• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Қараша, 2019

Өлзийсайханы Энхтүвшин: Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту шарасын қолдаймыз

713 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында Ұлытауда өткен халықаралық туристік форумда сөз сөйлеп, қазақ даласында хандық құрған көшпелі империя Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту туралы шешім қабылдаған еді. Жуықта Халықаралық Түркі академиясы Президент бастамасын қолдау мақсатында жиын ұйымдастырды. Оған елімізге танымал ғалым-қайраткерлермен қатар, Моңғол елінің вице-премьері, тарих ғылымдарының докторы Өлзийсайханы Энхтүвшин бастаған ресми өкілдер қатысып, басқосудың маңызын арттырды. Осы орайда біз қадірлі мейманды сөзге тартып, алда өтетін ұлыстың ұлық мейрамы Алтын Орда тарихына қатысты шағын әңгіме өрбіткен едік.

– Энхтүвшин мырза, Ұлы дала төсіне қош келіпсіз?

– Жошы бабамыз ту тіккен қасиетті мекенге табан тіреткен тағдырға рахмет.

– Естуімізше, сіз тарихшысыз, демек көне көшпенділердің тіке­лей мұрагері бүгінгі моңғол және қазақ халқы арасында ежелден келе жат­қан дәстүр сабақтастығы, тұр­мыс­тық ұқсастықтар және рухани тұрғы­дан мәдени алмасулар жайлы не айтасыз?

– Расында, қазақ пен моңғол халқы тарихы ертеден жымдасып жатқан әрі іргелес өмір сүрген, сонымен қатар адамзат өркениетінде айрықша ізі бар көшпенділер мәдениетін тұла бойына сіңірген, тағдыры ұқсас, тұрмысы тамырлас жұрт. Бүгінгі әлемдік интеграция мен жаһандану дәуірінде Қазақстан елінің экономикалық өрлеуі, халықаралық аренада беделінің артуы алыстағы ағайын бізді де қуантып отыр.

Көне тарихтың сорабын аңдай алатын адам екі халықтың өткен өмі­рінде қалдырған өшпес сүрлеуінің белгісіндей: мәдениеті, салт-дәстүрі, ел басқарудағы жол-жорасы, ырым-ты­йым­дарына дейін өте ұқсас екенін бай­қай алады. Бұл үрдістер қазіргі таңда ғылыми этнографиялық, археологиялық деректер арқылы да дәлелденіп отыр. Сондықтан да болашақта тарихы тамырлас екі халықтың достығы, бір-біріне деген сыйластығы өте маңызды.

– Дұрыс айтасыз, вице-премьер мырза! Ендеше, кешікпей Қазақ елі Ұлы даланың іргелі ұлысы, біздің көне тарихымыз бен мем­лекет­тігіміздің түп негізі Алтын Орда империясының 750 жылдығын атап өту шарасын қолға алғалы жатыр. Бұл дүниені өзіңіз айтқандай, тарихы ұқсас, тамырлас ағайын, сіздер де құптайды деген ойдамыз.

– Әрине. Қазақстандық ағайындар ұлы қаған Шыңғыстың ұрпақтары іргесін қалаған Алтын Орда мемле­кетінің 750 жылдығын тойлауға ниет етумен қатар, Жезқазған жерінде жат­қан Жошы бабамыздың кесенесін де көздің қарашығындай сақтап, келешекте тарихи-туристік орынға айнал­дыру жолында жасап жатқан жос­парын құп­тай оты­рып, осы игі іске біз де атсалысуға әзір екенімізді айт­қым келеді. Қайталап ай­тамын, қазақ халқына осы әрекеті үшін, яғни Алтын Орданың 750 жылдық мерейін тойлау шарасын қолдай отырып, зор ризашылық білдіремін.

Сонымен қатар Моңғол елінің байтағында мәңгілік орын тепкен көне түркі абызы Тоныкөктің 1300 жыл­дығын ЮНЕСКО аясында, жоғары деңгейде атап өту жайлы баста­ма көтерген Халықаралық Түркі ака­демия­сының шешімін де ризашы­лық­пен құп аламыз. Тағы бір айта кететін дүние – келер жылы тамыз айында біз Ұлы Моңғол империясының алғашқы астанасы болған Қарақорым қаласының 800 жылдығын атап өту шарасын қолға алмақпыз. Осы іске ғылым саласында зерттеушілікпен айналысып жүрген қазақстандық ағайындардың да атсалысуын қалаймыз.

– Моңғолияда Алтын Орда тарихына қатысты зерттеу жұмыстары қандай деңгейде?

 – Соңғы жылдары бұл тақырып бо­­йын­ша зерттеулер жүргізіліп жатыр. 2006 жылы Ғылым академиясы «Алтын Орда ұлысы» атты кітап шығар­ды. Бірнеше диссертация қорға­лып, ғылыми еңбектер жазылды. Бұл тақы­рып туысқан екі халықтың да ортақ құндылығы дегенді жоғарыда айт­тым. Демек, қазірден бас­тап екі ел зерттеушілері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі академиясының шаңырағында топтасу арқылы болашақта үлкен ғы­лыми еңбектер жазады деген үміт бар.

 

Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»