Елордада «WorldSkills Kazakhstan 2019» - V Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионатының ашылу рәсімі өтті.
Чемпионаттың конкурстық бөлігі 12-14 қараша аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Оған еліміздің 17 аймағынан 22 жасқа дейінгі 400-ден астам маман келген. Қатысушылар WorldSkills-тің 38 құзыреттілігі (мамандықтары) бойынша сайысқа түседі және таңдалған құзыреттілікте медаль ұтып алу мүмкіндігі үшін жарысады. Конкурсқа қатысушыларды 500-ге жуық сарапшы бағалайды. «WorldSkills Kazakhstan 2019» - V Республикалық кәсіби шеберлік Чемпионаты жас кадрларды экономиканың өндірістік секторына тартуға және елдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ықпал етеді.
Шараның ашылу салтанатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, аталған чемпионаттың еліміздің экономикасы үшін маңызы зор екендігін атап өтті.
«Бұл - шын мәнінде еліміз үшін, республикамыз үшін өте маңызды іс-шара. Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына өте үлкен көңіл бөледі. Бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Техникалық және кәсіптік білім саласын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Соның ішінде WorldSkills қозғалысын дамыту мәселесін де көтерді. WorldSkills құзыреттіліктерін білім бағдарламаларына енгізу мәселесі - біздің алдымызда тұрған басты мақсат. Біз оны дамытатын боламыз», деді Асхат Қанатұлы.
Тағы бір айта кетерлік жайт, WorldSkills-тің экономикамызға маңыздылығын ескере отырып, еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин осы қозғалысты басқару туралы шешім қабылдады.