Димаш Құдайбергеннің 10 желтоқсанда Нью-Йоркте өткен жеке концертіне әлемнің 51 елінен жанкүйерлер жиналды. Barсlays center аренасы қазақ әншісін сүйіп тыңдайтын жұртшылыққа лық толы болды.
Қазақтың талантты ұлының өнерін тамашалауға келген көрермен қазақ тілінде шырқалған композицияларға тебіреніп, Димашпен бірге орындады. Жанкүйерлердің басым бөлігі Д.Құдайбергеннің әндерін жатқа біледі. Олар қазақ тіліндегі ән мәтінін түсіну үшін өз тілдеріне аударып, тіпті қазақ тілін үйреніп жүргені туралы баспасөз құралдарында жазылып жүр.
Концерт барысында Димаш пен музыканттар орындаған «Адай» күйі де тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ жас талант әрбір әнін орындаған сайын: «Менің отаным – Қазақстан!» деп, жиналған қауымды елімізге келуге шақырды.
Грэмми сыйлығының иегері, перулік атақты әнші Ева Айлан Димаш Құдайбергенді көру үшін өз концертін кейінге шегеріп, Нью-Йоркке ұшып келген. Ал концерт соңында «Елім менің» әні орындалды. Үлкен экраннан көк туымыз желбіреп, қазақ жерінің сұлу табиғаты Нью-Йорктің Barсlays center аренасына жиналғандарды тәнті етті.
Концерт Қазақстанның АҚШ-тағы мәдениет күндері аясында және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.