• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қараша, 2019

Ит жүгіртіп, құс салды

864 рет
көрсетілді

Ұлттық спорттың бір тармағына жататын құмай тазы, қыран құспен аң аулау өнері елімізде кешенді түрде дамып келеді. Бұған таяуда Қарағанды облы­сындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде өткен «Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирінде көзді анық жеткіздік.

Арқа төсін үш күн дүбірге бөлеген айтулы додаға Моңғолия мен Қырғыз­станнан және еліміздің 13 облысынан аушы құстарын көтеріп, тазыларын жетектеген 80-нен астам саятшы-спорт­шы бақ сынады. Нақтырақ айтар бол­сақ, ашық аспан астында 60-қа жуық қыран құс пен 30-дан астам құмай тазы иелерінің бұйрығын бұлжыт­пай орындап, жарыстың көрігін қыздыр­ды. Осы жерде еске сала кететін бір жайт, жыртқыш құс­тармен аң аулау ЮНЕСКО-ның материал­дық емес мәдени мұрасының тізіміне 2010 жылы енгізілген екен...

Ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған халықаралық турнирдің салтанатты ашылуында Қарағанды облысы әкімінің жарысқа қатысушыларға арналған құттықтауын оның орынбасары Абзал Нүкенов оқып берді.

Қоғам және мемлекет қайраткері, «Қансонар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оралбай Әбдікәрімовтің, Халық қаһармандары, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың бұл спорттық шараға мәртебелі мейман ретінде қатысуының өзі халықаралық деңгейдегі сайыстың салмағын арттыра түсті.

Сайыс бағдарламасына сай, бүркіт, ителгі және қаршыға сынды аушы құстар көгершіндер мен қояндарды аулап, түлкі тұлыбын ұстап алып келу және еркін ұшу сынақтары бойынша жарысты. Сонымен қатар сайыс барысында тазылардың көрмесі өтіп, артынша жүйрік иттер 350-400 метрге жарысты және қорытынды сынақ ретінде олардың ізшілдігі сыналды. Иісшіл тазылар түлкі, қоян және борсықты іздеп табудан сынға түсті.

«Ұлы дала мұрасы» халықаралық турниріне Атыраудан келіп қатысқан атақты бүркітші Арман Қошқаров бұл күнде балаларының да құсбегілік өнерге ден қойғанын мақтанышпен айтты.

– Менің балаларым кішкентай құстар мен аң аулауға әуес. Әкем бүркітші болды, осы өнердің қыр-сырын маған сол кісі үйреткен. Қазір менің қолымда бірнеше құс бар, – дейді ол.

Қазақстанның жеті дүркін және әлем чемпионатының екі дүркін жеңім­пазы бүркіттерді Моңғолия мен қырғыз елінен сатып алатынын айтты. Ал бұл құстар Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енгізілгендіктен, бізде оларды сатуға тыйым салынған.

«Аушы құстарға ерекше көзқарас қажет, – дейді құсбегі. – Оларға басыбайлы  меншігім деп қарауға болмайды. Бүркітті 10-15 жыл ғана ұстауға болады. Содан кейін оған еркіндік беріп, ұшырып жіберу керек. Бұл – ежелден қалыптасқан ереже. Қыран құс 15-20 жас аралығында кәрі деп есептелмейді, олар жабайы таби­ғатта өздігінен өмір сүре алады».

Қазіргі таңда жастардың ата-бабадан қалған өнерге ерекше құрметпен қарап, оны дамытуға құлшынып жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Сондай жастың бірі – ел астанасынан келген Руслан Мағзұмов. Ол бес жыл бұрын бүркіт сатып алып, өз бетінше құсбегілікпен айналысып келеді екен.

– Қазір құстың тілін бір кісідей біле­тін дәрежеге жетіп қалдым. Жалпы, спорт­тың бұл түрінде қатаң болудың қажеті жоқ, олай болған жағдайда құс сізге деген сенімін жоғалтады. Алдымен бүркіт сізге бауыр басуы керек. Ол үшін құсқа күн сайын бір немесе екі сағат уақы­ты­ңызды қиғаныңыз жөн. Оны уақытында тамақ­тандырып, жиі қолға алып, сылап-сипап отыру керек. Сол кезде құс пен иесінің арасында тығыз байланыс орнап, бүркітті аң аулауға үйрету оңайырақ болады, – деп өзінің тәжірибесімен бөлісті құсбегі.

Үш күнгі сайыстың қорытындысында Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы «Жанқияр» деген құсының арқасында «Үздік бүркітші» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Атырау облысынан ат арытып жеткен Арман Қошқаровқа екінші жүлде бұйырды. Ал ел астанасы атынан сынға түскен Серік­бек Күнтуған қола жүлдені қанағат етті.

Ителгі сынында Алматы облысының өкілі Медет Шәліповтің «Дауыл» атты құсына тең келер болмады. Қыр­ғызстаннан келген Түгелбай Әбдіқадыров пен Атырау облысының тұрғыны Ерасыл Серікбек бұл сында, тиісінше, екінші және үшінші жүлдегер атанды.

Ұшқыр қаршығалар арасындағы сайыста «Бозқұш» атты құсымен өнер көрсеткен қырғыз ағайын Әбдірасұл Қуатовтың асығы алшысынан түсті. Маң­ғыс­таулық Ержан Сахарбайдың қаршы­ғасы күміс жүлдені қағып түссе, Жамбыл облысының құсбегісі Берікболсын Баба­жан қола медальды місе тұтты.

Ал тазылар арасындағы тартысты додада керекулік Бекболат Ысқақовтың «Сарыарқа» атты құмайына жетер ит болмады.

Жарыстың жүлде қоры 2,5 миллион теңге болғандықтан, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қанжығасы бос қайтпады. Ақшалай сыйлықтан бөлек, оларға медальдар, арнайы дипломдар мен кубоктар табыс етілді.

Дегенмен, осы жарысты ұйымдас­тырудың басы-қасында жүрген атақты құсбегі Тілеуқабыл Есембекұлы жүлде қоры­ның аздау болғанына көңілі тол­ма­ғанын жасырмады. «Бәйге, көк­пар, ақындар айтысы, қазақ күресі дегенде жүлдеге автокөлік, алтын тай­тұяқ, қомақты қаржы тігіліп жатады. Алдағы уақытта мен бұл турнирдің жүл­де қоры­ның да осылармен деңгейлес бол­ғанын қалар едім», деген тілек айтты ол.

Жалпы, аталған сайысқа қатысушылар мен қонақтар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, спорттық шараның талапқа сай болып өтуіне, әсіресе Шет ауданы әкімдігінің еңбегі көп сіңген еді.

«Ұлы дала мұрасы» халықаралық тур­нирін Мәдениет және спорт министр­лігі­нің Спорт және дене шынықтыру іс­тері комитеті, Қазақстанның этноспорт қауы­м­дастығы, Қарағанды облысының әкім­дігі, Қарағанды облысының дене шы­­нық­­тыру және спорт басқармасы, «Қан­сонар» РҚБ және Шет ауданының әкім­дігі ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы