С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың «Коворкинг» орталығында Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, көптеген прозалық кітаптың авторы, жазушы Әлібек Асқаровпен кездесу өтті.
Ақтөбе облысы тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Мемлекеттік тілді меңгерудің үздік тәжірибелері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өткізген жазушы бос уақытын пайдаланып, кітапхана оқырмандарымен кездесті. Кітапханаға арнайы ат басын тіреп келуінің өз себебі бар. 2012 жылдары Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың бас директоры қызметін атқарды. Жүрегіне жақын кітапхананың тыныс-тірлігімен танысып, соңғы жылдары жазылған кітаптарын кітапхананың кітап қорына сыйға берді. Кітапты жазар алдындағы зерттеулері мен жол шеккен сапары жайлы әңгімелері оқырман қауымды өзімен бірге алып жүргендей әсерде қалдырды. Қаламгердің үзеңгілес достары ақын Мейірхан Ақдәулетов, Ертай Ашықбаев жазушының әдебиетке қосқан қомақты үлесі жайлы айтып, кештің көркін аша түсті.
Шара барысында абонементтік қамтамасыз ету бөлімшесі «Өр Алтай, мен қайтейін биігінді...» атты кітап көрмесін оқырмандар назарына ұсынды.
Жазушының кітабын оқығанмен өзін алғаш көрген оқырмандар қолтаңба алып қалуға асықты. Кездесуге көңілі толған ағамыз кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ