Астана кеші бүгін тіпті ерекше құлпырып кеткендей. Көше бойына қаздай тізіле бой түзген самаладай жарқыраған түнгі қала шамдары да шаһар көркіне көрік үстеп, айрықша сыршылдық сыйлап тұр. Арқаның аязына қарамастан, шоқ-шоқ гүлін қолтықтай «Астана Опера» театрына қарай ағылған жұрттың қарасында шек жоқ. Иә, бүгін айтулы күн, тарихи сәт. Опера сахнасының аңызға айналған тұлғасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова 90 жылдық мерейтойын атап өтеді мұнда.
Қазақтың бұлбұлы атанған аңыз әншінің айтулы кешінде өнерді шын түсінетін талғампаз қауым бас қосты. Сәні мен салтанаты жарасқан опера театрының кең фойесі музыкаға іңкәр көңілдердің жарқын эмоциясымен тіпті жарқырап кеткендей. Әсіресе сарай төріне қойылған әншінің шығармашылық өмірінен сыр шертетін фотокөрме тұтас бір дәуірдің тынысын паш етіп тұр. Өткен ғасырдың музыкалық дәстүрі мен бүгінгі классикалық қазақ ән өнерінің алтын көпіріне айналған аңыз әншінің қайталанбас өнері жастың да, жасамыстың да көңілін ерекше толқытып, тамаша кештің куәсі болуға асықтыра берген. Салтанатты шараны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашып берді.
«Құрметті Бибігүл Ахметқызы, сізді торқалы 90 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз қазақ өнерінің асқар шыңына көтеріліп, ұлттық мәдениеттің дамуына зор еңбек сіңірдіңіз. Өзіңіздің табиғи дарыныңызбен, әсем дауысыңызбен еліміздің бұлбұл әншісіне айналдыңыз. Өнердегі жолыңыз еліміздегі орындаушылық мектептің өркендеуіне жол ашып, кейінгі жас өнерпаздарға темірқазықтай жол сілтеп келеді. Олар сізге қарап бой түзейді, сізге еліктейді. Халқымыз өзіңізді үлкен өнер иесі ғана емес, танымал қайраткер тұлға ретінде де жақсы біледі және құрметтейді. Қазақ мәдениетінің кең қанат жайып, көкжиегінің кеңеюіне сіздің қосқан үлесіңіз орасан зор деп білемін. Халықтың махаббаты мен қошеметіне бөленіп жүре беріңіз», делінген құттықтау хатта.
Мерейлі кештің шымылдығы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «Тойбастар» көрінісімен түрілді. Театр әртістерінің орындауындағы тамаша хор-шашу зиялы музыка тойының шырайын аша түскендей. «Астана Операның» үлкен залына ине шаншар орын қалдырмай лық толған талғампаз тыңдарманның қошеметіне бөленген мерейтой иесі сахна төріне көтеріліп, қайталанбас үнімен Қыз Жібектің «Гәккуін» құйқылжытты. Бұлбұл әншінің орындауындағы Ғ.Тоқай сөзіне жазылған татардың «Тафтиляу» мен Н.Лысенконың «Наталка-Полтавка» операсындағы Наталканың ариясын да көрермен зор ықыласпен қарсы алып, тік тұрып қошемет көрсетті.
Иә, ғаламат концертке жиналған қалың көрермен үшін ғана емес, қазақтың бұлбұлымен бір сахнада өнер көрсету жас өнерпаздар үшін де, тәжірибелі өнер майталмандары үшін де зор мәртебе екені сөзсіз. Мерекелік кешті одан әрі ұстазын құттықтай келген опера өнерінің бір топ талантты шоғыры жалғап әкетті. Мерейлі музыка кешінде Дина Хамзина, Жаннат Бақтай, Медет Шотабаев, Азамат Жылтыргөзов бастаған опера өнерінің шеберлерімен қатар, Италиядан арнайы келген әнші, Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың Гран-при иегері Козимо Оресте, сондай-ақ дарынды жас әртістер – Назым Сағынтай, Гүлжанат Сапақова, Мейір Байнеш, Гүлдана Алдадосова және тағы да басқа әншілер тамаша өнерін тарту етті. Әсіресе италиялық әнші Козимо Орестенің орындауындағы Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әні талғампаз тыңдарманды тәнті еткені сөзсіз. Классикалық музыка кешінің соңынан сөз алған мерейтой иесі халық алдына шығып бас иіп, 60 жылдан аса қошеметімен еркелетіп келе жатқан барша тыңдарманына алғысын жеткізді.
– Халқымның ыстық махаббаты мен шексіз қошеметін шығармашылығыма, өнеріме берілген үлкен баға деп білемін. Сондықтан мен талғампаз тыңдармандарымның алдында орасан зор жауапкершілікті сезінемін. Сахнаға әр шыққан сайын толқып тұрамын. Ендеше бүгінгі концертті де сол аса мәртебелі тыңдармандарымның алдындағы тағы бір тамаша есеп беруім деп қабыл аларсыздар. Бұл тек қана менің кешім емес, менімен бірге бір сахнада өнер көрсетіп, сырлас, сыйлас болған Роза Жаманова, Ермек Серкебаев бастаған барша ән алыптарының рухына бағышталған тағылым кеші. Ардақты халқым, аяулы тыңдармандарым, менің сіздермен ғана өнерім үстем, мерейім биік. Барлығыңызға басымды иіп алғысымды білдіремін. Құдай тағала бізге қайғы көрсетпесін, бейбіт өміріміз бұзылмай, барлығымыз аман болайық», деді Бибігүл Төлегенова.
Шымылдық жабылды. Жарық өшті. Бірақ құлақта қалған құйқылжыған бұлбұл үн жүрекке сіңіп, әлдеқашан көңіл түкпіріне орнығып алғандай. Соғылған шапалақ толастар емес...