Қарағандыда жиырмадан асқан қыз үй ішінде болған әлдебір кикілжіңнен кейін өзінің жас өміріне қиянат жасай жаздады. Ол Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің тоғызыншы қабатындағы балконның үстіне шығып, төмен қарай секірмекші болған. Осы көрініске кездейсоқ куә болған көрші үйдің тұрғыны дереу «102» нөміріне қоңырау шалып, полицияны шақырады. Оқиға орнына құрамында лейтенант Ерасыл Мұрат пен сержант Бекзат Омашев бар патруль экипажы дереу жеткен.
Кіреберістен жоғарыға көтерілген полиция қызметкерлері үй төбесіндегі қарда қалған ізбен қызды оңай тауып алады. Олар бірден іске кірісіп, балконның үстінде аяғын салбыратып жіберіп, секірмекке оқталып отырған қызға жылы сөздер айтып, оны райынан қайтаруға тырысады. Ойланып тұруға уақыт жоқ, бір-екі ауыз тілдескеннен кейін сержант Бекзат Омашев нартәуекелге бел буып, қыз отырған балконның төбесіне секіріп түседі. Балконның қар басқан қаңылтыр шатырының тайғанақ болғанын ескерсек, жанын шүберекке түйген полиция қызметкерінің жүрек жұтқан батылдығына еріксіз тәнті боласыз.
Сержант бұл өмірден күдерін үзіп, үнсіз жылап отырған қызды өз-өзіне келгенше жұбату сөздерін айтып, балкон үстінде біраз отырады. Сәлден кейін оның әріптесі – лейтенант Ерасыл Мұрат үй төбесінен қолын созып, екеуін жоғарыға тартып алған.
Айдың-күннің аманында жас өмірін қия жаздаған З. есімді қызды құтқарғанымен, сақшылар өздерінің бұл ісін ерлікке баламайды. Болған оқиға туралы айтқандары да тым қысқа болды. «Біз оны сөзге тартып, ақылға келуін өтіндік. «З., сен әлі жассың және әдемісің, бар өмірің алда», дегенді айттық. Оның көздері өлеусіреп, үнсіз жылап отырды. Әйтеуір қарсылық көрсеткен жоқ. Мен балконның төбесіне секіріп түстім де, оны ұстай алдым. Екеуіміз сол жерде бірер минут тұрдық. Осы уақыт ішінде мен оны барынша жұбатуға тырыстым», дейді көзсіз ерлікке барған сержант Бекзат Омашев.
Осы оқиға туралы полицияға хабарлаған әлгі әйел ұялы телефонының бейнекамерасына болған жайтты басынан аяғына дейін түсіріп алған екен. Аталған бейнекөріністі әлеуметтік желіде көрген интернет қолданушылар полиция қызметкерлерінің атына небір мадақ сөздер айтып, ерлік іске лайықты бағаларын берген. Мысалы, олар «Антына адал азаматтар!», «Жарайсыңдар, бүгінгі күннің батырлары!», «Қазақтың жігіттері осындай болса керек-ті. Қос батырдан өзгелер де үлгі алсын!», «Қазақ полициясы жасай берсін, халық қорғаны бола берсін!», деген сүйсініске толы пікірлер қалдырған.
Сондай-ақ, желі қолданушылары оқиғаны полицияға хабарлап, болған жайттың бәрін бейне камераға түсірген, өзгенің өміріне ет жүрегі езіле уайым жеген мейірбан әйелдің атына да мақтау айтады. «Түсірген жан да керемет, адам жанын түсінетін қасиеті бар, біреудің өмірі үшін қинала білетін адам екен! Соның арқасында бұл екі жігіттің ерлігі елге көрсетілді. Рақмет саған адал жан!», деген жүрекжарды жазба қалдырды олардың бірі.
Кейін белгілі болғандай, оқиғаны полицияға хабарлап, құтқару операциясын бейнетаспаға тартқан әйел Наталья Айнабекова деген тұрғын болып шықты. «Басында мен адреналин сезімін бастан кешу үшін шатырға шыққан экстремалдар екен деп қалдым. Бірақ бейнекөріністі үлкейткен кезде тоғызыншы қабаттың төбесінде жүрген жас қызды байқадым да, бір сұмдықтың боларын жүрегім сезді. Бірден «102» нөміріне оқиға туралы хабарладым. Менің жедел және үйлесімді әрекет еткен полиция қызметкерлеріне деген алғысым зор. Адамның өмірін құтқарып қалды. Батырлар біздің арамызда», дейді өзгенің өміріне немқұрайды қарамаған мейірімді жан Наталья Айнабекова.
Кәсіби қызметіне, берген анттарына адалдық танытқан тәртіп сақшыларының адам өмірін сақтап қалу жолындағы ерлік ісі жоғары жақтағы басшылықтың назарын бірден аударды. Атап айтқанда, Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаев лейтенант Ерасыл Мұрат пен сержант Бекзат Омашевті «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады.
Салтанатты рәсім кезінде министр полиция қызметкерлерінің батырлық жасауға атақ-даңқ үшін емес, қызметтік және азаматтық борышқа адалдық танытқандықтан баратынын еске салды. «Сіздердің ерлік істеріңіз осының дәлелі және бұл жеке құрамның барлығына үлгі болады», деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
ҚАРАҒАНДЫ