Көшелерге «Сергек» бейне-тіркеу камералары ілінгелі бері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің заңды сақтауға деген сергектіктері оянғаны рас. Өйткені әрбір ереже бұзу реті қалтадағы қаржыға тіреледі емес пе. Бірақ «Сергек» бейне-тіркеу камераларын жаппай қолданысқа енгізудегі басты мақсат ақша ғана жинау емес еді.
Мұндағы басты мақсат – жол жүрісі тәртібін нығайту болатын. Сөйтіп жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесіне деген мәдениетін қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру еді. Бірақ, өкінішке қарай, аталған жүйе негізгі талап деңгейінен шығар емес. Неліктен? Оның басты себебін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. Мемлекет басшысы жол-көлік апаттарының саны көбейгенін, қоғамда қызу талқыланған «Сергек» бейне камераларының қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін емес, көлік жүргізушілерден айыппұл өндіріп алу үшін ғана қолданылып отырғанын айтты.
Президент мұндай жайға тектен-текке алаңдаушылық білдірмегені белгілі. Өйткені жол-көлік апатының саны соңғы кезде 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейген. Заманауи техникалық мүмкіндіктер артып, экономикалық ахуал жақсарып, жол қауіпсіздігін бақылаудың соңы жетістіктері қолданылып жатса да жол-көлік апатынан кісі өлімі көп. Бұл бейбіт күндегі еш қисынға келмейтін өрескел жағдай. Демек осы кезге дейін елдегі жол-көлік апатын төмендету үшін деп жасалған шаралардың еш нәтижесі болмағаны байқалады. Өйткені о баста «Сергек» бейне-тіркеу камераларын орнатқанда көшеде жол-жүрісі ережелерінің сақталуын бақылап тұратын полицейлер санын азайту мақсат еді. Сөйтіп заң бұзушылық кезінде жүргізуші мен полицияның тікелей қарым-қатынасын жою-тұғын. Әлбетте «Сергек» бейне-тіркеу камераларын орнатқаннан кейін бұл үрдіс іске асты. Бірақ ел күткен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру көлеңкеде қалды.
Оның үстіне «Сергек» бейне-тіркеу камераларын орнатқан соң бейне-тіркеу камерасының заң бұзушылықты түсіргеніне адам ықпалы жүрмейді дегенімізбен, оның дұрыс, бұрыстығын бәрібір полиция инспекторы тексереді. Ол инспектор заңдылықтың сақталуын әділ қадағалайды десек, бейне-тіркеу камералары көліктердің жол жүрісі ережесін бұзу сәттерін толыққанды шынайы тіркей қоюы неғайбыл демеске шара жоқ. Демек, қанша жерден жол жүрісін тек автоматты түрде қадағалаймыз және қауіпсіздік деңгейін арттырамыз деудің қисыны келер емес. Ондай кезеңнің ауылы әлі алыс секілді. Себебі тек ағымдағы жылдың 9 айында ғана мас жүргізушілер тарапынан 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 64 адам қаза тауып және 493 адам жарақат алған.
Бұл орайда жол қозғалысының қауіпсіздігін тұрақты қадағалауды және жолдарда күнделікті патрульдеуді нақты қолға алмай, жиілеп кеткен заң бұзушылықты жою мүмкін емес. Мұны сақшылардың өздері де жасырмай, жол қозғалысы қауіпсіздігін тұрақты қадағалау және жолдарда күнделікті патрульдеу нәтижесінде ғана жол-көлік оқиғаларына жол берілмеді дейді. Сөйтіп жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіні анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, ал жүргізушілік құқығынан айырылған, әрі мас күйде болған 1 878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. «Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарларының ауырлығына теңбе-тең жаза болуы тиіс», – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Әрине, «Сергектің» пайдасы зор. Мәселен, бұрын «осы жүрісім дұрыс» деп жол ережесін бұза жүруге дағдыланып қалған жүргізушілер қазір даралана бастады. Олар бәрінен бұрын «Сергектің» көзіне жиі түсе бастады. Сөйтіп әрбір жүргізуші өзінің қаншалықты көлік жүргізуге дайын екендігін нақты сезінетін болды. Алайда статистика көрсетіп отырғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және жол-көлік оқиғалар санының төмендемей отырғанын байқатады. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді қолға алғаны жөн. Жол жүрісі ережесін бұзғандарды және мас күйде көлік жүргізгендерді дереу анықтау мен қатаң жаза қолдану барлық жол қозғалысына қатысушылардың, жүргізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік береді