Ауылдастары Воробьевтар отбасын құттықтау үшін Воскресенов орта мектебіне тайлы-тұяғы қалмай жиналды.
Осы күні мал өсіріп, жұрт қатарлы қарапайым ғана тіршілік етіп жатқан бұл әулетке ерекше құрмет көрсетілді. Бұл ұлықтаудың жөні бөлек. Салтанатты шараға педагогикалық құрам, мектеп оқушылары, әкімдік, полиция, төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, Владимир мен Татьянаны ортаға шақырды. Олардың ерлігінен әп-сәтте құлақтанып қалған жерлестері орындарынан тұрып, дуылдата қол соқты. Бұл екеуі дәл осылай қошемет боларын күтпеген білем, қызарақтап, өздерін жайсыз сезінді. Ауылдық округтің әкімі Виктор Мищенко алғашқы сөзді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Амир Бекчентаевқа берді. Азаматтық қорғау полковнигі оқыс оқиға кезінде батылдық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткені үшін Воробьевтар отбасына зор алғысын айтып, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Айдың-күннің аманында бір әулетті қара жамылдыра жаздаған жайсыз жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сөйтсе, елді мекен шетінде тұратын Владимир мал жайлап жүргенде кешкі тыныштықты қақ жарған ащы айғайды естиді. Жүрегі әлдебір сұмдықты сезгендей дауыс шыққан жаққа қарай бар екпінімен жүгіре жөнеледі. Дөңнен көтеріліп, еңіске қарай ылдилағанда әрлі-берлі қол сермеп, жаны ышқынған көршінің қызын көреді. Өзі жұп-жұқа мұздың үстінде тұр, тұлымшағы желбіреген оның зар еңірегеннен басқа қолынан келер дәрмені жоқ. Адамдарды көмекке шақырайын десе, жас сәбидің еңбегіндей былқылдап тұрған мұз ойылып кетіп, өлім мен өмір арасында арпалысқан екі бауырын қимайды. Балдырғандар құтқаршы дегендей бұған жалына, жалбарына қарайды. Ойнап жүріп көл жағасынан әудем жер ұзап кеткенде әлі қата қоймаған жұқа мұз шытынап кеткен тәрізді. Владимир бірден мұздай суға қойып кетті. Есіл-дерті – періште қанат балақандарды құтқару. Қас-қағым сәт! Енді сәл кешіккенде Леня мен Женяны қара су жұтып қоюы кәдік еді. Үй шаруасымен айналысып жүрген Таня да қос өкпесін қолына алған күйі осы жаққа құстай ұшқан. Олар су ішінде әбден тоңып, қорыққаннан қалтырап, көпке дейін өз-өздеріне келе алмаған балаларға білгендерінше медициналық көмек көрсетіп, халықтық ем қолданған. Осы кезде алғашқы дәрігерлік көмек те келіп жеткен.
Журналистердің қиын-қыстау сәтте қандай сезімде болдыңыз деген жаттанды сұрағына бейбіт күннің батыры «Менің желкілдеп өсіп келе жатқан үш балам бар. Солар көз алдыма елестеді. Олар әлдебір қатерге кезіксе не болар еді деген суық ой сұр жыландай сумаңдап өтті. Оның үстіне қос балақайды да, олардың ата-аналарын да жақсы танимын. Осы себепті қайтсем де құтқаруға тиіспін деп шештім. Менің орнымда кез келген ауылдасым болса, көзсіз тәуекелге бел буары кәдік», деп жауап берді.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Лариса Андрюхина шәкірті Володяның жақсы қырларын, көпшіл, қоғамшыл мінездерін атап өтті. Жеке кәсіпкер Александр Богданов отбасына микротолқынды пеш тарту етті. Учаскелік полиция инспекторы Александр Рогачев қысылтаяң уақыттағы олардың батыл іс-әрекеттерін жас буынға үлгі етіп, қауіп-қатерлерден сақтанып жүруге шақырды.
Көпшіліктің бірауызды қолдауымен ерлі-зайыпты Воробьевтар Ішкі істер министрлігінің марапатына ұсынылып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы