• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 13 Қараша, 2019

Жер жамылғысы сортаңға айналып барады

969 рет
көрсетілді

БҰҰ мәліметтері бойынша, бүгінде әлемнің кейбір елдерінде топырақтың құнарсыздануы мен тұздануы 50 пайызға жеткен. Ал Қазақстан топырағының құнарсыздануына байланысты сала мамандары үнемі дабыл қағып, жер қабатын сауықтыру мәселесін жиі көтеріп келеді. Соңғы мәліметтер бойынша, еліміз аймақтарындағы жағдай әртүрлі, ал құнарсыздану үдерісі 30-40 пайызға жеткен. Жер ананы сауықтыруға байланысты арнайы заң қабылдау керек деген мамандар алдағы оншақты жылда бұл көрсеткіштердің ұлғайып кету қаупі бар екендігін айтады.

Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында өткен конференцияға оннан астам ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысып, сортаң аймақтардан арылу мәселесін талқылады. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Абдолла Сапарұлы, экономикалық көрсеткіштерді негізге ала отырып, жердің тұздану салдарына тоқталды. Мамандар сортаң қабаттарды жою үшін топырықтың құнарлығын сақтау туралы заң қажет дейді. Бұл бағыттағы заң Еуропа елдерінің бәрінде бар. Кедендік Одаққа кіретін Ресей мен Белоруссияда да жерді қорғайтын заңдар қолданыста. Аталған елдер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бізден оқ бойы озып келеді.  

Конференцияда сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы С.Асылсейітұлы шаруалардың қолындағы техникалардың жылдан-жылға тозып бара жатқандығы шаруашылықтың дамуына кедергі деп атап өтті. Бүгінде заманауи технологияларды енгізу, цифрландыру жүйесін енгізу уақыт талабы десек, тозған техникасының бетіне қарап отырған шаруаның жағдайы тұрақты еместігін алға тартқан маман көлігі істен шықса шаруаның табысы да азаяды дейді. Бұл бағытта аймақтағы әкімдіктер арнайы мониторинг жүргізіп, шаруалардың ұжым болып еңбек етуіне қолдау көрсеткені абзал. Шаруаларға техникаларды лизингпен алу барысында да пайыз жеңілдіктердің қарастырылуы бірқатар жылдар бойы күн тәртібінен түспей келеді.

Осы орайда дақылдармен қатар жеміс-жидек, көкөніс алаңдарындағы топырақ құнарлылығын сақтауда білікті мамандар тәжірибесі қажеттігін қозғаған ғалымдар өнімділікті арттыруды мақсат ететін шаруашылықтар алдағы жылдарда топырақты сауықтыру мәселесіне сергек қарау тиіс екендігін айтады. Құнары мол топырақ - салауатты денсаулықтың кепілі. Мамандар сонымен қатар топырақтың құнарлылығын арттыруда ауыспалы егістердің маңызы бар екендігін айтады.  Өңделген егістік жерлерде көпжылдық шөптер өсіру мен аралық дақылдарды жасыл тыңайтқыш ретінде пайдалану, т.б. кешенді баптау жұмыстары органикалық құрамды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Жер жамылғысын сортаңнан арылту мәселесін қозғаған Б.Жексенбин, Б.Әміров, т.б. мамандар топырақты заңмен қорғау көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп атап өтті.

 

 АЛМАТЫ