Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбританияның король отбасына мұрагер ханзаданың өмірге келуіне байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Жеделхатта Қазақстан Президенті жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы Елизавета II-ні шөбересінің – Кембридж герцогы мен Кембридж герцогинясының тұңғыш нәрестесінің дүниеге келуімен құттықтаған.
«Король отбасындағы көптен күткен қуаныш Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия патшайымы Елизавета II-нің таққа отырғанына 60 жыл толуымен тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар», – делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы патшайымға және барша король отбасына зор денсаулық, ұзақ өмір, ал достас Ұлыбритания халқына бейбітшілік пен бақ-береке тілеген.