Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі кезекті қабылдауды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар мен онлайн режімде байланысқа шыққан азаматтар министрге өз ұсыныстарын, талап-тілектерін айтты.
Ұлттық мәдениетті насихаттайтын Dombyra телеарнасының өкілі Қанат Ержігітов министрге телеарнаны «Отау ТВ» спутник желісіне қосу туралы өтінішін білдірді. Оның айтуынша, тәулігіне 24 сағат бойы ұлттық мәдениетті насихаттайтын телеарна осы жылдың басында ашылған. Ал Жанна Есенғарина есімді өтініш білдіруші Qazaqstan ұлттық телеарнасын дамыту туралы бірнеше ұсынысын ортаға салды.
Министрдің қабылдауында болған Шара Нақыпова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бірге» жобасын дамыту мәселесін көтерді.
Өтініш берушілердің тілегін жіті тыңдаған министр ведомство құзыреті шеңберінде барлығына шама-шарқынша қолдау көрсетілетінін айтты. «Жалпы, мемлекеттік органдар басшыларының қабылдау өткізуі өте орынды. Nur Otan партиясының алаңын пайдаланған өте дұрыс деп ойлаймын. Кейбір сұрақтардың біздің министрлікке қатысы жоқ екенін көріп отырмыз. Азаматтар бір мәселені түсінуі керек. Мемлекеттік жүйе жұмыс істейді. Егер хат дұрыс жазылып, бағытталса, оған міндетті түрде жауап беріледі, деді Дәурен Абаев қабылдаудың соңында.
Сонымен бірге министр қабылдауда айтылған мәселелер бойынша жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жіті қадағаланатынын да жеткізді.