• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2013

От кешу

370 рет
көрсетілді

От кешу

Дүйсенбі, 1 шілде 2013 1:23

Арада жетпіс жылға таяу уақыт өтсе де соғыстың зардабы әлі де адамдар жүрегін жаралап келеді. Ол түсінікті де. Күні кешегі қан қасап қырғын Ұлы Отан соғысына қатысқандардың қатары сиреген сайын олардың жарқын бейнелері санаңа сағыныш болып оралады. Отан үшін от кешкен майдангерлердің батырлығы ешқандай өлшемге сыймайды, соғыс өртін бастан кешкендердің қасықтай қаны қалғанша айқасқан жанкешті ерлігін ұлықтаудың өзі бүгінгі және келешек ұрпақтың парызы. Қан майданнан аман оралғандарының өзі де өмірлерінің соңына дейін алған жарақаттарынан арыла алмай, жан азабын тартқаны рас. Бірақ, бейбіт өмірдің бәсін білетін майдангерлер көрер жарығым бар екен деп, өмірге деген іңкәр көзқараспен ғұмыр кешті, келешек ұрпағы үшін төзімділік танытты.

 

Дүйсенбі, 1 шілде 2013 1:23

Арада жетпіс жылға таяу уақыт өтсе де соғыстың зардабы әлі де адамдар жүрегін жаралап келеді. Ол түсінікті де. Күні кешегі қан қасап қырғын Ұлы Отан соғысына қатысқандардың қатары сиреген сайын олардың жарқын бейнелері санаңа сағыныш болып оралады. Отан үшін от кешкен майдангерлердің батырлығы ешқандай өлшемге сыймайды, соғыс өртін бастан кешкендердің қасықтай қаны қалғанша айқасқан жанкешті ерлігін ұлықтаудың өзі бүгінгі және келешек ұрпақтың парызы. Қан майданнан аман оралғандарының өзі де өмірлерінің соңына дейін алған жарақаттарынан арыла алмай, жан азабын тартқаны рас. Бірақ, бейбіт өмірдің бәсін білетін майдангерлер көрер жарығым бар екен деп, өмірге деген іңкәр көзқараспен ғұмыр кешті, келешек ұрпағы үшін төзімділік танытты.

Майдангер Алдияр Саламатов та осындай ұмытуға болмайтын, ұлықтауға лайық жан. Мұны ұлы Жеңісті жақындатқан жауынгердің кенже қызы Гүлбабаштың үйіндегі әңгімеден аңғардық. Сөз тізгінін қолға алған Алдекеңнің қарындасы Хамзе құлағы естіңкіремегенімен көп нәрсені көкірегіне түйген, қара сөзге шебер адам болып шықты. Майдангер ағасы туралы әңгіменің арнасын әріден бастады.

Оның айтуынша, Алдиярдың атасы Сәден өз заманында көпке сөзін өткізген, ықпалы жүрген ауқатты адамдардың бірі болған. «Сәден сұр» деген үйір-үйір жылқылы байдың баласы деп Кеңес үкіметі бар байлығын тартып алыпты. Ұлы Саламатқа атышулы кәмпескеден кейін жалғыз «сұр айғыр» ғана бұйырыпты. Сөйтіп, сұрқия саясатқа көнгісі келмей бір жылдай ел кезіп, қашып жүрген оны үкіметтің құрығы ұзын емес пе, қолға түсіріп, он жылға соттап тынады. Басында Темір өзенінің жоғарғы ағысындағы Ильинка деген жердегі түрмеде ұстап, артынан Қиыр Шығысқа жер аударады. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, асыл азамат айдаудан аман-есен елге оралады. Алайда, 1942 жылы еңбек армиясына алынып, Владивосток маңында жұмыс істеп, араға он шақты жыл салып барып келеді. Зайыбы Ұштап екеуінен дүниеге келген он екі баланың сол кездегі тұрмыстың ауырпалығынан, ел ішінде етек алған індеттен көпшілігі көз жұмып, төрт бала ғана аман қалады. Олар – ұлдары Ғазиз бен Алдияр, қыздары Мәдеш пен Хамзе. Аналары Ұштап бір жерден екінші жерге қоныс аударып, көшіп қонып жүріп, арқа еті арша, борбай еті борша болып балаларын асырайды.

– Үлкен ағамыз Ғазиз елдегі бай баласы деген сыпсың сөзден сескеніп, бой тасалап Жамбыл облысының Бурылбайтал деген жеріне кетіп, сол жақта жұмыс істейді, үйленеді. Көп ұзамай анасын, бауырын және қарындастарын көшіріп алады. Темір ауданында 1925 жылы дүниеге келген інісі Алдияр әуелгіде Кеңқияқ ауылында мектеп есігін ашып, кейін 1939 жылы мектептегі оқуын Жамбыл облысының Бурылбайтал ауылында жалғастырып, аяқтады. Ағасы Ғазиз бастапқыда комсомол, жұмысшылар кооперациясында бастық, балық қоймасының меңгерушісі болып еңбек етеді. Соғыс басталғанда бір беделді адамның қолдауымен әулеттің асыраушысы ретінде бронь алып, қан қасап қырғыннан аман қалады. Ал, Алдияр болса, он алты жасында өзі сұранып, майданға аттанады, – деп сөзін сабақтады Хамзе апай. – Тағдыр талайы ауыр болған Сәден байдың ұлы Саламат сотталып, жер аударылып, еңбек армиясында болса, оның үлкен ұлы Ғазиз де қит етсе байдың баласы деген жаламен екі рет түрменің дәмін татады. Ал, біз әңгімелегелі отырған Алдияр сол кеткеннен бір қалада әскери дайындықтан өтіп, көп кідірмей соғысқа кіреді. Жан алып, жан беріскен талай шайқастарға қатысады. 1944 жылдың аяғына таман бірнеше ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Ол туралы жазылған «Вечерняя Алматы» газетінің сарғайған беттеріндегі Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері О.Огневтің «На свете живет Гулбабаш» атты мақаласында жауынгердің ауыр жарақат алған соңғы шайқасы туралы төмендегідей деректер келтірілген.

Онда: «Мина жақын маңнан жарылды. Ол жарақаттанып, есінен танып қалды. Далалық госпитальға жеткізілді. Ол жерден II Украин майданы №68 мотомеханикалық бригадасының атқыштар взводы командирінің орынбасары, он тоғыз жасар Алдияр Саламатов Мәскеуге жеткізілді. Бұл 1944 жылдың аяғы болатын. Балқаш маңындағы Бурылбайтал ауылына астанадан солдаттың үшбұрышты хаты жөнелтілді. Алдияр туысқандарына өзінің ауыр жарақат алғанын, жақсы гос­питальда емделіп жатқанын, барлық ауыртпалықтар артта қалғанын хабарлады. Бірақ көзінен айырылғаны, өкпесінде минаның үш жарықшағы қалғаны туралы тіс жармады. Дәрігерлер оған бұл жарықшақтарды қазір алуға болмайтынын, әзірге мазаламайтынын айтқан еді. Жаралы жауынгер елге оралды. Оның кеудесінде гвардия белгісі мен үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені жарқырайды», деп жазылған.

– Әкемнің соғыстан жараланып келсе де өмірге құштарлығы мықты болды. Орал педагогикалық институтына сырттай оқуға түсті. Оны үздік аяқтағаннан кейін Шұбарқұдық кәсіпшілігіндегі орта мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Темір орта мектебінде, Қонжар балалар үйінде, Кеңесту орта мектебінде ұстаздықтан директорлыққа дейінгі еңбек жолынан өтті. 1956-1979 жылдары Шұбарқұдықтағы №2 орта мектепте оқу тәрбие жұмыс жөніндегі директордың орынбасары, кейін өмірінің соңына дейін мектеп директоры болып, жемісті қызмет етті. Анам Алма екеуі бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Сондай-ақ, Ғазиз ағасының ұлы Мұратты, немересі Жанарды өз баласындай мәпелеп өсіріп, ат жалын тартып азамат болып қалыптасуларына қолғабыс жасады, дейді кенже қызы Гүлбабаш.

Әңгіме ауанынан аңғарғанымыз, Гүлба­баштың есімінде де бір сыр бар болып шықты. Уақыт өте келе майдангердің өкпесінде қалған минаның жарықшақтары мазалай бастайды. Әуелгіде облыстық ауруханада қан кетуін тоқтатқан медбикелер шалт қимылдауға бол­майтынын ескертеді.Төрт жыл өткен соң жарықшақтары тағы бас көтеріп, қинай бастайды. Туберкулез болуы мүмкін деп дәрігерлер емделуге «Бурабай» санаториясына жолдама береді. Онда бұл ауру емес екені анықталып, Алматыға Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық және эксперименталдық хирургия институтына жолдама береді. Мұнда оған академик Александр Сызганов операция жасап, бір жарықшақты алып қолына ұстатады. Арада он бес жыл өткен соң ескі жарақаты тағы мазалайды. Бұл жолы да академик Александр Сызганов ота жасау керек деген тұжырымға келеді. Өте күрделі операция екі сағатқа созылады. Өмір мен өлімнің арасында жатқан майдангер Алдиярға бұл операцияны А.Сызгановтың төл шәкірті, жас хирург Бабаш Бабашев жасайды. Ол кейін де бірнеше қайтара келіп, тексеріліп жүреді. Бабаш Бабашевпен арасындағы сыйластықтың белгісі ретінде қарт майдангер кенже қызының атын Гүлбабаш деп қояды. Соғыс салған жарақат Алдияр Саламатовты 58 жасында ақыры алып тынады.

– Алдияр ағам өте еңбекқор, бауырмал азамат болатын. Менің де институт бітіріп , мұғалім болуыма қолдау көрсетті. Жалпы кімге болса да қайырымдылық жасауға ұмтылатын. Інісі Мұрат Саламатов қазақ мұнай өндірісінің білікті басшыларының бірі болды. Өмірден ерте кетті, – дейді Хамзе апай.

– Ағаларым Замер, Өсер өмірден озды. Бала-шағалары бар, араласып тұрамыз. Ағам Өнер мұнай саласында басшы қызметте, апам Нұрила дәрігер, мен колледжде оқытушы болып жұмыс істейміз. Бәріміз жоғары білім алдық, отбасылымыз, ағайын-туысқанмен бірлігіміз берік. Бір қызығы әкем балаларына майдандас достарының аттарын қоюға құмар болды. Оқ пен оттың ортасында жүріп, олардың өзін ажалдан құтқарып қалған сәттерін әңгімелеп отыратын. Ол Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі, көптеген орден-медалдың иегері болды. Білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбегі сіңірген мұғалімі атақтарымен марапатталды. Әкем марқұм 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнін ерекше қастерлейтін. Біз ұйқыдан оянғанда «Жеңіс күні» әнін еститінбіз. Өзі білдірмей қонақ бөлмеге барып, көзіне жас алатын, бірақ бізге байқатпауға тырысатын. Майдандас дос­тары есіне түсетін шығар, сонда деп ойлаймыз қазір. Мен қазір де 9 мамырда теледидарды қосып, «Жеңіс күні» әнін тыңдаймын, отбасымызбен әкем жатқан Шұбарқұдық кәсіпшілігіне барып, басына гүл шоқтарын қоямыз. Аруағына дұға бағыштаймыз. Бұл жыл сайынғы бұлжымайтын дағдымыз, – дейді Гүлбабаш.

Иә, соғыс салған жараның орны толмайды. Дегенмен: «Орнында бар оңалар» дегендей, майдангер әке бейнесі балаларының жүрегінде мәңгі сақталады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағиданы ұстанған ұрпақтарының барлығы да өз жолдарын тапқан. Олар­дың қай-қайсысы да әке-ата үмітіне адалдықтан айнымай, өмір көшінде өзіндік із қалдыруда.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.