• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2019

Үркімбаев үйлесімі

1169 рет
көрсетілді

«Оңтүстік Қазақстанның тұңғыш әкімі Марс Үркімбаевта таза тектілік те, адал-әділдік те, пиғыл-пейіл түзулігі де, білім-білік жан-жақтылығы мен тереңдігі де баршылық еді. Тұңғыш Президентіміз тұңғыш әкіміңізді тағайындарда: «Сіз СССР-да тұңғыш рет шаруашылық есепке көшкен жоғары оқу орнын құрдыңыз. Қазақстан бойынша алғаш рет қаржылық-өнеркәсіптік топты өмірге әкелдіңіз. Әкімдік жүйе – жаңа жүйе. Үлкен ғалымды үлкен үмітпен, жаңа тірлікті жаңаша өреді деген сеніммен әкім етіп тағайындай отырып, Оңтүстікте батыл бастамашы болады деп күтемін. Көрейікші күшіңізді», – депті әзіл-шынын араластыра күліп.

Жалпы, Үркімбаевтың аса алғыр да ізденімпаз, жаңашыл эко­­номист ғалым екенін елі­ әлдеқашан мойындаған. Елі тү­гілім, шет жұрттар да жап-жақсы білген. Мәскеу мерей тұтқан. Небір-не­бір оқулықтары, озық әдіс­теме­лері, нарыққа негіз­делген ғы­лыми-теориялық жә­не ғылыми-тәжірибелік туын­дылары қалың-қалың кітап болып басылған. Жаңашыл ға­лым, озық ойлы ректор, ұйым­­дастырушылық дарыны­ да­ра тұлға ретінде таныл­ған. Ол жақтары, яки ғұлама ға­лымдығы мен жоғары оқу орын­дарының білікті-білім­паз басшысы ретіндегі қары­мы мен қасиеттері туралы айтсақ, мақаламыз жүдә шы­ли ұзаңқырап кетер. Деген­мен, ҰҒА академигі Ора­залы Балабековті аз ғана тың­дайықшы:

– Марс Үркімбаев әкім боп келді. Таңғалдық. Неге әкім болды деп. Бірақ бірер ай өтпей-ақ басқаша таңғалысқа түс­тік. Бүкіл Қазақстанның ғалымдарын жинады. Ұлттық ғылым академиясының Оң­­түстік филиалын ашамын деді. Новосібірдің Ака­демиялық қалашығындай болмаса да, Оңтүстікке, Шым­кентке ла­йық­ты Академия қалашығын саламын деді. Біздің өлкеде қаншама әл-Фарабилер, әл-Түркістанилер, әл-Сайрамилер өткен. Ака­демия қалашығы, заманауи Ғылыми орталық міндетті түрде болуы керек деді. Бірақ біздің академиямыз халықтық академия болады. Қарапайым халықтың ішінде небір академиктер жүр деді. Соларға жағдай жасаймыз деді. Өн­діріске, өнеркәсіпке, ауыл ша­руашылығына ғылыми жаңалықтар, рыноктық қаты­настар кешікпей, уақыттан қалмай ендірілуі керек деді. Ірі-ірі өзендердің бәрі көршілес республикалардан басталады. Келешекте қиындықтар көбейеді. Сондықтан тамшылатып суару әдісін жаппай қолдануға көшуіміз керек деді. Біріншіден, өңірлік экономикалық институт, екін­шіден, инновациялық технологиялар институтын ашамыз. Бұл екі институт Ака­демиялық қалашықтың, ҰҒА филиалының арқау-ар­насына айналады деді. Дәлелдері: «Өңірлер не­ғұрлым’ күшті болса, орталық та соғұрлым күшті болады» деген қағидам бар деді Үркімбаев. Таңғалдық. Түсінбедік. Сенбедік. Бірақ Марс Фазылұлы көп кешікпей-ақ Академия қалашығы құры­лысын бастады. Бір жарым жылда сол қалашықтың жартысы бітіп қалған еді. Өкінішке қарай, оның әкімдігі көпке бармады. Ең болмағанда, тағы бір жарым жыл тұра тұрғанда, сол Академия қалашығы бі­тіп қалатұғын еді. Міне, енді өңірлік даму министрлігі құ­рылып жатыр. Өңірлік ғылыми орталықтар қажет деу­шілер шықты. Ал тамшылатып суа­руды Үркімбаев бастап, ке­йін­нен мазақ етіп лақтырып тастағандар табылып еді, бірер жылдан бері мойындап, мақтап, мақтанып жүрміз...

Мінекиіңіз, академик Бала­беков осылай дейді.

– Айтпақшы, бір нәрсені ұмытыппыз ғой. Жазасың ба, жазбайсың ба, өзің біл. Үр­кімбаев әуежайдағылармен де бірге жұмыс жасаған. Ол кәдімгі вертолеттің, қазіргі тіл­де тікұшақтың да заманауи, жаңа жобасын әзірлеп ұсынған. Марс Фазылұлының жобасына өз елі, өз жері көңіл бөлмеген. Жаңа жобаны Но­восібірдің Академия қала­шығы алып кеткен, – дейді кеу­десін күр­сін кернеген, бала мінезді Бала­бековіңіз жанарлары жасаурап. – Тағы да бір жағдайды жа­зып қойшы. Марс Үркімбаев – «СССР-дің ең үздік ректоры» атағын алған адам.

Әкімдік басқару жүйе­сі енгізілгеннен кейін өңірлер­ді басқармаққа бірыңғай партия­лық-кеңестік лауазымдардың иелерін жіберуге болмай­тын еді. Әрине, олар басы­мы­­рақ пайдаланылды. Басқа­лай мүмкіндік те жоқ-ты. Ал, жаңашыл, рынокшыл, ер­­теңшіл, елгезек те сергек Үр­­кімбаевтайын тұлғаның таң­далуын біреу түсінді, екеу тү­сінбеді. Облыстың тұңғыш әкімі өзінің алдына қойылған мақсатты да, тәуелсіздік туын­датқан міндеттерді де, уақыт ұсынып отырған талаптарды да, нарықтық кезеңнің күрделі, күрмеулі түйіндерін тезірек шешу керектігін де терең түсінетін. Алайда, оны түсінуге ұмтылушылар тым азтұғын.

Бір кезде біз былай деп жаздық: «...Тұңғыш әкіміңіз ырғалып-жырғалуды, ырың-жырыңды, енжарлық-ерін­шектікті, күншілдік-кекшіл­дікті, ішмерездік - іштарлықты, кері­тартпа - кесірлікті, тайпа­шыл тайпалмашылдықты, ру­шылдық-бұрушылдықты – осын­дай-осындай опықты-опынысты одағайлықтардың бәрін рынок заңдарының, рыноктық экономиканың, ры­ноктық қарым-қатынастың өз­дері-ақ реттейді, тәуелсіздік та­лаптарының өздері-ақ­ тәр­биелеп, тәртіпке тү­сі­­ре­ді деп қалтқысыз сен­ді.­ Имандылыққа иланды. Өз­гелер де өзі секіл­ді аб­зал­­дықты армандайды деп ойлады. Оңтүстік жұр­ты­ның еңбексүйгіштігіне, ел­гезектігіне, ұмтылыс-құл­шы­ны­сына үлкен үміт артты. Сөйтіп сергек серпілістерге, серпінді секірістерге негіз­дел­ген жаңаша жолдар, бас­тама-бағдарлар ұсынды. Бірақ, түсінбестікке тап келді».

Осындай шақтарда ғалым әкіміңізге облыстық мәслихат пен оның төрағасы тарапынан да кейде ашықтан-ашық, кейде астыртын кедергілер көбейе түсті. Ол кезде Оңтүстікте ға­­на емес, барлық өңірлерде дерлік солай еді-ау. Облыстық мәслихаттар және олардың төрағалары облыс әкімі мен әкімдікке қисынды-қисынсыз, жөнді-жөнсіз тиіседі. Билікті бөлісе алмаудың салқыны ғой, баяғы. Облмәслихат тө­­­р­­ағасы Рашид Тұрарұлы Ыбы­раев аса алғыр, беделі биік басшытұғын. Бес-алты тұрақты комиссиясының басында да ылғи ығай-сығаймыз дейтіндей дүрлер отыратын. Айналысатын жұмыстары шамалы, алайда айлық жа­лақылары айтарлықтай. Ой­хой, обләкімдік пен обл­мәс­лихат арасындағы айқас-шай­қастарыңыз біздің өңірде өткірлеу өрістеген. Кейіннен ғой, атқарушы билік пен өкі­летті билік арасындағы жағ­даяттар жайбағысталды. Мәс­лихат төрағалары тоқсан сайын сайланатынға айналды. Тұрақты комиссиялар төра­ғалары қоғамдық негізде қыз­мет істейтінге көшірілді. Мұның бәрі аса орынды еді. Ал алғашқы әкімге өте-мөте ауыр тигені рас. Түсініктірек болмағы үшін тәптіштеп отырыппыз.

1992 жылғы күзге қарай об­лыстар әкімдері аппарат­тарында ішкі саясат бөлімдері ашыла бастаған. Марс Фа­зыл­ұлы шақырды. Таны­май­мыз. Алдына кірмеппіз. «Шақыр­ғаннан қалма, шақырмағанға барма» дейді қазақ. Бардық. «Ішкі саясат бөлімін ашамыз. Маған төрт ғалымды ұсынды, бесіншісі – сіз. Жазушымен жұмыс істеу маған қызығырақ көрінді», – деді Үркімбаев. «Ой­ға келмеген нәрсе, ойла­найық», – дедік-ау. «Ертең осы уақыттан қалдырмай ай­тыңыз», – деді. Осылайша іш­кі саясат бөліміне қызметке алын­ғанбыз.

Ғалым әкіміңіз секем­сіз сенім иесітұғын. Жұмылдыр­мақ болды. Жұртын. Оңтүс­тігін. Экономикалық, ры­нок­­тық білім-білікті бір дем­­­мен көтермекке, кадр­лар­­дың күллісін солай іріктеп, сол мақсатқа машықтан­дыр­­­маққа тер төкті. Индустриял­ық-ин­­новациялық және­ инвес­тициялық ізденімпаздықты алдыңғы қатарға шығарды. Солай етпекке шақырды. Бас­шылардың баршасын. Тіпті тамшылатып суаруды игермекке Израильмен келісіп, мамандарды апарды. Өзі бас­тап. Мысқыл-мырсылдарға мән бермей, мәністі әдістерді әкеліп, қолданысқа ендірді. Қай-қай саланың басына да таптаурындықтан қашықтау, нысай-ниеті ашықтау адамдарды тағайындауға тырысты.

Бізде сол кездегі, ішкі сая­­сат бөлімінде жүргендегі бір­­талай блокноттар, қо­йын дәп­терлер, қызмет кі­тап­­ша­­лары мен жұ­мыс дәп­тер­лері сақталыпты. Әкім өт­кіз­ген лездемелер (планерка), өзге де жиналыстар, кім­дер­дің не айтқаны қазір де қызық көрінеді. Мінекиіңіз, кезекті лездемеде Үркімбаев сөйлепті. Шабыттана, қуана бастапты. Ол кісі балаша қуа­на алатын. «Үркімбаев үй­ле­сімі» деп жазыппыз. Ол кісі бүй депті: «Израильге таң- ғал­­дық. Олардан үйренетін нәр­се өте көп. Бір фермасында мұнтаздай таза сиырлар ішке кіру үшін тәртіпті түрде кезекте тұр тізіліп. Бір зауытында болдық. Үлкен зауыт. Алты-ақ адам істеп жатыр. Бір ауысымда. Бәрі – жиырма адам. Қайран қалдық. Біз Израильмен келісім жасадық. Өте тиімді, келешекті көздеген келісім. Келесі 1993 жылы 20 мың гектарда, 1994 жылы 30 мың гектарда солардың тех­нологиясын ендіреміз. Зауытбек Қауысбекұлы, ес­тіп оырсыз ба? Олар бізге 162 миллион доллар несие бе­­ретін болды. Бірлескен кә­сіп­орындар салуға. Тамаша емес пе?! Тамшылатып суару құ­бырларын шығаратын зауыт, өсімдік қорғау жөніндегі хи­миялық құралдар зауытын, ет-сүт өңдейтін шағын зауыттар саламыз. Олардың делегация­сы, Құдай қаласа, үшінші жел­тоқсанда бізге келеді...».

Тоқсан үшінші жылыңыз­дың бір ерекшелігі сол, Ел­басының ұсынысымен Төле биді, Қазыбек биді және Әй­теке биді еске алу мерекесі өткізілген. Ордабасы биігінде. Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғаш­қы жылдарындағы аса ай­шықты, ең үлкен, ұлық той еді бұл. Ордабасы тауындағы ұлы жиынды ұйымдастыру, әрине, орталықтан басқарылды. Пре­зидент Әкімшілігі, Ми­нистр­лер Кабинеті тарапынан қадағаланды. Бірақ, негізгі жұмысты, ірі-ірі шаралардан бастап, ұлы жиынның ұсақ-түйегіне дейінгі қыруар тір­ліктерді атқаруда облыс әкі­мі Марс Үркімбаев, оның бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, әкімнің орынбасары, Ордабасыдағы үш бидің күндерін өткізу жөніндегі об­лыстық штабтың бастығы Мүсірәлі Өтебаев, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімі­нің бастығы Жеңісбек Мәулен­құлов сияқты азаматтар үлкен еңбек сіңірген. Мереке өтерден оншақты күн ғана бұрын облыс әкімінің орынбасары боп тағайындалған Қуаныш Ай­таханов та қызу іске кірісіп кеткен.

1993 жылғы 15 мамырдағы облыс әкімі өткізген таңертең­гілік лездемеде Марс Үркім­баев қатты ашуланыпты. Жұ­мыс дәптеріміздегі жаз­ба­ны қарап отырмыз. Жал­пы, Үркімбаевыңыз сирек қат­қылданатын. Ал ашу ша­қыр­са, қарауытып, қиналып, жуық арада басыла алмай, кейіннен сондай қылығына қысылып, кешірім сұрайтын. Адалдығы мен аңғалдығы қоса үйлесімді еді. Мінекиіңіз, мамыр айының он бесі. Сағат оннан он минөт өткенде Үркімбаев: «Аппарат жұмысы нашарлап кетті. Ини­циатива жоқ. Кадрлар құра­мын облыс бойынша талдауды тапсырғаныма қанша уақыт өтті? Нәтижені көрмедім. Өзім «физически не успеваю». Әр­кім әр жаққа тартатын сияқты сезінемін. Тапсырмалар орын­далмайтын боп барады. Құ­жаттардың, шешімдердің жобалары сауатсыз дайындалады. Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулыларының орындалуын қадағалау мен талдау төмендеді. Бөлімдер ойлансын. Кейбір кадрлардан арылуымыз керек. Жалпы құрылымды, штаттық тәртіпті қайта қарау – жоғары жақтың талабы. Осыны пайдаланып, жұмыс істемейтіндерден құ­тыламыз. Қаладағы жағдай тұрақты дей алмаймын. Ертең сағат онға барлық әкімдерді шақы­рыңыздар. Мамырдың 24-іне идеологиялық кеңес әзірлеңіздер!» – деп қабағын түйіпті.

Сол жылғы 17 мамырда Ордабасы тауында өтетін мереке туралы мәселе талқыланған. Облыстық штаб бастығы Мү­­сірәлі Өтебаев хабарлама жасаған. Басқармалардың, бө­лім­дердің басшылары, оның ішінде Ғабит Садырбаев, тағы басқалар қосымша хабарламалар айтыпты. Қанша киіз үй, қанша шатыр қай жерге, қалай тігіледі? Қайсысына кімдер орналасады? Соңғы әзірліктер қашан жасалып бітеді? Кім неге жауап береді? Мерекелік мәтін, сценарий сапасы қан­дай? Дауыс күшейткіш қайда тұ­рады? Мәтінді кім оқиды? Бата беретін ақсақал қандай?

Мінекиіңіз, осындай-осын­дайдың баршасы пысықталған. Үркімбаев үшін үлкен тірлікте ұсақ-түйек болмайтын. Бәрі де үйлесім табуы тиіс-тін.

Қызмет дәптерімізге, блок­ноттарға барлау жүргізсек, Орда­басыда 1993 жылғы 28-29 мамыр күндері өткен, жүз елу мыңнан аса адам қатысқан теңдессіз тойға дейінгі бір ай­дың көлемінде облыс басшысы Үркімбаев лездемелер мен басқа да басқосуларда үне­­мі қатқылдау, қаталдау мінез көр­сетіңкіреген сияқты. Олай болуы түсінікті еді. Ор­дабасы­дағы­дай ұлы жиын Қазақ­станда оған дейін де, одан кейін де өткізілмегендей сезі­леді бізге.

Үркімбаев үйлесімі дегенде талай-талай нәрселер ойға оралады. Кейін, ондаған жылдар өткенде ғана «Үркімбаев үйлесімі» ұғымын жұрт жаппай ұғына бастағаны белгілі. Тұңғыш әкім жүзелемек бол­ған жаңалықтар, іргелі істер ізгітұғын. Келешекті көздейтін. Көкжиекті меңзейтін. Әлбетте, алғашқы әкім болған соң, оның қателіктері мен кемшіліктері де аз емес-ті.

Ол кісі осы Оңтүстігіңіз үшін жүдә шыли шыншылдау, шы­ли жүдә адалдау, ақ­жүрек­теу болған сияқты. Тым-тым мә­дениетті, тым-тым сенгіш секілді еді. Наре­кеңе (нарық, рынок), оның заңдылықтарына сеніп, халық­тың қалың ортасына көп бармады. Бүған оның қазақ тіліне шорқақтығы һәм себеп болды. Ғалым әкім көптеген, күт­пеген жаңалықтарды әлде­қайда ертерек әкеп қойды-ау, әсте. Оңтүстігіңізге. Оның үстіне ол кісі кейініректегі кей­біреулерше басшы кадр­лардың басқа қасиеттерін былай қойып, тек қана «науадай құятындарды» ғана, «өзіне өлердей берілгендерді» ғана өсірумен өжеңдене айналыс­пады. Мұнысын қателік-кем­шіліктері дейсіз бе, қалтқысыз қасиеті дейсіз бе, риясыз рух сардарлығы дейсіз бе? Қалай бағалау өз еркіңізде. Әркімнің өре-өрісіне орайлас, қалжа-қарымына қарайлас нәрсе ғой.

Қазақшасы нашарлығынан қатты қысылатын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайы. Түркістан шаһары. Теміржол алаңы халыққа лық толы. Әлемнің әр түкпірінен Түркістанға жеткен жүздеген қан­дастарымыз: «Қара шаңы­рағымыздың иелері са­ғынып келгенімізде не сөз айтар екен?» – деп терең тебі­ренулі. Облыс басшысы: «Бауырлар!» – деп бастағанда, алаңдағы алаш жұрты теңіздей толқыды. Одан әрі Үркімбаев мәтінді жөндеп оқи алмады. Ең оңай, ең жеңіл сөз тіркестерінен құрап, екі-үш күн әзірленгендей еді. Орысша екпін бәрін бүлдірді. Шетелдерден келген қазақтар біртүрлі боп қалды. Бір қуан­ғанымыз сол, жайсаң мінезді, ақкөңіл, ақжүрек Үркімбаев үйлесімі тағы да жол тауып кетті. Түс ауа облыс әкімі киіз үйлердің бә­рін түп-түгел аралап, меймандармен мейірлене, төс түйіс­тіре, құшақтаса қа­уы­шып, қыс­­қа-қысқа, жай­шы­лықта жап-жақсы, жай­дар­ман қазақ­шасымен қау­қыл­дасып, көңіл­дерін әзілмен аулап, кірбіңдерін шайып, шайдай ашып шыққан. Қандас­тар қунап сала берді.

Тұңғыш әкім бастаған бір­қанша ізгі істер баянын енді-ен­ді табуда. Үркімбаев үйлесімі дей­­тұғын ұғым ұмытылмақ емес.

 

Мархабат БАЙҒҰТ