Келесі жылдан бастап Италия мектептерінде климаттық өзгерістерге қатысты сабақтар оқытылатын болады. Қоршаған ортаны аялауға негізделген пән әр сынып бағдарламасына енгізілмек. Бұл Италияны табиғаттану бойынша әлемдік көшбасшы болу мақсатына жақындата түспек.
Мемлекеттің білім министрі Лоренцо Фиорамонти мектеп оқушылары 2020 қыркүйектен бастап қоршаған ортаның ластануы, климаттық өзгеріс, жаһандық жылу сияқты тақырыптарды жалпы пәндермен қатар оқиды. Жаңа бағдарламаға сай, бұл тақырыптар 33 сағатқа жоспарланған. Министрлік өкілі Винченцо Крамаросса бұл идеяның негізгі мақсаты келешек ұрпақты климаттық өзгерудің жаңалықтары мен тосынқұбылыстарына осы бастан дайындау, ақпарат беру, дейді. Жаңа пәнмен қоса география, математика, физика сияқты жалпы пәндердің бағдарламасына да климаттық өзгеріс туралы ақпараттар қосылмақ.
Сонымен қатар министрлік өкілдері ведомствода жақын арада түбегейлі өзгерістер болатынын хабарлады. Винченцо Крамароссаның айтуынша, жаңа ұлттық бағдарламаны әзірлеуге Колумбия университетінің тұрақты даму орталығының басшысы Джеффри Сакс, америкалық экономист, философ Джереми Рифкин сияқты климаттық өзгеріс тақырыбымен айналысатын сарапшылар шақыртылған. «Бұл жобаға аталған саланы зерттеп жүрген азаматтарды тарттық. Олар – бұл тақырыпты тереңнен зерттеп жүрген шын жанашырлар. Осылайша Италия қоршаған ортаның өзгеруі туралы сабақты мектеп бағдарламасына енгізген әлемдегі алғашқы ел болады», деді ол.
Қоршаған ортаның ластануы – әлемді толғандырған негізгі мәселелердің бірі. Алайда Италия үкіметінің мектеп оқушыларына бұл тақырыпты түсіндіруі жақында ғана БҰҰ-ның климаттық өзгерістер тақырыбына арналған отырысында сөз сөйлеген 16 жастағы экобелсенді Грета Тунбергпен байланысты болуы мүмкін. Ол кішкентай кезінен өз елінде, яғни Швецияда наразылық акцияларына қатысып, өз замандастарын табиғатты қорғауға шақырады. Биыл қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йоркте өткен саммитіне қатысып әлемдік көшбасшыларды климаттық өзгерістерді қолға алуға, түзетуге тырыспайтынын айыптап, олардың келер ұрпаққа, болашаққа сатқындық жасағанын айтқан еді.