Иван Куликов бар-жоғы екінші сыныпта ғана оқиды. Бірақ шынашақтай болғанына қарамастан, лего ойындарға деген қызығушылығы ересен.
Оның қала мектептерінің арасында өткен ғылыми жобалар сайысында ең үздік атанғанына еш таңғалуға болмайды. Ұлының техникаға деген ерекше икемділігін байқаған ата-анасы үш жасынан бастап үйірмеге жаздыртқан. Содан лего ойынына деген әуестілігі хоббиға ұласып, кейін роботтехниканы таңдап алған. Өзі тұратын мекенжай аумағында тарихи маңызға толы нысандардың бар екенін білген ол осы тақырыпты тереңірек танып, «лего тілінде сөйлетуді» ұйғарған.
«Қасымов мешіті еліміз бойынша тастан қаланған әрі ең көне ғибадатханалардың бірі екенін естіп, неге уақыт үрдісіне орай жаңғыртпасқа деген ой келді. Есіл өзені арқылы өтетін көпір, Заречный кенті, қала және саяжайлармен байланыстыра отырып, кешенді түрде көрсетуге ұмтылдым. Ізденісім жаман шықпаған сияқты. Әрине, жетілдіретін тұстары бар. Оны ішім сезеді. Келешекте бұдан да күрделендіре түспекпін», дейді № 14 мектептің оқушысы.
Оның «Ойқалалего бағыты» атты ғылыми жобасы «Өлкетану» аталымы бойынша ең үздік деп танылған. Ендігі ойы – облыс орталығының шеткері аумағында орналасқан Ойқала шағын ауданына қатысты басқа да көрікті жерлерді бейнелеу. Оған «Ойқаланың жеті керметі» деген ат та тауып қойыпты. Дұрыс күтім жоқтығынан түпнұсқасы сақталмаған болмаса қираудың аз-ақ алдында тұрған тарихи ғимараттарды бұрынғы қалпына келтіру мақсатымен қажетті деректерді жинастырып, ауданның шағын картасын жасауға кірісіп кеткен.
Бұл тақырып Ваняның сыныптасы Евгения Разонаеваны да ерекше ынтықтырыпты. Осы себепті болар, ғылыми жобасын қатпар-қатпар тарихын ішіне бүккен кентті зерттеуге арнап, «Ойқала – менің кіші Отаным» жобасын ұсыныпты. Жобаны таңдағанға дейін Ойқала жайлы ештеңе білмейтінмін. Бір ғана әулие Петр мен Павел апостолдарының шіркеуінің өзі неге тұрады?» дейді ол туған жер жайлы толғана сөйлеп.
Осы білім ордасында жас өрендердің талабына, талпынысына қозғау салатын, ойларын ұштайтын, іргелі ізденістерге жетелейтін үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Солардың бірі «Оқушылардың денсаулығына ықпал ететін мектеп» деп аталады. Бірегей жоба экспериментке негізделгенімен, саламатты өмір салтын орнықтырудағы маңызы өлшеусіз болмақ. Мектеп директоры Антонина Сачкованың айтуына қарағанда, бағдарламаны жүзеге асыру барысында спорттқа деген белсенділік, физикалық жүктеме, дұрыс тамақтану, психологиялық ахуал ерекше ескеріледі. Пайдалы бағыттардың бірі ретінде артық салмақтан арылу жайы да қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы