Екібастұз қаласында «Жаз-2013» қалалық бағдарламасы аясында маусым айында «Шіркін, life - 2013» этножобасы бастау алған еді. Жобаға 1 500 балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ мектеп мұғалімдері, «Достық үйінің» этномәдени бірлестіктері, қалалық мәслихат депутаттары, меценаттар, ата-аналар қатысты.
Жобаны іске асыру бағдарламасы бойынша қызықты, тартымды іс-шаралар жоспарланып өткізілсе, негізгі іс-шара «Қайнар» ББК алаңында орналасқан жеті этномәдени бірлестіктен құралған «Нұрлы ауыл» этноауылының жұмысы болды. Оған корей, украин, орыс, қазақ, татар, чешен және неміс этностарының өкілдері қатысты.
Этноауылдың ашылуына 600-ден астам балалар мен жасөспірімдер келді. Олар этностардың тұрмысымен және салт-дәстүрімен танысып, ұлттық этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен «Ең үздік фотосюжет» сайысына қатысты. Күннің соңында балалар тілектер қағаздарына өздерінің алған әсерлерін жазды.
Келесі кездесу «Саяхат» ойыны формасы түрінде өткізілді. Барлық қатысушылар түрлі этностардың ұлттық ойындарымен танысты. Үшінші күн «Дәмді күн» тақырыбында өтті. Барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық тағамдарын әзірлеп, балаларға дәм татқызды. Төртінші күн «Ертегілер әлемінде» деп аталды. Навигатор бағдары бойынша балалар алдын ала дайындалған түрлі тапсырмаларды орындады. Осы уақытта алаңда концерт жүрді. Жобаға Екібастұз өңірінің ауыл балалары қатысты.
Жоба аясында Байет ауылында реалити-шоу болды. Қала балалары ауыл балаларымен бірлесіп, киіз үй құрды, май шайқап, бауырсақ пісірді, самауыр қыздырып, трактормен жүруді үйренді.
Апта бойы «Екібастұз» балалар қоры балаларға тәтті сыйлықтар берсе, жобаның соңғы күнінде белсенді топтар мен қатысушыларға сыйлықтар үлестірді.
Балалардың жобадан алған әсерлерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жобаның қатысушылары мен қонақтары өздерінің лебіздерін қонақ кітабында білдіре алды.
«Шіркін, life-2013» жобасының ерекшелігі оған Екібастұз қаласы тұрғындарымен қатар, шетелден келген қонақтардың қатысуы болды. Екібастұздың мектеп оқушылары үшін бұл жоба ең жарқын жазғы демалыстың үлгісіне айналды.
«Егемен-ақпарат».