Жақында BusinessInsider баспасы АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы спичрайтері Гай Снодграсстың кітабынан үзінділер жариялаған болатын. Holding the Line: Inside Trump’s Pentagon with Secretary Mattis деп аталатын кітапқа президент Дональд Трамптың штаб басшыларының біріккен комитетінің кездесуіндегі ойлары да енген. Президент Трамптың сөздері тағы да желі қолданушыларының қызу талқысына түсті.
Бұл жолғы даудың басы Трамптың Ауғанстанға қатысты мәселелерде Қазақстан да ақша бөлсін дегенінен шықты. 2018 жылы қаңтарда Пентагондағы мәжілісте штаб басшылары Ауғанстанға көмек көрсету шараларын талқылайды. Нақтысын айтқанда, АҚШ-тың Ауғанстанға бөлетін қаржысы сөз болады. «Біз өзімізге емес, басқаларға көмектесіп жатырмыз. Мысалы, Қазақстан – өте қуатты мемлекет. Соңғы сапарымда қазақстандықтардың алғысын естіп қайттым. Бірақ ендігі кезекте неге олар бізге ақша төлемейді? Бұл күреске неге олар да атсалыспайды?», дейді Дональд Трамп.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұған қатысты пікірін білдірді. Министрлік өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, АҚШ президенті қателескен болуы керек. «Дональд Трамп Қазақстанға келмеген. Басқа елмен шатастырса керек. Өйткені біздің тарапымыздан Ауғанстанға гуманитарлық, ағартушылық, техникалық көмектер көрсетіледі. Бұл аймақтық қауіпсіздік орнатудағы ортақ міндетіміз. Мұны АҚШ үкіметі жоғары бағалайды деп ойлаймын», деді.
Дональд Трамп мемлекет басына келгелі бері бірнеше рет елдің күлкісіне қалған-ды. Осыдан бірнеше ай бұрын Ақ үйде кадрлар саясаты жөніндегі консультациялық кеңестің отырысында АҚШ президенті Apple компаниясының басшысы Тим Куктың да атын шатастырған болатын. Трамп мырза Ақ үйге компанияның оқу-ағартушылық жобаларын таныстырғалы келген атақты менеджердің тегін шатастырып, компаниясының атымен, яғни «Тим Эппл» деп сөзін жалғастырды. Жалпы, компания басшысының тегін компания атымен ауыстыру Дональд Трамптың әдетіне айналғандай. Наурызда Lockheed Martin әскери-өнеркәсіптік корпорация басшысы Мэрилин Хьюсонмен кездесуде де оған «Мэрилин Локхид» деп сөзін арнаған болатын.
АҚШ президенті мемлекеттердің де атауын жиі шатастырады. 2017 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясындағы отырысында Африка елдері басшыларының алдында сөз сөйлеп тұрып материктегі Намибия мемлекетін бірнеше рет Намбия деп атады.
АҚШ халқы Трампты қатемен жазады деп те жазғырған болатын. Twitter желісіндегі парақшасында кей-кейде түсініксіз жазбалар көрініс табады. Мәселен, медиа нарықтағы мәселелер туралы жазбасында еш сөздіктен табылмаған «covfefe» дегенді қолданады. Бұл әлем халқы үшін әлі де анықтамасы табылмаған сөз болды. Бірақ АҚШ басшысы үнсіз қалған жоқ. Бірнеше миллион халықтың назарына ілігіп үлгерген жазбаны өшіріп, орнына әлгі сөздің баламасын өздеріне тауып алуға ұсынды. Бүгінде аталған сөз ең танымал хештегтердің біріне айналды. АҚШ ақпарат агенттіктері Трамп президенттікке келген алғашқы кезде оның жазбаларының қатесін тауып жариялаудан жарысатын. Дегенмен қазір президенттің бұл олқылығы үйреншікті болғаны сонша, көптің назарын аудармайды.
Трамптың салғырттығы тек өз халқын емес, ханзадаларды да таңғалдырды. Ол Уэльс ханзадасына жолдаған құттықтау хабарламасында Уэльс сөзін қате жазып, «Уэльс ханзадасының» орнына «Киттер ханзадасы» дейді. Оған қоса «кеңес» пен «прокурор» сөздерін жиі шатастырады.
Жер-су, кісі аттарынан бөлек өзінің жақындары туралы деректерден де жаңылады. Бір сұхбатында Германияны тиесілі ақыны төлемеді деп жазғырып отырып, «Менің де әкем Германияда туған. Сондықтан Ангела Меркель мен Германия үкіметін сыйлаймын», дейді. Деректерге сүйенсек, Трамптың әкесі Фред 1905 жылы Нью-Йоркте дүниеге келген. Президенттің мұндай қателікті жіберу себебі белгісіз.
Дональд Трамптың мұндай қылықтары саясаткерлер үшін де қалыпты. Оның кей кезде қол алысуды ұмытып кететініне, тіпті керісінше ұзақ қол алысып тұрып алатынына саясат әлеміндегілер үйренгендей. Кітапта көрсетілген «Қазақстанға өкпесі» де Трамптың қателері тізіміне қосылатыны сөзсіз.