Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Әйел және бизнес» тақырыбындағы форумға өңірдегі қалалар мен аудандардан 200-ге жуық нәзік жанды бизнес өкілдері қатысты.
Қазіргі күнге дейін әйелдер басқаратын орта және шағын бизнестің 43 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Ал әйелдер басқаратын кәсіпкерліктің саны 62 мыңға жеткен. Кәсіпкерлік құндылықтарды қалыптастыруды қолға алған «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған 5623 адамның 2700-і қыз-келіншектер. Гранттар мен несиелерді жеңіп алған әйел-кәсіпкерлердің саны 600-ге жеткен. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында арнайы оқытудан өткен 710 әйелдің 400-і өз бизнесін бастау мен дамыту үшін қаржыландыруға қол жеткізген. Бұл деректер Түркістан облысының бизнес ханымдары бас қосқан форумда келтірілді.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – кәсіпкер қыз-келіншектерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу. Форумның жұмысы жергілікті әйел-кәсіпкерлердің төл өнімдерін халыққа ұсынған көрмеден басталды. Олардың қатарында экологиялық таза косметика, қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен тәтті тағамдардың түр-түрі бар. Келуші қонақтарға ұсынылған бұйымдарды тек тамашалап қана қоймай, ұнағанын алуға да мүмкіндік жасалды. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаровтың айтуынша, өңірде бизнеспен айналысуға ниетті әйелдер саны күннен күнге өсіп, бүкіл саланың дамуына септігін тигізуде. «Бүгінгі форум –жаңа көптеген пайдалы жаңалықтар алмасу үшін ашық сөйлесу алаңы бола алады. Біз облыстық кәсіпкерлер палатасы әйелдер қауымын барлық жағынан қолдауға дайынбыз, есігіміз барлығына ашық», деді облыстық палатаның басшысы.
Форум аясында қатысушылар өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар тақырыптық шеберлік сағаттарын өткізіп, бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы алуға болатынын түсіндірді. Ал «Асыл Арман» корпорациясының басшысы Алма Архабаева өз тәжірибесімен бөлісіп, отбасылық өмір мен бизнесті қатар алып жүрудің жолдарын айтып берді. Бір жылда атқарылған жұмыстарға есеп беріп өткен Түркістан облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенованың айтуынша, кеңестің құрамында 500 белсенді әйел бар. Келесі жылы қарай бұл санды 2 мыңға көбейтуді жоспарланып отыр.
Форум соңында облыстық кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқан бірқатар іскер қыз-келіншектер «Бизнес мақтанышы», «Үздік кәсіпкер», «Әйел кәсіпкерлігіне қолдау көрсеткені үшін» номинациялары бойынша марапатталды.