Алматыда Құрлық әскерлері Әскери институтында курсанттар мен әскери қыз-келіншектердің арасында қоян-қолтық ұрыстан жарыс өтті.
Құрлық әскерлері Әскери институты Баспасөз қызметінен хабарлағанындай, дәстүрлі түрде өтетін әскери жекпе-жекке 200-ге таяу жауынгер қатысқан. Құрлық әскерлері Әскери институтының дене шынықтыру кафедрасының бастығы, полковник Бауыржан Мировтың айтуынша, қоян-қолтық ұрысы тек спорт жүзінде ғана емес, өмірде де керек нәрсе. Өйткені, өзіңді қорғау кезінде, біздің жауынгерлік өмірде де спорт әрқашан қажет. Спорт бойға денсаулық, күш пен жігер сыйлап қана қоймайды. Сонымен қатар жеңіске деген құштарлықты оятады, намысты қайрайды.
Осы жарыста бойдағы жауынгерлік рух пен тасып тұрған күш-жігер арқылы шапшаң қимылмен қарсыласыңа соққы беріп, ұтымды әдіс, шалт қимылдар нәтижесінде жоғары ұпай жинап, жеңіс тұғырына жету – әскери спортшылардың басты мақсаты болды.
Жарыс қорытындысы бойынша институттың біріншілігіне өткен қоян-қолтық сайысы ұрысында әскери қыз-келіншектердің арасында 1-орынды институттың материалдық-техникалық басқармасының іс жүргізушісі, қатардағы жауынгер Айжан Кенжебай жеңіп алды. Ал курсанттар арасында 55 келі салмақта І орынды 4-курс курсанты Жасұлан Оразбек жеңіп алды; 60 келі салмақта І орын 1-курс курсанты Ернат Смағұловқа берілді; 65 келі салмақта І орынды 4-курс курсанты Асхат Абдулла жеңіп алды; 70 келі салмақта І орынды 2-курс курсанты Нұрбақыт Әбілхан; 75 келі салмақта І орынды 2-курс курсанты Айбек Серікбаев жеңіп алды. Ал 80 келі салмақта 4-курс курсанты Бекжан Жұмахан жеңіске ие болса, 85 келі салмақта жеңісті 4-курс курсанты Нұрасыл Нұранов қанжығасына байлады.
Барлық жеңімпаздар кубок және мақтау қағаздарымен марапаттлды.
АЛМАТЫ