Қазақстан Президенті Германия Канцлеріне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Меркель ханымның екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан өзінің сыртқы саясатындағы сабақтастықты сақтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын жалғастыра беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Еуропа одағы бойынша алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтып, Қазақстан үшін осы елмен ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл сапардың басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен саяси ықпалдастыққа жаңа серпін беру екенін жеткізді.
– Германия экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші мемлекет болғанымен, бізге тікелей инвестиция салып отырған елдердің ішінде 12-орында. Қазақстан әртүрлі саладағы 700-ден астам жобаны жекешелендіретін болады. Бұл неміс инвесторлары мен компанияларына жақсы мүмкіндік туғызады деп санаймын. Неғұрлым инвестиция көп тартылса, соғұрлым екі ел үшін де тиімді болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Германия инвесторлары үшін арнайы жеңілдіктер ұсынып отырғанын, бұл екі тарапқа да өте тиімді болатынын айтты.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Германияға экспортталатын тауар көлемінің соңғы 8 айда 21,4%, яғни 2,258 миллиард еуроға төмендеп кеткенін, сарапшылар мұның себебін мұнай нарығындағы жағдаймен байланыстырып отырғанын сұрады.
– Расында, мұндай үрдіс бар. Бүгінгі сапарымның басты мақсаты – осы жағдайды мейлінше өзгерту. Сондықтан келіссөздер барысында Канцлер ханымға бірнеше нақты ұсыныстарымды жеткіздім, – деп жауап берді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысына дуальді білім беру саласына қатысты екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективасына байланысты да сұрақ қойылды.
– Дуальді білім беру жүйесінде неміс тәжірибесін қолданып келеміз. Алдағы уақытта білім беру саласында ынтымақтастықты жалғастыра береміз, – деді Президент.
Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель Қазақстанмен арада берік ынтымақтастықтың орнағанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өзара түсіністікте жұмыс істегенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижелі өткенін айтты.