Халықаралық сарапшылар жеткізуші кәсіпорындарды дамыту республикалық бағдаламасы шеңберінде Қостанай облысындағы кәсіпорындарды аралап жүр. Оған қатысуға әзірге 10 компания сұраныс жасапты. Сарапшылар олардың арасынан 8 кәсіпорында болып, Еуропалық менеджмент сапасы қоры тәжірибесі негізінде олардың бизнес жағдайы туралы ақысыз бағалу жүргізді.
Қазақстандық кен өндіруші ірі кәсіпорындар жеткізу қызметіне шетелдіктерді таңдайды. Себебі отандық тауарлардың қажетті сертификаттары жоқ. Өйткені шағын және орта бизнес үшін шетелдік сертификат алуға қалта көтермейді. Бұл проблеманы шешу үшін Ұлттық экономика министрлігі жеткізушілерді дамыту бағдарламасын жасауға бастама көтерген еді. Оның басты мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілеріне мұнайгаз, металлургия және кен өндіру салаларында істейтін шетелдік және отандық корпорациялар үшін сертификатталуға және аккредитациялануға көмек беру болып табылады.
«Жеткізушілерді дамыту бағдарламасы шартына жауап бере алатын компанияларды сарапшылар таңдайды және халықаралық дәрежеде мойындалған сертификат алуы үшін оларға қаржылық қолдау көрсетіледі. Шығынның 70 пайызы бағдарлама қаржысы есебінен өтеледі. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында әлеуетті контрагенттермен кездесулер ұйымдастырылады» деп түсіндірді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Роберт Юсупов.
Халықаралық сарпшылар облыстағы «Авента плюс», «Вагон жасау зауыты», «Мехлитком», «S.M.F.-SYSTEM» тоқымасыз материалдар фабрикасы», «Азурит» «Большевичка», «Рудный цемент зауыты», «Евраз Каспиан Сталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, инспекциялық тексерулер өткізді. Кәсіпорындарды бағалау желтоқсан айының аяғына дейін жүргізіледі.
Қостанай