Елордада Тұй-ұқұқ және Теркін ескерткіштерінің ғылыми көшірмесінің ашылу салтанаты және “Күлтегін” деректі фильмінің таныстырылымына арналған мерекелік шара өтті.
Елордада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тұй-ұқық және Теркін атты байырғы ескерткіштердің ғылыми көшірмесінің ашылу салтанаты болды. Оған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, Парламент Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ елімізге белгілі түрколог-ғалымдар қатысты.
Салтанатты шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың араласуымен соңғы бес жыл бойы іске асып жатқан мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының нәтижесінде Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен Тұй-ұқық, Теркін ескерткіштерінің ғылыми көшірмесін елордамызға алып келіп орналастыруға және “Күлтегін” деректі фильмінің беташарына арналған мәдени шара.
Енді осы тұлғалар жайында аз-кем дерекке тоқталсақ, Тұй-ұқық (646-738 ж.ж.) – Елтеріс Құтлұғ қағанмен бірге 679 жылы Таң патшалығына қарсы көтеріліп, ІІ Түрік қағанатын орнатқан тұлға. Ол үш бірдей қағанның – Елтеріс Құтлұғ, Қапаған және Білге қағанның кеңесшісі әрі қағанат әскерінің бас қолбасшысы болған. Ел абызы атанған. Тұй-ұқық – шығыста Таң патшалығының солтүстігіндегі Шандунға, ал батыста Темір қақпаға (Дербент) дейінгі аралықта 10 мың шақырымдық жорық жасап, 22 мәрте алапат соғысқа қатысып, атақ-даңққа бөленген қаһарман сардар. Аталған ескерткіш қазіргі Моңғолия жеріндегі Тул дариясының бойында 739 жылы орнатылған.
Теркін ескерткіші Біріккен түркі қағанатын орнатқан Елетміш Білге Тұр-айын қағанның ескерткіші болып табылады. Ұстын мәтінде қағанның арғы бабалары Жоллуғ, Жамы және Бұмын қағандар дәуірінен бастап кейінгі Көк түрік қағанатының 80 жылдық билігі мақтанышпен ай-тылады. Сондай-ақ мұнда қағанаттың территориясы, егін алқаптары, қыстақтары, ордасы, түркі ұлысы бөлігінің құрылымы, әскери қуаты және елдікке ұйытқы болған қайраткерлер туралы мол мағлұмат бар.
Іс-шараны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізудің өзіндік себебі де бар. Бүгінде Еуразия университеті түркология ғылымы саласында еліміздегі жетекші ұжымға айналды. Университетте түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс жасайды.
Осы орталықтардың ғалымда-ры түбі бір түркі халықтарының ең алғашқы жазба мұраларының бас кітабы “Орхон ескерткіштерінің толық атласының” І томын шығарып, әлемнің 82 еліне таратты. ІІ томы жуық айларда баспадан шықпақ. Онымен қатар, “Біріккен түркі қағанаты” (2001), “Орхон мұралары” (2003), “Байырғы түркі жазуының генезисі” (2007) атты еңбектердің сыртында 2001 жылдан бері 4 мәрте халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіп, әлем ғалымдарының баяндамалары жинақ етіп шығарылған.
Дүние жүзінде түркі халықтарының 3000 жыл бойы қолданған жазу мәдениетінің “Жазу тарихы” мұражайы Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылған болса, сол “Жазу тарихы” мұражайы осы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орналасқан. Бізге бұл мұражаймен мақтануға әбден болады. Өйткені, славян, қытай халықтарының “Жазу тарихы” мұражайы көп жылдан бері жұмыс жасап келген болса, бұған дейін түркі халықтарының жазу мұражайы болмаған-ды. Енді, міне, Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі, Елтеріс Құтлұғ қағанның түпнұсқа бас мүсіні осы мұражайдың беделін көтеріп тұрған экспонаттар.
Түркология зертханасында Еуразия аймағынан, нақтылап айтсақ Сібір, Моңғолия, ҚХР-ның Орталық және Шығыс Түркістан аймақтарынан, Орта Азиядан жинаған 30 сағаттық видеролик сақтаулы. Оның сыртында ежелгі және ертеорта ғасырда жасалған тарихи-мәдени мұралардың 10000 дана фотосуреттері сақталған. Бұлар түркітанудың және байырғы мәдениетіміздің аса үлкен қоры.
Жоғарыдағы аталған тарихи-мәдени құндылықтар университет қабырғасында білім алып жатқан студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыратын көрнекті құралы, ғылыми лаборато-риясы болып отыр.
Міне, осындай мүмкіншілік-терді еске ала отырып, еліміздің Мәдениет министрлігі жоғарыдағы екі үлкен ескерткіштердің ғылыми көшірмесін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қоюды ұйғарыпты.
– Байырғы түркі құндылықтарын халық жадына сіңіруге университет ғалымдары аянбай еңбек ету үстінде. Ғалымдарымыз радио, теледидар арқылы байырғы мұраларды насихаттаумен қатар театр сахнасын да, кино экранын да пайдалануда. “Наз” би ансамблімен бірігіп көк түрік тақырыбында “Тұйғындар” би спектаклін, “Қас” телестудиясымен бірігіп “Күлтегін” деректі фильмін өмірге әкелді. Келешекте Мәдениет министрлігі қолдау білдіріп жатса, Тұй-ұқық, Білге қаған, Күллі-чор, Елетміш Білге Тұр-айын қаған және Орда-балық қаласы сияқты 6 деректі фильм түсіріп, халық игілігіне ұсынуға мүмкіншілігіміз бар, – дейді мамандар.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
АСТАНА.