• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Шілде, 2013

Ғылыми атластық картографияның тамаша туындысы

1316 рет
көрсетілді

Әр жылдары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, Төралқа мүшесі қызметтерін атқара жүріп, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына жетекшілік етуіме тура келді. Он жылға таяу уақыт Жер туралы ғылымдар бөлімінің академик хатшысы болдым. Міне, осы уақытта ғылыми институттардың бағыттарын анықтаумен, олардың зерттеу жұмыс­тарын ұйымдастырумен және үйлесті­румен айналыстым.

 

Әр жылдары Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, Төралқа мүшесі қызметтерін атқара жүріп, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына жетекшілік етуіме тура келді. Он жылға таяу уақыт Жер туралы ғылымдар бөлімінің академик хатшысы болдым. Міне, осы уақытта ғылыми институттардың бағыттарын анықтаумен, олардың зерттеу жұмыс­тарын ұйымдастырумен және үйлесті­румен айналыстым.

Ғылымда әртүрлі мазмұндағы тақырыптық карталарды құрастыру, геология, гидрогеология мен геоэкология, география – ғылыми институттары атқаратын зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижелі бөлігі болып табылады. Картографиялық жұмыстарды жасаудың бай әрі мол тәжірибесінің нәтижесінде География институты соңғы жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлттық Атласы», «Маңғыстау облысының аймақтық Атласы» және салалық «Табиғи және техногендік қауіптер мен төтенше жағдайлар Атласын» дайындап жарыққа шығарды.

Еліміздің мемлекеттілігін карта түрінде айқындайтын Ұлттық атластың жарық көруі тек егемендік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. Қарастырылып отырған жұмыс циклы – шоқтығы биік туындылар қатарына жатқызылып, теңдессіз іргелі және қолданбалы маңызы бар, әлемдік қоғамдастықтың мемлекеттер жүйесіндегі еліміздің атаулы уақиғасы болып саналады деп батыл тұжырымдай аламын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық Атлас тұтынушыларына арнаған сөзінде: «Сіздер қысқаша бейнеленген картографиялық нұсқадан жүзден астам халықтар өкілдерінің бейбітшілік және татулықта өмір сүріп жатқан еліміздің табиғаты, халқы, экономикасы және экологиясы туралы жан-жақты ақпараттар таба аласыздар», – деп атап өтуі жай емес.

Шындығында, осы бір сөз, таби­ғат­тану мен қоғамның түрлі салаларында еңбектеніп жүрген Қазақстан ғалымдары мен зерттеушілерінің көп жылдық еңбек­терінің мән-мазмұнын айқындап тұр.

География институты құрастырған «Қазақстан Республикасының Ұлттық Атласы», «Маңғыстау облысының Атласы» және «Төтенше жағдайлар Атласы» еңбектері – карталар, диаграммалар, графиктер, ғарыштық түсірілімдер мен фотосуреттер сияқты картографиялық материалдарды түгелдей қамтыған заманауи картографиялық ақпарат. Бұл атластарда ұлттық (мем­лекеттік), аймақтық және салалық дең­гейде болмыс құбылыстарының кеңіс­тіктік орналасуы, қасиеттері, байланыстары мен уақыттық өзгерістері графикалық түрде бейнеленген. Үш томнан тұратын жинақта еліміздің табиғаты, халқы, экономикасы, саяси-әкімшілік құрылымы мен экологиялық жағдайы жан-жақты сипатталған.

Атластың 118 картадан құралған бірінші томы ақпаратқа аса бай әрі Қазақстанның табиғи жағдайы мен ресурстарын қабылдауға жеңіл әсерлі көркем картографиялық түрде беріл­ген. «Геофизикалық жағдайы, тектоника, сейсмикалылық» бөлімінде Қазақ­станның жер қыртысы құрылымы мен ерекшеліктері, онымен қоса, қазіргі заманғы динамикасы жайлы соңғы жаңа түсініктер бейнесін тапқан. Жер сілкінісі ошақтары және сейсмикалық аудандас­тыру картасы еліміздің сейсмикалық жағдайларын түгелдей ескере отырып құрастырылған.

Стратиграфия, литология және петрологияның заманауи мәліметтерімен дәлденген Қазақстанның геологиялық құрылымы мен минералдық-шикізат­тық негізіне көп көңіл бөлінген. Қазақ­станның геологиялық тарихындағы нақты кен орындарымен байланысты болып келетін ірі кезеңдер сипатталған. Каспий теңізінің жағалау бедері мен қайраңының келбеті, қалыптасуы және дамуы қарастырылған.

Атласта соңғы жылдарда өзектілігі арта түскен су ресурстарының көлемі мен сапасын бағалау мәселелеріне терең назар аударылған, жер асты мен жер бетіндегі барлық табиғи сулар жан-жақты зерделенген. Әсіресе, өзендер ағындылары ресурстары жайлы материалдардың құн­дылығы жоғары, оған қоса, өзен­дердің гидроэнергетикалық әлеуеті де бағаланған. Каспий, А рал, Балқаш және Алакөл суқоймаларының даму динамикалары түпкілікті сараланған. Жер асты сулары алаптары бойынша гидрогеологиялық толыққанды карталар дайындалған. Климаттық жағдайларға жан-жақты назар аударылған.

Климаттық және орографиялық ерек­шеліктеріне байланысты қалыптасқан Қазақстанның күрделі топырақ жамыл­ғысы, алуан түрлі өсімдік және жануар­лар әлемі жайлы ауқымды ақпаратты Ұлттық Атластың сәйкес карталарынан алуға болады.

Бүгінгі таңда, орнықты даму өзара байланысты әрі тәуелді экономика, әлеуметтік сала және экология сынды үш тірекпен негізделетіні белгілі. Жүйелілік пен себеп-салдарлық осы принцип, сәйкесінше 116 және 119 картадан тұратын ҚР Ұлттық Атласының екінші және үшінші томдарында айқын көрініс тапқан.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Қазақстан 2050» Жолдауында адам, оның денсаулығы, қауіпсіздігі мен амандығы елдің басты байлығы саналатындығы баса айтылған. Осыған орай, Атластың екінші томы жаңа мың­жылдықта Қазақстанда болып жат­қан демографиялық үдерістерді зерт­теуге арналған. Демографиялық жағдайдың жан-жақты сипаттамасы беріліп, жұмыспен қамтамасыз ету, экономикалық белсенділік мәселелері толық қарастырылған.

Қазақстанның аумақтық және жеке аймақтарының дамуы жоспарында әлеуметтік саланы дамытуға айрықша назар аударылған. Ғылыми және мәдени-ағартушылық мекемелер, халықтың баспасөз басылымдарымен, ақпарат және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі көрнекі түрде көрсетілген.

Соңғы 10 жылда Қазақстанның индустриалдық дамуы базалық кешендер бойынша да, ірі, орта және шағын бизнес кәсіпорындары бойынша да тұрақты оң сипат алды. Әңгіме өзегіне айналып отырған еңбекте Қазақстан өнеркәсібінің жетекші салалары болып табылатын мұнай, газ, көмір, темір кені, химия, қара және түсті металлургия, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсіптеріне сипаттама берілген.

Атласта Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан кейін үлкен өзгерістерге ұшыраған ауыл шаруашылығына кең орын берілген. Республикада көліктің рөлі күннен күнге өсуде.

Туристік кластерді дамытуға екінші томда қарастырылған рекреациялық ресурстар мен туризм негіз бола алады. Қазақстанның тарихы мен археологиясы мәселелеріне арналған бөлім де үлкен қызығушылық туғызады. Мұн­да, адамзаттың Қазақстан аума­ғын сонау тас дәуірінен бастап қоныс­тан­ғаны, ал оңтүстік аудандар ежелден отырықшылық егіншілік пен қала мәдениетінің орталықтары болғаны көрсетілген.

Атласта Қазақстанның 14 облысының экономикасы мен әлеуметтік саласына айтарлықтай маңызды орын берілген. Сонымен бірге, атластың біраз бөлімдері әлемдік қоғамдастық ұйымдар толығымен мойындаған республикамыздың сыртқы байланыстарына арналған.

Халықтың өмір сүру деңгейін анықтаушы Қазақстанның шығу тегі мен өзектілік дәрежесі әртүрлі қазіргі экологиялық мәселелері үшінші томдағы карталар сериясында көрініс тапқан. Картографиялық түрде климатпен, су ағындарымен, эолдық үдерістермен, жер бедері және геологиялық жыныстардың құрамымен байланысты құбылыстар бейнеленген.

Еңбекте Қазақстанның бүкіл 14 облысының экологиялық жағдайы қарастырылған. Табиғи ортаның күйін анықтау үшін аумақ бірлігі ретінде әкімшіліктік аудандар мен қалалық әкімшіліктерге қарасты аумақтар алын­ған. Экологиялық жағдай, көрсеткіш­тердің 20 тобы бойынша жеке бағалаулар­ды қамтитын бес балдық шкала бойынша анықталған.

Қазақстанның Ұлттық Атласына енген негізгі карталардың, қосымша қималардың, диаграммалар мен суреттердің терең ойластырылғандығын ерекше атап өткім келеді. Карталардың компьютерлік рәсімделуі керемет, полиграфиялық дайындалуы әлемдік стандарттардың деңгейінде.

Атластың ең бір маңызды жетістігі, ондағы көптеген географиялық ны­сандарға тарихи атауларының қайта­ры­луы дер едім, қазақша атауларды орыс тіліне аударған кезде жіберілген көптеген транслитерациялық қателіктер түзетілген.

Мұндай көпқырлы және біртұтас ғылыми туындыны жарыққа шығару Қазақстанның жетекші ғалымдарының орасан зор еңбегін талап етті. Жоғарыда айтылғанның барлығы Маңғыстау облысының Атласына да қатысты, себебі, ол да республикалық сияқты, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жа­рия­ланған және аймақтың қазіргі та­биғаты, халқы, экономикасы және мәде­ниеті туралы мағлұмат беретін толық және біртұтас жинақ, сонымен бірге, құр­лық пен теңіздің экологиялық жағ­да­йына байланысты шиеленісті мәсе­лелерді де қамтиды. Бұл Атлас ежелгі тарихы мен жарқын даму келешегі бар өлкенің бірегей табиғи және әлеуметтік- экономикалық жағдайларын терең зерт­теуді қажет ететін әкімшілік, жоспар­лық және жобалық ұйымдар, өнеркә­сіптік және ауылшаруашылықтық мекемелер, ғылым және білім жүйесі үшін ұзақ уақыт бойы пайдалануға болатын 212 тақырыптық картадан құралған.

Төтенше жағдайлар Атласы халықты, табиғи және шаруашылық нысандарын қорғау мәселелерін жоспарлау және басқаруды картамен қамтамасыз етіп, өмірлік қажетті бағыттың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Сонымен, авторлар ұжымының басшылығымен Қазақстанда бірегей ғылыми туынды жасалды. Атластық картография концепциясы: ұлттық, салалық және аймақтық атластар біздің республикамыздың атластық карталарын құрастыруға ғылыми негіз болып, оны әлемнің жетекші елдерінің алдында картографиялық державаға айналдырды.

Ұсынылып отырған атластық картографияның тұжырымдамасы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Атласы», «Маңғыстау облысының Атласы» мен «Табиғи және техногендік қауіптер мен төтенше жағдайлар Атласын» құрастырудың теориялық-әдіснамалық және әдістемелік тәсілдерін объективті түрде айқындап тұр.

Атластық тақырыптық карталар көп еңбек пен ықтияттылықты қажет ететін далалық зерттеулер. Жерді ара­қа­шықтықтан зерделеу әдістері мен баспаға әзірленетін карталардың авторлық макеттерін камералдық карто­графиялық дайындау мен редак­­циялық түзетулерді енгізудің нәтижесі болып табылады.

Осы іргелі жұмысты ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Респуб­­ликасының Мемлекеттік сыйлығын алуға әбден лайықты деп санаймыз.

Сұлтанбек ҚОЖАХМЕТОВ,

Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор.