Сүйіспеншілік күллі жаратылыс атаулының – себепкері. Өйткені, Алла адамды Абай атамыз айтқандай сүйіспеншілікпен жаратқан. Сондықтан да сүйіспеншілік ұялаған қоғам, отбасы тыныштық пен берекенің бастауы. «Отбасы немесе шаңырақ сүйіспеншілікке толы болса – ізгіліктің көркем сарайларының бірі, ал берекесіз болса – азаптың терең шұңқырларының бірі» деп, жазады мысырлық танымал оқымысты Ата әс-Сынбати.
Демек, шаңырақты ізгілік сарайына айналдыратын амал, ол – отбасылық сүйіспеншілік. Ал, азап шұңқырына түсіртетін іс, ол – отбасы мүшелері бірін-бірі жеккөрушілік. Сүйіспеншіліктің отына жылынып өскен ұрпақ өмірде мейірімді, қайырымды, сыпайы, шынайы болады. Сол себепті, сүйіспеншілік дегеніміз – тек отбасының ғана емес, әулеттің, тұқым-жұрағаттың мұраты. Ондай әулет жүздеген жылдар өтсе де құрымайды, өсіп-өркендейді, тәлімді-тәртіпті бала-шаға өсіреді. Ол балалар ұлыстың тірегіне айналады.
Егер әулетім өссін, тұқымым құрымасын, шаңырағым шірімесін десеңіз – үй ішіңізде сүйіспеншілік орнатыңыз. Отбасындағы сүйіспеншілік шартсыз болуы керек. «Осылай істесең сені сүйемін, өйтпесең сүймеймін» деу шартты сүйіспеншілік белгісі. Бұл баянды, берекелі болмайды. Ықыласқа емес, есепке құрылғандықтан бір күні бір жерден жарылады. Өйткені адамның болмыс-бітімі мен жаратылысында тағдырдың үлесі бар. Ал тағдырдың иесі – Алла. Ақылды адам өз тағдырының болмысын бағалай отырып, кейбір келеңсіз оқиғаға тап келсе, оған көне отырып, сабырлықпен сүйіспеншілік танытуы керек. Қасиетті кітапта: «Расында, жақсы көргендеріңді дұрыс жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа оны тура жолға салады» дейтін ашық мағыналы аят бар. Осы аятқа тәпсір жасаған ғалымдар біреуді жақсы көру үшін одан тек жақсылық талап ету дұрыс емес екенін айтады.
Ал ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншіліктің белгісін, араларында қызғаныш бар ма, жоқ па, содан байқауға болады. Бірақ та надан қызғаныштан сүйіспеншілік іздеуге болмайды. Қызғаныш шектен шықса, жиіркенішке ұласады. Кейде сүйіспеншіліктің өзі қызғанышқа ұласып кететін жағдайлар бар. Ондай жағдай – сүйіспеншіліктің отын өшіреді. Сондықтан сақ болу керек. Қызғаныштың ең жаманы – сүйген нәрсесін жақсылық жолынан қызғану. Ондай жағдайда сол қызғанған нәрсесі пенденің өз басына пәле боп жабысады. Одан құтыла алмай әлекке түседі.
Сүйіспеншіліктің құны – шынайы ықылас. Ықылассыз жасалған әрбір амал қабыл емес. Пайғамбарымыздан жеткен «Амалдың қабыл болуы – ықыласқа байланысты» деген өсиетті, ғұламалар бірауыздан «өсиеттердің атасы» деп баға берген.
Демек, сүйіспеншіліктің анасы – ықылас. Ықылас та ынта болмаса, сүйіспеншілік толық емес. Ол жылт етпе, әңгүдік сүйіспеншілікке ұласады. Жарыңа «сені сүйемін» деп қойып, ықылас-ынта танытпасаңыз, ол адам – сүйіспеншіліктің құнын білмейтін, оны төлеуден бас тартқан пенде болғаны. Құнсыз сүйіспеншілік – көлденең табысқа жатады.
Егер сүйіспеншілік көрсоқырлыққа жетелейтін болса, ол – жай құмарлық. Мұндай жұптардың сүйіспеншілігі бір-бірін танығанға дейін немесе кездескенге дейін ғана жалғасады. Өйткені мұндай сүйіспеншілікте тамыр болмайды.
Отбасылық қарым-қатынасы сүйіспеншілікке құрылмаған шаңырақ – тек отағасының айғайымен амалсыз өмір сүріп жүреді де отағасының беделі әлсіреген немесе ол дүниеден өткен жағдайда быт-шыт боп тарап кетеді.
Осындай диктаторлық шаңырақта өскен баланың рухы езіліп-жаншылып, санасы залымдыққа бейімделеді. Мүләйім, пасық болып өседі. Мұса келмей тұрғанда, перғауынның қол астындағы Исрайл ұрпақтарының жағдайы осындай еді. Осы бір тұлабойына құлдық үрей сіңген адамдарды Мұса жарықтық 40 жыл бойы (кейбір деректерде 60 жыл) қу мекиен далада ертіп жүріп, құлдықтың қара таңбасы сүйегіне сіңген ұрпақ алмасқанша (өліп таусылғанша) тәрбиеледі.
Жалпы алғанда отбасы мүшелеріне еркіндік сүйіспеншілік арқылы беріледі. Өйткені сүйспеншілік арқылы берілетін бұл нығымет – отбасылық бірлік-берекені арттыра түседі. Осылай қоғамда ерікті еркін тұлғалар пайда болады. Ерікті тұлғалар – ерікті қоғамды түзейді. Қоғамда бір-бірін сүйіп, сүйіспеншілікпен отау құратындар көбейеді. Сөйтіп елдің, мемлекеттің іргетасы бекиді. Біздің айтып жүрген зайырлы қоғам дегеніміз осы.