн қосты. Несін жасырамыз, отандық білім кеңістігі сынақ алаңына айнала берді. Оның зардабын мұғалім, оқушы, ата-ана тартты.
Осы арада үлгі тұтатын кейбір елдердің әдемі дәстүрін еске түсірер болсақ, министрді қойып, оның орынбасары қызметке тағайындаларда үш жылға арналған бағдарламасын талқыға ұсынып, өткен соң қызметке сайланады. Үш жыл мерзім аяқталғанда не бітті, не қалды дегенге есеп береді екен. Бір себептермен жарты жолда қызметтен кетсе, не басқа жерге ауысса, оның орнына келген адам әлгі бағдарламаны жалғап, соңына жеткізіп барып өзінің жобасын ұсынатын көрінеді.
Иә, өткен өтті ғой дейік, бірақ сол өткеннің жақсысын жалғап, кемін түзеп сабақ алу жағы қалай деген сұрақ көкейден кетпейді. Біз алдағы кейбір дәйектерді сабақ алсақ екен деген ниеттен туындатып алға тартып отырмыз.
Ендігі жерде кемел тірлікпен көрінетін кез келіп тұр. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген бағытты темірқазық етіп, Президент Қ.Тоқаев Жолдауындағы нақты тапсырмаларды мүлтіксіз атқару міндеті кім-кімге де сын болуы тиіс.
Ал биылғы мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихатында Мемлекет басшысы «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген сөзі бар», дей келіп, білім беру ісін жетілдіруді тілге тиек еткен еді. Ғылыми жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту мәселесін мүмкіндікке қарай шешуді маман ыңғайына қарай, мектептердегі ағылшын тілінде сабақ беру ісін ата-аналардың қалауымен шешуді міндеттеді. Әсіресе, тәрбие мәселесіне де терең мән берді. Бұл білім мен тәрбиені ұштастыра жүргізудің қажеттігін аңғартады.
Кейде оқушылардың білім сапасы төмен деп жатамыз. Себебін қазбаламай, салдарын алға тартып, бұл қалай дейміз. Тіпті себебін біліп тұрсақ та айтқымыз келмейді. Осыдан келіп, кінәлі ұл мен қыз болып шығады. Барынан жоғы көп, базасы нашар, үш ауысымды білім мекемесінде білім сапасы болмайтыны түсінікті. Заман талабы ендігі жерде жүрдім-бардымға жол бере қоймас. Етек жеңімізді жимасақ жас ұрпақтың болашағына кедергі келтіруіміз де ғажап емес. Кейде сол білімнің сапасыздығы дайындайтын маманға да қатысты болып жатады. Осы күні халыққа қажет нәрсе білім мен денсаулықтың жақсаруы болып тұр. Ал сол маман қалай дайындалып жатыр дегенге келсек, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де медицина мамандарын дайындап келе жатқаны белгілі. Өткен жылы алғашқы түлектерін ұшырыпты. Бүгінде медицина және денсаулық сақтау факультетінде жүздеген студент оқиды екен. Осы арада бір күмәнді ой мазалайды. Түлектер медицина мекемелеріне бірден жұмысқа кірісе ала ма? Ота жасау қолынан келе ме? Ғасырға жуық тарихы бар медицина институты мен университеттері даярлаған мамандарға көңіл толмай жүргенде, базасы толық емес ұлттық университетте бакалавриат, магистратура, резидентура, докторантура әзірлеу оңай болмасы анық. Жасыратыны жоқ, кез келген оқу орны кез келген мамандықты дайындауға талпыну мамандықтың беделін түсірмей қоймайды. Бір заманда журналистерді әл-Фараби университеті, кейін Қарағанды университеті әзірлесе, қазір еліміздегі отызға жуық жоғары оқу орындары даярлау үстінде. Сол мамандардың көбі талап үдесінен шыға қоймайды. Ең бастысы, тілге шорқақ.
Қалай десек те маман дайындау ісін оңалтсақ, білім сапасы артып, ұрпақ алдындағы парызымызды адал атқарғанымыз болар еді. Бір кездері беделі түсіп кеткен педагогтардың мәртебесін көтеру үшін, қиын кезде жабылып қалған не басқа оқу орындарына қосқан педагогикалық оқу орындарын Елбасының қолдауымен қайта қалпына келтіргеніміз мәлім. Енді сол білім ордаларын университеттерге қосу мәселесі сөз болып жатыр. Бұл да жаңа реформаның басталғанын көрсете ме? Мұндай қадам түптің түбінде білім мен тәжірибені ұштастыра жүргізуге кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы «әттегенайлар» жүйесіздікке ұрындырып, жүйкені жұқартқаны мәлім. Алдағы уақытта осындай қолайсыздықтарды кеңседе отырып шешпей, халықтың талабын ескерсек ақау кетпесі ақиқат. Сонда ғана өткеннен сабақ алып, болашаққа жастардың нық қадам басуына мүмкіндік жасалары анық.