Үкімет қаулысымен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының құрылатыны жайлы жаңалықпен бөліскен облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында: «Бүгін – Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше күн. АЭА шеңберінде заманауи және экспортқа бағытталған өндірістер пайда болып, 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Алғашқы кезеңде 160 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Аймақ 25 жыл жұмыс істейді, осы уақытта 1,5 триллион теңгенің өнімі шығарылатын болады» деп жазды. Және бұл «ауылы аралас, қойы қоралас» Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарында бой көтеретін алғашқы экономикалық аймақ болғандықтан тиімділігі өте зор. Өйткені екі ел ежелден стратегиялық серіктес, сенімді әріптес саналады. Араларындағы шекараның ұзындығы 7591 шақырымды құрауынан-ақ шекаралық аймақтың ауқымдылығымен қоса экономикалық зор әлеуетін де аңғарамыз. Оның бір бөлігі Солтүстік Қазақстан арқылы жалғасып, Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облыстарымен түйіседі. Бүгінде ортақ нарық талаптарына сәйкес еркін сауда айналымының көкжиегі кеңейіп, импорттық, экспорттық өзара байланыс күшейіп келеді. Мұның бәрі АЭА барысында үйлесімді сауда-саттықты қамтамасыз етуде, ішкі шекарасыз кеңістікті қалыптастыруда жете ескеріледі. Азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдарын, жиһаз, электроника, машина жасау, тағы басқа ондаған қызмет түрлерін қамтумен қоса бизнеске салықтық жеңілдіктер беріледі. Ал мемлекет барлық инфрақұрылымдар бойынша көмектеседі. Осылайша қалталы қаржыгерлердің көптеп келіп, алаңсыз жұмыс істеуіне айқара жол ашылады. Өз кезегінде экономикалық аймақ облыстың дамуына қуатты серпін береді. Соңғы жылдары өңірде қайта өңдеу саласына басымдық беріліп, оның үлесі 15-20 пайызға артқанымен, бұл ілгерілеулер негізінен агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі екені жасырын емес. Осы себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында атап көрсеткендей, өндірістің барлық буындарында бәсекелестік орта қалыптастыру – басты міндет.
– АЭА аймақтық және экономикалық жағынан біртұтас организм секілді. Ондағы өндіріс орындары еңбек, экономикалық-географиялық орналасуы жағынан жіктеліп, негізгі салалар жеделдетіле дамытылады. Қазір елімізде оннан астам АЭА жұмыс істейді. Біздің аймақтың индустриялық-инновациялық даму бағыты бойынша инвестициялық әлеуеті өте зор. Түпкі мақсаты – өндіріс ошақтарына соңғы үлгідегі жоғары технологияларды енгізу, экспортқа бағдарланған өнімдер мен тауарлардың бәсекелестікке қарымын арттыру, шаруашылықты басқарудың өміршең әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге де белсене атсалысу. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы тамақ өнімдерін өндіру, қалдықсыз өңдеу, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, электроника және электр, ауыр машина өнеркәсібі жабдықтарын шығару, көпбейінді аурухана құрылысын жүргізу сияқты қызмет түрлерімен айналысады, – дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары.
Жасыратыны жоқ, өңірде құрылыс индустриясының жекелеген түрлері кенжелеп қалған. Соның салдарынан кірпіш, цемент секілді құрылыс материалдары сырттан тасымалданатындықтан, өзіндік құны қымбат. Сергей Тимофеев жетекшілік ететін «Основание» ЖШС-і көп жылдан бері көпқабатты үйлер, ғимараттар салумен шұғылданады. «Құрылыс материалдары жергілікті жерде өндірілсе, тасымал шығыны азаяр еді. Міне, 18 қабатты тұрғын үй салып жатырмыз. Сонда ай сайын екі қабаттан көтеру мүмкіндігіне қол жеткізер едік», деген тәжірибелі басшы шағын цемент зауытын салу қажет деген ұсынысты үнемі көтеріп келеді. Кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің түлектері арасында жұмыссыз жүргендері аз емес. Енді осы мәселелер өз шешімін табады деген үміт мол.
Үкіметтің биыл қазан айында қабылдаған №758 қаулысына орай 2044 жылға дейін АЭА-ға 192,3 гектар жер телімін бөлу көзделсе, алғашқы ұйымдастыру жұмыстары басталып кеткен. Бүгінде тұрғындар көп қоныстанған «Береке» шағынауданында ширек ғасырға жуық иесіз тұрған кешенді нысан аумағында алғашқы қадасы қағылды. 1,5 гектар жерге дайын өнімдерге арналған қоймалар, ашық алаңдар, жасыл желекті эко-аймақ орналастырылады. Облыс орталығындағы құрылыс аумағын кеңейту мүмкіндіктері де жан-жақты ескерілген. Биыл өңірдегі басты шаhарда 1240 пәтер пайдалануға берілсе, келесі жылғы меже бұдан да биік. «Жас өркен» шағынауданында 18 қабатты тұрғын үйлер салынады. Үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін жабық үлгідегі станса салынуда. Құйылатын инвестиция мөлшері 2020 жылы 31 миллиард теңге болса, 2024 жылы 175 миллиард теңгені құрайды. Осы кезде арнайы экономикалық аймақтың құрамында 15 компания тығыз бірлікте ынтымақтаса жұмыс істейді.
Индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшылығының айтуынша, Индустрияландырудың екінші бесжылдығында 27,9 миллиард теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылып, бір мыңдай жұмыс орны құрылған. Биыл жыл аяғына дейін 17 миллиард теңгенің 5 жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Ғ.Мүсірепов ауданында бидайды тереңдетіп өңдейтін зауыт тұрғызуға 3,3 миллиард теңге жұмсалды. Жылдық қуаты – 360 мың тонна. «РимКазАгро» кәсіпорны сұйық сабын өндірісін жолға қойды. Осындай игі істердің нәтижесінде қайта өңдеу өнеркәсібінің жылдық көрсеткіші 23 пайыздан 43 пайызға дейін артты. Келесі жылы германиялық «CLAAS» компаниясы комбайн құрастырады. Айыртау ауданында еліміздегі жалғыз қалайы кен орны игеріле бастады. Инвестиция көлемі – 100 миллиард теңге. Тау-кен комбинаты іске қосылса, 500 адам жұмыспен қамтамасыз етілмек.
Үшінші бесжылдық бойынша өңірдегі қайта өңдеу саласына тартылатын инвестиция мөлшерін 1,5 еңбек өнімділігін 1,8, ал экспортталатын өнім көлемін 2,1 есеге өсіру қарастырылған. Бұған «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы өзінің сүбелі үлесін қосады деген сенім зор.
Солтүстік Қазақстан облысы