Бүгін жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясында болып, газет ұжымымен кездесті.
Дархан Қыдырәлі кездесу барысында биыл ел газетінің ғасырлық мерейтойы екенін атап өтіп, еліміз бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар бас басылымның 100 жылдығына орай арнайы кітаптар шыққанын, ол материалдардың Орынбор, Мәскеу және өзге де ірі қалалардан табылғанын айтты. Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек еткен Елен Әлімжан, Мейрамбек Төлепберген, Көсемәлі Сәттібайұлы, Оралхан Дәуіт сынды ардагер азаматтарды «Егемен Қазақстан газетіне 100 жыл» арнайы төсбелгісімен марапаттап, куәлігін тапсырды. Өз кезегінде ардагер азаматтар бас басылым басшысына алғыс айтып, газеттің 100 жылдығының лайықты деңгейде аталып өтуіне тілектестік білдірді.