• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Желтоқсан, 2019

Шыңғырлауда темір жол көпірі салынды

543 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы аудан орталығы әрі ірі темір жол бекеті – Шыңғырлау ауылында жаяу жүргіншілер үшін темір жол көпірі салынды. Құны 75 млн теңгеге бағаланған құрылыс 4 ай ішінде жеке демеушілердің күшімен бой көтерген.

Шыңғырлау ауылын шойын жол екіге бөліп жатыр. Ел арасында «Ас­тық қабылдау бекеті» деп аталып кеткен шағын ауданда 127 үй, 500-ге жуық тұрғын бар. Ауылдың негізгі бөлігінен – әкімшілік және әлеуметтік ғимараттардан ажыра­тып жатқан үш қатар рельстен шағын ауданның халқы шыбын жанын шүберекке түйіп, аттап-аттап өтетін. Ертеректе пойыз адам қағып өткен оқыс оқиғалар да болған. Өйткені күн сайын ағылып жататын жүк керуендерінен бөлек, Батыс Қазақстан облысын «үлкен жермен» жалғайтын «Нұр-Сұлтан – Орал», «Алматы – Орал» бағытындағы пойыз­дар да дәл осы жолмен өтеді. Мем­­лекеттік шекарадағы бекет бол­ған­дықтан, жолаушы пойыздары сағаттап кідіріп, шекаралық-кедендік бақылаудан өткізіледі. Сол кезде шың­ғырлаулықтар ұзын-шұбақ керуенді айналып өтуге ерініп, вагон астынан еңбектеп өтіп жатады. Бұл әрине, өте қауіпті болатын.

Бүгінде Шыңғырлау ауылында 8 мыңдай халық бар. Ауылдың сәулеті күн санап артып, жол төселіп, жаңа ғимараттар, еңселі ескерткіштер тұрғызылуда. Шағын аудан тұрғын­дарының көптен күткен темір жол көпірін осы ауылдың еңбек ардагері, қадірменді азаматы Дауын Бекқұловтың 100 жылдығына орай оның туыстары көтеріпті. Типтік үлгіге сай, алты қанат сатылы, жарықтандырылған, заманауи көпір қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, ауылдың көркіне көрік қосыпты. Әсіресе шеткі ауылдан қаты­нап оқитын 70-тен аса оқушы баланың қуанышында шек жоқ екен. 

– Темір жол бекетінде мұндай көпір өте қажет.  Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Сайхын ауылдарынан да ресейлік жүрдек пойыздар жиі өтіп жатады. Олар қазақстандық бекеттерге тіпті тоқтамайды да. Міне, аталған ауылдарға осындай көпір салынса деп армандаймын. Өйткені бұл екі ауыл­да да талай мәрте оқыс оқиға болды, пойызға соғылып бірнеше адам қаза тапты, – дейді қоғам белсендісі Айболат Құрымбаев.

 

Батыс Қазақстан облысы