Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен барлық білім беру мекемелерінде республикалық «Адалдық сағаты» акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараға агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары, «Адалдық алаңы» жоба кеңсесінің менеджерлері, Арнайы мониторингтік топтың мүшелері, білім басқармаларының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Nur Otan партиясының мүшелері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – рухани құндылықтарды жоғары қоятын парасатты, саналы жастарды қалыптастыру.
Елордалық департамент басшысы Нұрлан Қыдырбаев «Адалдық сағаты» акциясы барысында мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, өскелең ұрпақ арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру қағидалары, әділ және адал еңбек ету, рухани-адамгершілік құндылықтар туралы айтты. «Парасаттылық дегеніміз не?» деген сұраққа ұлы ойшылдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген нақыл сөздерімен мысал келтіріп, түсіндіріп берді.
«Адалдық сағаты» республикалық акциясы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментімен 6, 7, 8-сынып оқушылары үшін 16 мектепте кездесулер өткізілді. Іс-шарада 2,7 мыңнан астам адам қамтылды.
Жастар арасында адалдық, парасаттылық қағидаттарын дамыту жөніндегі шаралар тұрақты негізде өткізілетін болады.