Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында биылғы жылғы 11 айдағы жұмыс қорытындысы қаралды. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Қазіргі кезде «Kazakh Invest»-тің қолдауымен жалпы көлемі $55 млрд-қа жуықты құрайтын 228 инвестициялық жоба агроөнеркәсіп, машина жасау, тау-кен металлургиясы, мұнайгаз химиясы, көлік-логистика, жаңартылатын энергетика және құрылыс индустриясы салаларында пысықталып, іске асырылуда. Топ инвестор елдердің қатарына Еуропалық Одақ мемлекеттері, АҚШ, Ресей, Түркия, Сингапур мен Қытай кіреді.
Биыл 11 айда $454 млн-ға 8 жоба іске асырылды, $487 млн құрайтын 10 жоба бойынша пайдалануға беру жоспарланған, көлемі $3,4 млрд болатын 21 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.
Отырыста жаңа редакциясындағы штаттар саны мен ұйымдастыру құрылымы, ішкі аудит қызметінің есебі, директорлар кеңесінің 2020 жылға жұмыс жоспары бекітілді, сондай-ақ басқа да мәселелер қаралды.