• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Шілде, 2013

«Көңілді» көше сыпырушылар

433 рет
көрсетілді

Абай дананың бір ғақлиясы осы әңгімеміздің өзегіне түскен жібек  құртындай екен... «Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар  да неше түрлі болады...» Біздің бүгінгі сөз еткелі отыр­­ғанымыз – өз еркімен талап қы­лу­шылар хақында. Олардың тұр­ғы­лықты жері Астанадан 50-60 шақырым ғана. Таң елең-алаңда алпыс шақты адам арнаулы үш автобусқа отырып, елордаға ке­ле­ді де көшелерге сынапша сіңіп кетеді. Көше сыпырушылар ғой. Кешкісін жиналып ауылына қай­тады. Кейбіреулері «ән салып» бара жатады... Жасыратын не бар, бұл ауыл жұмыссыз­дық­тан сарсаңға түсіп қалған. Сон­дықтан да бос жүрісті селтең­бай­лардың басын бірікті­ріп, қалаға айдаған. Әрине, күш­теп иліктір­ген ешкім жоқ. Жан­бағысқа бәрі де бейілді болған. Жақсы-ақ! Құптамағанда қайтер­сіз. Әйтеуір, екі қолға бір күрек табылып тұр емес пе? Талаптыға мұның өзі таптырмайтын нәпақа! Ырыздығын теріп жесін, та­быс­қа кенелсін! Басқа бөтен ой жоқ. Кейінгі кезде  зейнеткер әке үйге келін-баласының кеңкілдеп күліп, тістерін ақситып, ретсіз ыржалақтап, дауыс көтере былапыт сөйлеп келетіндерін аңғар­ды. «Жастар ғой, шаршағасын...» деп шарасыздықпен тежеліп жүр­ді. Тежелгішті де іске қосатын тетік бар екен. Мұндай ыржың­бай­лары ұласа берген соң: «Тәйт, әрі, күнде масайып қайтатын бол­ған­­сыңдар ма?» – деп айқай­ды кеп салсын. Түк шықпады. Еңбекке талпынушылар осылайша «жынды суға» тартылып кете барды... Бұл бір отбасындағы күйкі тір­лік емес еді, ауылға жаппай тараған індетке айналды. Тіпті автобусқа отырып, Астанаға атта­нысымен-ақ бас жазушылар қа­тары көбейе түсіпті. Көңілденген көше сыпырушылардың қанша­лықты қатырып жұмыс істеп жат­қанынан хабарсызбыз. «Әри­не, талап қылып тырысатындары да аз емес. Бірақ дені тапқан-та­ян­­ғанын ішімдікке жұмсап жүр­гені тағы рас», – деп көшеде­гі­лер­дің бірі мұңын шаққаны бар. Талап қылғандары  құптар­лық. Бірақ ішімдікке үйірлігі несі? Көшелерін оңдап сыпырып, азын-аулақ тиын-тебенін отбасына әкеліп, бала-шағасының шырайын шығарып отырмас па? Бойдақтары болса, келешек кү­нін неге ойламайды? Көлденең біреу ақыл салатын іс пе осы? Ал ақыл қосып көрсе ше... Кілең қазақтар бүйі тигендей, ауылынан неге безіп жүр? Мал бағып-ақ нәпа­қасын таппай ма? Бау-бақша салса, іргеде өзен ағып жатыр. Талап етсе, тірлік көп. Тағы басқа қарекеттер табылады, іздегенге... Жарайды, қота­ры­­ла кө­шіп шаһар­ға шабылып жүр екен, тағы айта­йық, ащы суға салынбай, адал еңбек етсе қайда қалыпты?! Келерде де, кетерде де ішіп алып, ұлт бетіне таңба салғанша, көше­де көрінбегендері абзал еді... ...Аузы-мұрнын тұмшалап ал­ған, тек көздері ғана жылтырайтын көше сыпырушылар қапы­сыз қимылдап-ақ жатқандай. Арнаулы киімдері көз тартады. Бас қала­ның тазалығы үшін тырбанатындай. Әт­тең-ай, әттең... сырты бү­тін, іші түтін екенін ойлағанда, өзекке құрт түседі. Жібек құрты емес!..

 

 

Қайсар ӘЛІМ,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы