Әне-міне дегенше, жыл басында жарияланған Жастар жылы да аяқталуға жақын. Аталған бастама аясында биыл жас ғалымдардың жобаларына мемлекеттен тағы 3 млрд теңге бөлінген. Жұмыстарын өткізгендер «тақым қысып жүр». Жыл ортасында «Қазақ ғылымы қашан жасарады?» деген мақала жазғанбыз. Сондағы түйін – жас ғалымдарды қолдау. Әлбетте қолдау қажет, бұл қадам тиісті ведомстволар тарапынан да жасалды. Десе де қолдау кімге керек? Демеу, көмек, қамқорлық – қай-қайсысы болсын өз иесін тапқанда ғана жемісін береді. Ал бізде мұның бәрі дәл егесін тауып жатыр ма? Мәселе – сонда.
Жас ғалымдар студенттерге жолдама берді
Әлемді өзгерту өзіңді өзгертуден басталады ғой. Жақында өткен жас ғалымдардың жүздесуі осы ойды тағы бір еске салды. Еліміздің әр өңірінен бас қалаға ат басын бұрған жас ғалымдар нағыз қолдаудың өзгеден емес, алдымен өзіңнен болуы маңызды екенін мойындағандай, ең алдымен өз-өздерін көтермелеуді бастап-ақ кетіпті. Осыдан 3 жыл бұрын Назарбаев Университетте қызмет ететін жас ғалымдардың бастамасымен коммерциялық емес қоғамдық бірлестік ретінде құрылған Жас ғалымдар альянсы (YRA – Young researchers alliance) қазірде еліміздегі білім және ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген 300-ге тарта белсенді жас ғалымдардың басын біріктіріп отыр. YRA-ның төрайымы, Назарбаев Университеттің Химия инженериясы және материалдар технологиясы кафедрасының постдокторанты, PhD Әсия Ермұхамбетова өзгелерге айтқан сыннан әуелі өзің қорытынды шығарғанда ғана даму болатынын айтады. «Біз – жас ғалымдар Ұлттық ғылыми кеңестің немесе жобаларға грант бөлетін қандай да бір ықпалды ұйымдардың жұмысын жиі сынға аламыз. Олардан ашықтық пен әділдікті, рухани және қаржылық қолдаудың шынайы иегерін табуды талап етеміз. YRA-ның құрылтайшылары болып бірде жауапкершілікті өзгеден бұрын өзімізге артып, жобаларды шетелдерде жалғастыруға жолдама берумен айналысып көруге келістік. Нәтижесі көңіл қуантады», дейді Әсия.
Оның мәлімдеуінше, биыл YRA-ның бастама көтеруімен Назарбаев Университеттің бакалавриатында білім алып жүрген студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында арнайы байқау жарияланды. «Байқаудың жеңімпаздарын анықтау жұмысы жасырын түрде жүргізіліп, әділ қазылар алқасына ғылымда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген, елімізде академиялық және ғылыми этика, ғылымдағы қаржының әділ үлестірілуі үшін күресіп жүрген ғалымдар кірген. Байқау нәтижесінде 27 студентке грант арқылы 1 миллион теңгеге жуық сыйақы тағайындалды. Бұл Назарбаев Университет жанындағы Әлеуметтік даму қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Альянс жетекшілері болашақта байқаудың географиясын кеңейтіп, республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр», дейді YRA-ның төрайымы.
Қазақстан қол қойған келісімін орындай алмай отыр
YRA ұйымдастырған байқау жеңімпаздарының бірі Ердәулет Нұрболатұлы Құрылыс және қоршаған орта инжинериясы бойынша магистратураның 1-курсында оқиды. Ол қазір көмірқышқыл газының геологиялық сақталуын зерттеп жүр.
«Бәріміз білетіндей, әлемде бұрын-соңды болмаған жаһандық жылыну процесі жүріп жатыр. Ғалымдар бұл проблеманы шешу жолында түрлі технологияларды ойлап тапты. Солардың бір қатары – су, жел, күн секілді табиғи энергияны қайта жаңғырту мүмкіндігі. Бірақ бұл технологиялардың бәрі қазіргі энергетика инфрақұрылымын толықтай алмастыруды талап етеді. Ал Назарбаев Университеттің профессоры Вуджин Лидің жетекшілігімен бастаған зерттеу жобамыз бүгінгі инфрақұрылымды, яғни зауыттарды түгелімен алмастырмай, тек жаңғырту арқылы көздеген нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Мәселен, ауаны күн сайын шектен тыс ластап жатқан көмірқышқыл газынан тазарту үшін CO2-нің таралуының алдын алып, жер асты қойнауында сақтауға болады», дейді жас жеңімпаз. YRA байқауынан жеңіп алған грантымен және оған қоса Кореяның жартылай қаржылық қолдауымен сол елдің лабораториясында екі ай тәжірибеден өтіп келген Ердәулеттің айтуынша, ондағы жабдықтардың, мамандар мен зерттеушілердің ауаны ластанудан қорғаудағы еңбегі қарқынды. Корейлер мұндай зертхананың жұмысын 30-40 жыл бұрын бастап кетіпті. Осыдан-ақ жас ғалым Қазақстанда да бұл жобаның болашағы барын бағамдаған. «Мемлекетіміз 2015 жылы БҰҰ елдері арасында Париж келісіміне қол қойды, құжатта көмірқышқыл газының белгіленген мөлшерінен тыс ауаға таралмауына келіскен. Алайда Қазақстан қазір осы талапты, анығында келісімді орындай алмай отыр. Көмірқышқыл газының мөлшері келісімдегі лимиттен асып кетті. Мәселені шешу мақсатында жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін арттыруда. Бірақ бұл халықаралық талапты толық орындауға жеткіліксіз», деген жас зерттеуші қолға алған технологиясын ғылыми тұрғыда негіздеп, нәтижесін шетелдік журналдарға жолдауды жоспарлап отыр. Халықаралық сарапшылар жұмысын мойындаса, мемлекеттік мекемелерге ұсынып көрмек. Қазақстан өзі қол қойған халықаралық келісімнің шартын орындай алмай отырғанын ескерсек, бұл жобаның жүзеге асуына мемлекет те мүдделі болуға тиіс.
Ғалымдардың беделі артса, ғылым дамиды
Әсия Аңсабаева YRA-ның networking шарасына Қостанайдан арнайы келіп, «Өңірде ғылымды насихаттағаны» үшін марапатталды. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, PhD докторы өңірлердегі жас ғалымдардың мемлекет тарапынан көрсетілетін демеуге аса мұқтаж екенін жеткізді. Оның ойынша, облыстардағы мамандар үнін жеткізіп, сөзін өткізе алатын республикалық деңгейдегі ықпалды әрі қашықтыққа қарамастан, қолжетімді ұйым болуы керек. Қолдаудың басы осыдан басталады. «Әлгінде айтқан қажеттілікті толығымен қанағаттандырған жас ғалымдардың жаңашыл ортасы сол зерттеушілердің өздері арқылы қалыптасып келеді. Оның аясын ірі қалаларды ғана қамтумен тарылтпай, керісінше еліміздің картасындай кеңейтуге республиканың барлық өңіріндегі зерттеушілердің атсалысқаны абзал. Ғалымдардың беделі артса, ғылым дамиды», деген агрономия саласы бойынша зерттеу жүргізетін Ә.Аңсабаева қазіргі таңда органикалық өнімдерді шығаратын фермерлермен бірлесіп ғылымның өндіріске енуіне еңбек етіп жүр. Фермерлер қандай да бір өнім өндіруде ғалымдардың зерттеу қорытындысына сүйенеді.
«Біз далалық тәжірибемізде бұршақты зерттедік. Өнімге айналмай тұрып оның құрамындағы пайдалы және зиянды заттардың мөлшерін анықтаумен айналыстық. Яғни, қандай түрін өнімге айналдыруға болатынын зерттедік. Соған сәйкес фермерлер тұтынушыларды сапалы өніммен қамтамасыз ете отырып табыс көлемін арттыра алады. Бұл еліміздегі органикалық өнім нарығын да дамытады. Күнделікті тұтынып отырған заттардың құрамын зерттегендіктен, дүкендердегі азық-түліктердің қаптамасына қарап-ақ сапасының қай деңгейде екенін білуге болады», дейді маман. Ә.Аңсабаеваның пайымдауынша, өнім ең алдымен ел аумағында сертификатталуы керек. Екіншіден, стандарттарға сай келетіндері «Organic KAZ» деген жасыл түспен жазылған, жапырақтың суреті бар сәйкестік белгісімен белгіленуі тиіс. Әйтпесе қаптамасында «ГМА (гендік модификацияланған ағзалар)-сыз», «Экологиялық таза өнім» деп көрсетілгенімен, сапасында кілтипаны көп өнімдер өріп жүр.
Басшылықтың ауысуынан қолдаусыз қалдық
Мал шаруашылығы – қазақтың атакәсібі. Ал оны заман талабына сай дамыту да ғалымдардың жұмысын қажет етеді. Төрт түлікті өсіруде қолайлы жағдай жасау мен сапалы, экологиялық таза, органикалық қауіпсіз ет-сүт өнімдерін алу бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, PhD докторы Қуантар Әлиханов әріптестерімен бірге малда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында сауықтыру шараларын жүргізеді. Ғалымдар әзірлеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін Алматы мен Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарының өндірісіне енгізіп үлгерген. Бұдан бөлек жануарлардағы жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізуде арнайы дезинфекциялық препараттарды патенттеп, оны мал және құс шаруашылықтарында қолданып келеді. «Бірақ мұның барлығы – ғылыми жобаларымызды өндіріске енгізу, өнім үлгісі ретінде ғана жасалған жұмыстар. Осы өнімдерді әзірлеумен айналысқан ғалымдарға ешқандай табыс келмейді. Өйткені біз препараттарды нарыққа шығарып, сатумен айналыспаймыз. Былайша айтқанда, қолымыздан келетінін көрсеттік, ойлап таптық, шығарып бердік. Ал оны әрі қарай түбегейлі тұрмысқа қолданып кететіндей жағдай жасалмай отыр. Мәселен, қазір Қазақстанда дезинфекциялық препараттар шығаратын цех, зауыт жоқтың қасы, сондықтан Ресей мен Қытай, Беларусьтан дистрибьютерлік жолмен әкелінген қолжетімді препараттар көптеп сатылуда. Былтыр ғана Жамбыл облысындағы Құлан ауданының әкімімен инвестициялық жоба әзірлегенбіз. Бірақ жылдың соңына қарай аудан басшылығындағы өзгерістерден кейін қолдаусыз қалдық. Дезинфекциялық заттар құятын бюджетті шағын цехтың өзі 8-10 млн теңге тұрады, осыдан-ақ оның қаншалықты қаржылық қолдауға тәуелді екенін білуге болады», дейді жас профессор.
Оның ойынша, Тұңғыш Президент – Елбасы қорының әр сала бойынша озат жас ғалымдарға мемлекеттік сыйлықтар, үздік ғылыми-зерттеу жобаларына гранттар, алыс-жақын шетелдерге зерттеу жолдамалар, үздік студенттерге стипендиялар тағайындап, қаржылай марапатталатын интеллектуалды сайыстар, түйіні тарқатылмаған мәселелерді талқылайтын түрлі халықаралық және өңірлік конференциялар мен форумдарды ұйымдастырғаны үлкен демеу болып тұр. Білім және ғылым министрлігі де 2020-2022 жылдарға ғылыми және ғылыми техникалық жобалар бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсын жариялап, жақын арада осы 3 жылға жалпы сомасы 9 млрд теңгені құрайтын ғылыми жобалар іріктеледі. Дегенмен, әр ғалымда кемі 2-3 жобадан болатынын ескерсек, бірді-екілі ұйымдардың қаржылық қолдауы теңізге құйған тамшыдай-ақ болатыны сөзсіз.
P.S. Байқайсыз ба, ғалым күнделікті жұмысымен, әрбір жобасының жемісімен халыққа, қоғамға қызмет етіп отыр. Біз бір парасын ғана жазып отырмыз. Қолдау дедік. «Мемлекет ғалымдарға жеткілікті қолдау көрсетпейді немесе кәсіпкерлер мойын бұруы керек» дейміз. Ал біз өзіміз оларды жұрт болып, көп болып қолдап жүрміз бе? Иә, ақынға шапан жапқандай, әншіге доллар салынған конверт қыстырып, арқасынан қаққандай, тым болмаса әкімге табақ тартқандай. Біз осы қолдаудың астарында бағалаудың барын білеміз бе? Кімді бағалау керегін ше?.. Нақ осы сұраққа жауап тапқанда ғана қолдау өзінің шынайы иесін адаспай табады.