Елдегі қалыптасқан діни ахуалды реттеп отыруда, сол арқылы қоғамдық тыныштықты сақтауға үлес қосуда бұқаралық ақпарат құралдарына артылатын жауапкершілік жүгі ерекше салмақты. Таяуда елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің мұрындық болуымен «Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингі» атты астаналық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысқан арнайы семинар-дәріс өтті.
Бұл шара діни тақырыпты жариялау мен дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша журналистердің кәсіби біліктілігін арттырып, халыққа дұрыс әрі шынайы ақпарат жеткізудің оңтайлы әдістерін қарастыруға бағытталған. Жиын аясында екі міндетке баса назар аударылды. Біріншісі, журналистерді арнайы дағдыларға оқыту және дін саласындағы ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша тиімді жұмыс тәжірибесімен алмасу. Екіншіден, дін саласындағы тақырыптарға қатысты мәселелерді ақпараттық тұрғыдан іске асыру бағыттарын түсіндіру көзделді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов жиынның басында сөз алып, шараның шымылдығын ашты. Комитет төрағасы атап өткендей, бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Алайда, діни және этникалық мәселеге қатысты БАҚ-та жарияланатын материалдардың басым бөлігі сын көтермейді. Масс-медиа мазмұнында руханилықтың, гуманистік идеялардың орнына меркантильді прагматизм идеясы алға шығып кетті. Медиакеңістікті әсіресе, дін тақырыбында расталмаған және негізсіз ақпарат ағынымен толтыру журналист қауымына үлкен сын болмақ. Яғни, терминологияны білмеу және сарапшылар қауымдастығының бағалауынсыз күдікті тұжырымдамаларды қолдану күрделі салдарға әкелуі ықтимал. Сондықтан да БАҚ-тың ақпарат таратудың арнасы ғана емес, азаматтардың санасына әсер етуші күшті, ықпалды құрал, қоғамдық-саяси, оның ішінде дін мәселесіне қатысты үдерістердің белсенді қатысушысы болатынын ескере отырып, ақпарат айдынында жариялауға болатын мәселелер ауқымы мен шегін анықтау, этика мен заңға қайшы келетін немесе қоғамда жағымсыз резонанс тудыратын, дінаралық немесе конфессияаралық араздыққа әкелетін жарияланымдардың ара- жігін ашу аса маңызды.
– БАҚ-тың барлық түрлері, әсіресе, телеарналар мен радио басшыларының дін және мемлекеттік-конфессиялық қатынастар тақырыбындағы сарапшылық және аналитикалық материалдарды зерделеуі күн тәртібінде тұрған мәселе. Ал бұл үшін журналистер арнайы білім мен білікке ие болуы керек. Тиісінше, дін саласында жиі орын алатын оқиғаға немесе жиі қайталанатын жағымсыз үрдістерге қатысты журналистік зерттеулер мықты сарапшылық қолдау арқылы әзірленгені жөн. Материал дайындағанда журналистер құзыретті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми хабарламаларын пайдаланып, сарапшылардан – ғылыми-сараптамалық қауымдастық өкілдерінен кеңес алғаны дұрыс, – деген Е.Нүкежанов кез келген уақытта талдама мен консультация беруге әзірлігін айтып, өзінің жеке телефон нөмірін ұсынды.
Одан кейін сөз тізгінін алған негізгі медиа-тренер Абылайхан Қалназаров бүгінгі зайырлы қоғамымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – халықтың ұлттық және діни дәстүрлерінің жаңғыруы – Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуымен тұспа-тұс келгендігін айтты.
– Дін саласының сипаты жиі өзгеріп тұрады. Оны ұдайы назарда ұстап, мониторинг жүргізіп отыру керек. Ол ақпараттық соғыстарда жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге елдік мүддені қорғап отыру үшін қажет. Бұл орайда БАҚ-қа, оның мазмұнын жасаушы журналистер қауымына артылатын жауапкершілік зор, кәсіби біліктілікке қойылатын талап жоғары болмақ, – деді ол.
А.Қалназаров «Діни журналистика және оның типтері. Діни журналистика – сарапшы журналистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Діни журналистиканың түрі жағынан зайырлы, конфессиялық және диаспоралық болып іштей бөлінетінін, сипаты жағынан кәсіби немесе популизаторлық бағыттарға тармақталатынын жеткізді.
– Біз діни журналистика ұғымын терең түсіну үшін ең алдымен оның қай тармақ-бөлігінде жүргенімізді, яғни, ондағы өз орынымызды біліп алуымыз қажет. Сонда ғана дін тақырыбын қозғағанда орын алуы мүмкін қателіктер мен олқылықтардан аман бола аламыз, – деді медиа-тренер.
Сонымен қатар ол діндер және діни терминдердің білу деңгейін анықтау бойынша тест алып, ситуациялық ойындар ойнатты және терроризм мен экстремизмді БАҚ-та жариялау ерекшеліктері мәселесін көпшілік талқысына сала отырып саралады.
Бұдан бөлек, дінтанушы Тұрар Әбуов «Дін және дәстүр сабақтастығы» тақырыбында, Kazislam.kz порталының бас редакторы Саясат Қабдрахманов «Дін тақырыбын жариялаудағы этика мәселесі», «Ақниет» оңалту орталығының теологы Серік Тәжібаев «Деструктивті діни ағым өкілдерімен оңалту жұмыстарын жүргізудің әдістемелік негіздері» тақырыбында дәріс оқыды. Олардың айтуынша, кейде қазақ журналистері сенсация үшін сенімсіз ақпарат көздеріне жүгінеді. Өзекті емес деректерді немесе ресми түрде жоққа шығарылған мәліметтерді пайдалануға әуес. Тіпті қандай да бір үдерістерді сипаттауда асыра сілтеуі мүмкін.
Шара барысында медиа-тренерлер мен дәріс алушылардың пікір алмасуы мен талқылауы нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарына басшылыққа алуы ұсынылатын басты 4 қағида түйінделді. Бірінші қағида – зайырлы мемлекет және жоғары руханилыққа мән беру. Бұл бағыттағы идеологиялық жұмыстарда еліміздің өмірінің барлық салаларында зайырлылық қағидаттарын дамыту қажет. Зайырлылықты дамуға, адам құқықтарының сақталуына және елдің демократиялық болашағына бағыт деп түсіндіру керек. Екіншіден, бірлік пен келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі екенін үнемі назарда ұстау. Қазақстанда берік орныққан конфессияаралық келісім арқылы қол жеткізген жетістіктерді сақтау мен дамытуға баса мән берген абзал. Үшіншіден, патриотизм, ұлттық дәстүр мен мәдениет – ұлтымыздың рухани іргетасы екенін БАҚ журналистері жиі насихаттағаны жөн. Идеологиялық жұмыс арқылы халықтың санасына отансүйгіштік пен тарихи сананы, ұлттық дәстүр мен мәдениетті сақтау және дамыту қажеттілігін сіңіре беру аса маңызды. Төртіншіден, радикализммен және экстремизммен күрес – бүкіл қоғамның міндеті екенін естен шығаруға болмайды. Ол үшін халықтың құқықтық және діни сауатын қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе. Бұл дін атын жамылған деструктивті және экстремистік идеологияға қарсы тұрақты иммунитет қалыптастырудың кепілі мен негізіне айналуға тиіс.
Шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Нұрлан Шубаев дәріс қатысушыларын арнайы тәлімнен өткені туралы сертификаттармен марапаттады. Бұған дейін дін мәселелерін жиі көтеріп жүрген журналистер Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Олжас Сәндібекке, Kazislam.kz порталының тілшісі Ермұрат Назарұлына, «Заң» республикалық газетінің тілшісі Ерлік Ержанұлына, HOLA News ақпараттық порталының журналисті Айжан Қалиеваға, SAF MEDIA студиясының директоры Салтан Сайранұлына қаржылай сыйақы тапсырды.