Адам еңкейген шағында шарапатты ұлдан таба ма әлде, қыздан көре ме? Бәрі ниеттен десек те, кей жағдайда татулығы таусылған шаңырақтардың күйреуіне қыз таба беретін әйел «себепкер» болып жататынын бірінші рет қозғап отырғанымыз жоқ.
Біз бұған дейін де «Қыз таба беретін әйел...» атты мақаламызда перзент күтіп жүрген жандардың барлығы да алдымен дүниеге келетін сәбидің бақ-денсаулығымен туылуын тілесе де, пендешіліктің жеңіп кететін кездері аз еместігі туралы әңгіме қозғағанбыз. Медицина дамып, жария да құпия және адамның ақылына сыймайтын небір ғылыми сынақтар мен зерттеулер жүргізіліп жатқан заманда жарық дүниенің есігін ашатын шарананың жынысы тек әкесіне байланысты екендігі түпкілікті дәйектелгенін баяндағанбыз.
Алайда, онда неге осы тақырыпқа оралдық? Жыл сайын қазан айында БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қорының (ЮНФПА) бастамасымен Халықаралық қыз баланы қорғау күні атап өтіледі. Өйткені жаһанданған сайын бала өсіріп отырған баршамызды, ұлтымыз сау болсын дейтін кез келген халықты алаңдататын мәселе көбейді. Сол көкейкесті мәселелердің көш басында қыз баланың қауіпсіздігі мен денсаулығы, қоғамдағы орны тұр.
Егер сенсеңіз, осы тақырыппен тікелей айналысатын беделді халықаралық ұйымдардың дабыл қағуына қарағанда, кез келген ұлттың келешегі дәл қазіргі 10-15 жас аралығындағы қыз балалардың тәрбиесі мен денсаулығына байланысты.
Сонымен биыл БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қоры назарымызға ұсынған «Қыз болсын» атты деректі фильмі былай дейді: Қазақстанда 75 400 «Ұлбосын» есімді, яки соған ұқсас есімді иеленген қыз-келіншек бар. Қысқасы, ұл тілейтін есімдердің мағынасы 294 болып түрленеді. Яғни, Ұлмекен, Ұлжалғас, Ұлбике, қала берді Қыздығой мен Жаңылдың 53,6 пайызы ауылдық жерлерде дүниеге келген.
Түбірі «Ұл» сөзінен басталатын немесе мағынасы ұқсас аттар әсіресе, қазағы қалың оңтүстік өңірлерде жиі кездеседі. Ал жоғарыдағы 75 400 «Ұлбосынның» ішінде 203 әйел ғана өз қыздарына мағынасы өзіне ұқсас есім сыйлаған.
Дегенмен, «ерекше міндет арқалайтын» есімді иелену үрдісі соңғы 30 жылда төмендей бастаған көрінеді. Мәселен, 1990 жылдан бастап 2019 жылға дейін «Ұлбосын» немесе оған ұқсас есімді иеленген 13 803 жан болса, 2010-2019 жылдар аралығында 12 264 қыз балаға дейін азайған.
Қысқасы, қыз баланы кемсіту мәселесі ол дүниеге келмей жатып-ақ басталады деп айтуға толық негіз бар. Басқасын айтпағанның өзінде, осыдан бірнеше жыл бұрын әділет пен ақиқаттың жолында жұмыс істейміз дейтін әлемдегі ірі, атышулы CNN cияқты ақпарат құралдарының өзінде тапсырманы бірдей орындайтын әйел журналистер мен ер журналистердің, сондай-ақ Батыс пен Шығыста жұмыс істейтін тілшілерінің жалақысындағы үлкен айырмашылыққа қатысты жік шыққанын ұмытпауымыз қажет.
Сонымен әңгіменің әлқиссасына қайта оралайық. Жасөспірім қыздардың әлеуметтік тіршілігін, қоғамдағы қадірін зерделейтін «Қыз болсын» деректі фильмінің авторлары – фильммейкер Катерина Суворова мен әнші, қоғам белсендісі ЮНФПА спикері Ақмаржан Көшербаева (Kaliya) «Ұлбосын» есімі берілген жандардың тағдырына үңілуге тырысады. Өйткені әлмисақтан келе жатқан мұндай жағдайлар Қазақстанға ғана тән емес. Ұл баланы ғана бала деп, қызды адам қатарына қоспау түсінігі Орталық Азия елдерінде де, әлемнің басқа шалғайында да бар.
«Ал біздің фильм осы уақытқа дейін осынау сұрақ қойылмаған «Ұлбосындардың» үнін естуге мүмкіндік береді. Және бұл жауаптар қандай болса да, біз үшін өте маңызды. Өйткені бұл есімдер баршамыз, Кіндік Азия елдері үшін өмір эссенциясы болып табылады», дейді фильм режиссері Катерина Суворова.
Айтқандай, Халықаралық қыз балалардың күні 2012 жылдан бері ғана атап өтіліп жүр. Мақсаты белгілі – бүлдіршін өмірге ес кіріп, етек жаба бастағаннан-ақ қандай қиындықтарға тап болады, нендей кемсітушіліктерге ұрынады? Бұл кедергілерді жеңу мен қыз баланың құқығы мен арын сақтаудың жолдары қандай?
Бұл бастама қазір қыз баланың өз замандастарымен тең дәрежеде білім алуы, жынысына қарай зәбір, зорлық-зомбылық көруі, қыз болып туғаны үшін ғана қорланбай, өзін өзі бағалауы сынды жағдаяттарды шешуге септесіп келеді.
Өйткені өркениеттің дөңгелегі қанша жерден зырлағанымен, әлі де өз қатарластарымен бірдей мектеп есігін аттай алмай, таптаурын түсініктер мен әйел баланы оқшаулау үрдісінен арыла алмай отырған елдер бар. Бұған қоса, төмен етекті болып туылып қана қоймай, қоларба мінген, балдаққа сүйенген мүгедек қыз-келіншектер мен осал топтардың өкілдері бар екенін қаперде ұстайтын болсақ, жағдай біз ойлағаннан да күрделі болып шығады. Ал қым-қуыт өмірде қыз бала да кәсіпқойлықта, бір іспен әуестенуде, қиын жағдайларды еңсеріп, шешім қабылдауда өзімен қатар ер баладан бір мысқал да кем еместігін уақыт дәлелдеген.
«Болашағымыздың күн өткен сайын сандық және ақпараттық технологияларға тәуелділігі күшейіп барады. Ендігі жерде осы уақытқа дейінгі «еркектердің мамандығы» немесе «әйелдердің кәсібі» мен «хоббиі» дейтін басқа да өмір аспектілеріне дәстүрлі көзқарастарымызға қайта қарамайтын болсақ, онда қыз баланың заманына лайық білім алуына, талабы мен талантын толық пайдалануға кедергі жасайтын боламыз. Бұл қоғамның толайым алға жылжуын тоқыратады», дейді «ҚазРоботикс» қазақстандық білім және спорттық роботтехникалары федерациясы» РБК президенті Айжан Жекеева.
Не десек те, әлі де талай елде ұл мен қыздың қоғамдағы орны әртүрлі бағаланады, сондықтан да олардың өмірлерінде де өзгешелік бар. Көп жағдайда қыз баланы келешекте үй шаруасына бейімдейді. Ал ұлдар – мұрагер, отбасының асыраушысы екені онсыз да аян. Ендеше ер-азаматтың қоғамдағы абырой-беделін арттыра отырып, қыз баланың да қатарынан қалмауын, отбасында сый-құрметке бөленіп, қым-қуыт тірлікте қашанда қамқорлықта болуын идеологиялық тұрғыда насихаттаудың көкейкестілігі күшін жоймайды.
Әйтпесе, жоғарыдағыдай жабайы ұстанымдар мен таптаурын түсініктер қыз баланың келешегіне ғана емес, ұлттың да болашағына сөзсіз кері ықпал етеді. Салдары белгілі, кемсітушілік көрген қоғамның қыз-келіншектері көп мүмкіндіктерінен айырылып, өзіне де, өмір сүрген ортасына да пайдасын тигізе алмағандықтан, төменшіктей беретіні белгілі. Бұл даму даңғылына түскен зайырлы қоғамның сипаты емес.
Мәселен, бұл туралы БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қорының (ЮНФПА) Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі аймақтық директорының ерекше мәртебелі кеңесшісі Педро Пабло Виллануэва: «Репродуктивтік денсаулық пен репродуктивтік құқықтарды сақтауға деген қолжетімділік әйел мен ер-азаматтардың теңқұқылығын қорғауға қосылатын үлкен үлестің бірі. Әйел өзінің отбасын жоспарлаған кезде бүкіл өмірін де қоса жоспарлайды. Әйелдердің репродуктивтік құқығын қорғау мен оны алға жылжыту, оған қоса бала табу және қанша балалы болуға өзі шешім қабылдай алу құқықтары олардың қоғамның дамуына толыққанды және тең құқылы түрде араласуының негізгі өзегі. Ал репродуктивтік денсаулық пен әйелдердің құқығын кеңейту өзара тығыз байланыста ғана емес, маңыздылығы аса күрделі екені туралы келісім осыдан 25 жыл бұрын Каирде өткен атақты халықтардың қоныстануы мен дамуы халықаралық конференциясында қабылданған. «Қыз болсын» мұнан да ірі жобаға айналып, оның шеңберінде гендерлік теңдікті алға жылжытып, қыз баланың құқығын кеңейтуге барлығы да үлесін қоса алатын болады», дейді.
Сондай-ақ биыл қараша айында БҰҰ-ның Халықтар саны саласындағы қоры Кения мен Дания Үкіметтерімен бірлесіп, халықтардың қоныстануы мен дамуы халықаралық конференциясының 25 жылдығына орай, Найробиде халықаралық Саммит ұйымдастырады. Жоғары деңгейде өткізілетін бұл конференция осыдан 25 жыл бұрын қабылданған ХҚХК әрекеттері бағдарламасын түпкілікті және толық жүзеге асыру үшін саяси еріктілік пен қаржылық міндеттемелерді шоғырландыруды мақсат тұтады. Бұл міндеттемелер отбасын жоспарлау мен ақпараттандыруда бірде-бір адамның да көңілінде қаяу болмағанын, жүктілік барысында, босанатын кезде, тұрмыстағы әлімжеттікте аналардың өлім-жітімін түбірімен жойып, қоғамдағы қыз-келіншектерді зорлық-зомбылықтан арылтып, әйел адамдар мен жасөспірім қыздарға қатысты зиянды әрекеттерді түпкілікті тыюды көздейді.
Дегенмен, БҰҰ беделді ұйым болса да, көздеген мақсатына жеке-дара жете алмайтыны тағы белгілі. Бұл жерде үкіметтер осынау іске араласуды қажет деп тауып, ықпал етуі, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғам белсенділерінің үні де аз рөл атқармайды.
Мәселен, қазірдің өзінде Қазақстандағы «Қыз тағдыры» сияқты бірқатар жобалар арқылы тапталған абыройына араша сұраған, заңсыз жұмыстан босатылған, қорланған қыз-келіншектердің дауысы естіліп жүр. Сол сияқты бізді толғандырып отырған тақырыпқа қатысы бар қылмыстық істерге бақылау пайда болып, тергеу амалдары мен сот ісінде әділдікке қол жеткізуге болатынына әйел адамдардың көзі жете бастады.
АЛМАТЫ