Адалдық – адамдықпен астасқан, тазалықпен тамырлас ұғым. Оның мәні мен маңызы тереңде. Аталған қасиетті ұғым мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстаған мекеме қызметкерлерінің бойында болса, онда қарапайым халықтың билікке деген сенімі арта түсетіні айқын. Бұл ретте «Адалдық алаңы» жобасының алар орны айрықша екені белгілі. Жоба іске қосылғаннан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шара атқарылуда.
Сөзіміздің дәлелі ретінде жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлескен «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгіновтің түрлі ұйым өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу «Жанұя» отбасы институтын қорғау орталығының алаңында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар және қоғам өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Жиын барысында Алтай Көлгінов жобаның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудегі ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында ашылған iQala орталығы жұмысының кәсіпкерлер үшін қолайлы екендігін жеткізді.
«IQala көмегімен сіз кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға техникалық сипаттамаларды бір өтініш арқылы ала аласыз. Бұрын жарық, су, жылу қосу үшін әр монополисті жеке-жеке айналып, уақытты және ақшаны жұмсау қажет болатын. Қазір iQala орталығында және сайттың көмегімен бір өтініш арқылы жұмыстарды бітіруге мүмкіндік бар. Егер біз қоғамның алға басуын, мемлекеттің дамуын, тәуелсіздігіміздің нығаюын терең түсінетін болсақ, онда осы жобаның маңыздылығына мән беруіміз керек. Себебі шынайы ұғынған адам үшін жемқорлық деген ұлттың тамырына балта шабатын дүние. Сондықтан біздің алдымызда, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің алдында тұрған талап – ашықтық. Ашықтық бар жерде сапалы қызмет атқарылатыны айқын. Осы мәселені көп болып шешуіміз керек. Себебі қоғам болмай мемлекет болмайды. Біз де, мемлекет қызметкерлері де қоғамның бір мүшесіміз. Сол себепті бізге міндет жүктелгеннен кейін оны жауапкершілікпен атқарғанымыз абзал. Осы ретте «Адалдық алаңы» жобасын қолға алып, іске асырып жатқан агенттік қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді», деді Алтай Көлгінов.
Айта кететін бір жайт, бүгінгі таңда iQala орталығы 92 қызмет түрін ұсынған. Қараша айының соңына дейін қосымша 47 қызмет қосылады деп күтілуде. Жыл соңына дейін барлығы 139 қызмет іске қосылатын болады. Алик Шпекбаев өз сөзінде елімізде «Адалдық алаңы» жоба кеңселері жүзеге асырып жатқан бастамалар жөнінде атап өтті.
«Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында агенттік халық арасында парасаттылық қағидатын насихаттауда. Іске асырылып жатқан бастамалар азаматтар арасында жасаған іс-әрекеті үшін жеке жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған. Сатушысы жоқ дүкендер, метрода бақылаушысы жоқ турникеттер, адалдық мектептері – қоғамдағы адамгершілікті тәрбиелеуге бағытталған. Республика бойынша «Адалдық алаңы» кеңселері жаңа идеялар мен бастамалар құру мақсатында белсенді қоғамның мемлекеттік аппаратпен өзара қарым-қатынасы үшін көпір болып табылады. Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша шамамен 3,5 мың азаматқа көмек көрсетілді», деді Алик Шпекбаев. Агенттік төрағасы мәлімдегендей, барлық өңірлерде және бірқатар министрлікте жұмыс істеп жатқан «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері арқылы кез келген адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеуге қатыса алады.
Иә, қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін жоғары адамгершілік пен мәдениетті дамыту қажет екені, айтпаса да түсінікті. Адамгершілік, парасат, адалдық ұғымдары араласқан кез келген сала жемісті жұмыс пен жоғары нәтиже беретіні анық. Сондықтан да Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттің мүлкі мен қаржысына жауапкершілікпен қарап, өзіне берілген тапсырманы арына жүктелген міндет деп қабылдап, оны адалдықпен атқарып, жемқорлықтың жерге қарататын қасиет екенін жете түсінгендері абзал. Осы орайда елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Елордада жоба аясында «ашық әкімдік» тұжырымдамасы белсенді жүзеге асырылуда. Қаламыздың Есіл және Сарыарқа аудандық әкімдігінде азаматтарға қызмет көрсететін заманауи фронт-офистер ашылды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін жаңа iQala орталығы қызметін жалғастыруда. «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» мен «Қатысу бюджеті» аясында бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жаңа құралдар енгізілуде. Елорданың әр тұрғыны өз ортасы үшін жауапкершілікті мойнына алып, әрқайсымыз қаламызға өз үйіміздей қарауымыз керек. Бұл ретте «Адалдық алаңы» жобасын айрықша атап өткен жөн деп есептеймін. Жоба осыдан екі жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан болатын. Елордадан қанатқақты жоба ретінде бастау алған «Адалдық алаңы» бүгінгі таңда республиканың барлық аймағында сан түрлі шара атқарып үлгерді. Оның негізгі міндеті – қызметке деген адалдықты алға тарта отырып, жемқорлықпен күресу, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру. Мысалы, «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» арқылы қаладағы атқарылған жұмыстар, мемлекеттен бөлінген қаражаттың жұмсалуы және тағы да басқа туындаған мәселелердің нәтижелері туралы көруге болады», деді ол.
Қатысушылар әкімшілік кедергілердің болуы, еңбекақының жеткіліксіздігі, басшылардың жеке жауапкершіліктерінің болмауы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жеткіліксіз болуы, мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, қоғамдық бақылаудың болмауы, мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сот және құқық қорғау органдары қызметінің жабықтығы сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін негізгі факторлар екенін алға тартты. Сондай-ақ жиында экология, білім беру салаларындағы жаңа жобалар және үкіметтік емес ұйымдармен қарым- қатынас орнату бойынша қоғамдық ұйымдардың өкілдері тыңдалды.
Шара соңында елорда әкімі агенттік төрағасымен «Астана – адалдық алаңы» жобасын дамыту мен кеңейту бойынша алдағы міндеттер мен басымдықтарды атады.