• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2019

Материалдық емес мәдени мұралар – ЮНЕСКО оларды мектеп бағдарламасына енгізуге ниетті

1985 рет
көрсетілді

Алматыда Орталық Азия елдерінің материалдық емес құндылықтарын насихаттауға арналған өңіраралық кездесу өтіп жатыр. Биылғы басқосу материалдық емес құндылықтарды сақтау және оны мектеп және жоғары оқу орындарының академиялық бағдарламаларына енгізуді көздеп отыр. Бұл шара ЮНЕСКО мен Азия – Тынық мұхиты аймағындағы ел­дердің материалдық емес мәдени құндылықтарын зерттейтін Халық­аралық-ақпараттық орталығының қолдауымен өтті.

Жиынды ұйымдастырушылар бұл фактор олардың бір-бірін жақыннан тануына және тарихи құндылықтарына сыйластықпен қарауына мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.

ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі және Кластерлік бюроның директоры Криста Пиккат ханымның пайымдауынша, техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) өкілдері арасында материалдық емес мәдени мұра мен дәстүрлі білімді насихаттау тек білім беру үшін ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы және одан тыс жерлердегі мәдени әртүрлілікті сақтау үшін маңызды.

Әлем халқы ЮНЕСКО-ны жекелеген ха­лықтардың ғасырдың сүзгісінен аман өт­кен мәдени, материалдық емес құндылық­тарының қорғаушысы деп таниды. Адам­заттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне Қазақстаннан ен­гізілген элементтердің қатары оннан асып қалды. 2018 жылы Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі жоралғылары, асық ойындары, көкпар да осы тізімге енген болатын.

ЮНЕСКО жанындағы ICHCAP Бас дирек­торы Сонг Ен Парка өзінің кіріспе сөзінде жекелеген елдердің мәдени, материалдық емес құндылықтары жыл өткен сайын толығып келе жатқанын айтты. Мысалы, тек 2018 жы­лы Өзбекстанның, Тәжікстанның және Қыр­ғызстанның ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері әлемдік маңызы бар мәдени мұ­ра ретінде халықаралық қауымдастықтың қор­ғауына алынғанын, олардың әлемдік мәдени мұралардың ландшафтына өзге­ріс­тер енгізгенін айтты. Ендігі міндет – оның мектеп немесе ЖОО академиялық бағдар­ламаларымен интеграциялануына жол ашу. Бұл қарапайым тілмен айтқанда, әлемдік тізімге енген мәдени мұраларды мектеп бағ­­­дар­­ламалары арқылы насихаттау. Сонг Ен Парка мырзаның айтуынша, бұл ұсыныс ме­­дианарық үшін жаңалық болмауы тиіс. Осы­­ған дейін ЮНЕСКО-ның Бас кеңсесінде келісіп, бекітіліп, тіпті оның бағыт-бағдары да белгіленіп қойыпты. Енді жекелеген елдердің ұсыныстарын есту, қажеттілерін қаперге алу ғана қалған.

Қырғызстандағы «Унум» мәдени пікір алмасу және мәдениеттердің тоғысуы орталы­ғының жетекшісі Айжарқын Қожобекова өз елінде бұл салада біраз тірліктердің басы қайырылып қойғанын айтты. Мектеп бағ­дар­ламаларында тарих пәні бойынша әр тақырыптарда шашылып жүрген жекелеген ұлттардың мәдени мұраларын жинастыру туралы ұсынысты қырғыз билігі де құп алған. Енді солардың басын қосып, мектеп бағдарламасына енгізу керек. «Қоғамның «бұдан кейін не болады?» деген сұраққа жауап іздеуі заңдылық. Енді осы пәндерді академиялық негіздеп беретін мамандарды дайындау да күн тәртібіне шығады. Сол себепті мұны да министрлік пен ЮНЕСКО деңгейінде бір пысықтап алу керек», деп атап өтті Айжарқын Қожобекова.

Қазақстандағы ЮНЕСКО мектептері қа­уым­­­дастығының өкілі Юлия Ким де біздің еліміз­­дің бұл бағытта қамсыз және әрекетсіз отыр­­ма­ғанын жеткізіп, өздері дайындап отыр­­ған қанатқақты жоба туралы айтып өтті. Әзір­­ше ол зерттеу және талқылау деңгейінде екен.

Қырғыз еліндегі жағдай тәрізді жекеле­ген халықтардың мәдени мұралары тура­лы ақпараттар аз. Оны іздеу үшін министрлік­тердің, тіпті ЮНЕСКО-ның сайттарын сүзіп шығуға тура келіпті. Одан бөлек жекелеген про­фильді мамандардың материалдық емес құндылықтар туралы түсінігі біржақты емес. Оны ЮНЕСКО-ның қорғауына арналған тарихи ескерткіштермен шатастыру да басым. Сол себепті мұндай мемлекетаралық маңызы бар шараларды қолға алмастан бұрын, Орталық Азия елдерінің осы саладағы өкілдері тағы бір кездесіп, біраз мәселелерді пысықтап алған жөн. «Мектептерде және ЖОО мен ЮНЕСКО өкілдері, материалдық емес мәдени құндылықтарды зерттейтін сарапшылар арасында байланыс жоқ. Оны күшейту керек. Содан соң ЮНЕСКО қарауына алған мәдени мұралар туралы ақпараттарды мектеп оқушыларының түсінігіне қарап бейімдеу керек» деп атап өтті Юлия Ким. Бұл пікірді Тәжікстаннан келген сарапшы Алишер Икрамов та қолдап шықты. Бұл жайтты тереңдетіп зерттеу үшін халықаралық ұйым шеңберінде грант немесе мәртебесі соған лайықты сыйақы тағайындау кідіріп, кешеуілдеп жатқан тірліктердің дүр етіп көтерілуіне сеп болады екен.

Пленарлы сессияның түйін сөзін алған Сонг Ен Парка мырза ЮНЕСКО-да жекеле­ген халықтардың қорғауға алынған бөлі­мінде мәліметтер жеткілікті екенін түсіндіріп өтті. «Мәдени мұра сені өзгелерден ерекше­­лен­діріп тұратын фактор. Басқаларға ұқ­са­майтын ерекшелігіңді жан-жағында­ғы елдердің мәдени мұрасын зерттегенде ғана тани­сың. Бұл процесті жеделдету саны аз ­не­месе өркениет көшіне енді қосылған ел­дер­дің өзіндік ерекшелігімен танылуына ық­пал етеді» деп сөзін түйіндеді Сонг Ен ­­Парка.