Түркістан қаласында 20 000 абонентті жыл соңына дейін табиғи газбен қамту жоспарлануда. Осылайша облыс орталығындағы тұрғын үйлер 56% «көгілдір отынмен» қамтылады. Жалпы биыл Түркістан облысында 35 елді мекенге газ қосылды. Жыл соңына дейін тағы 50-ге жуық ауылға табиғи газ тартылады.
Ал күні кеше ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында Түркістан қаласындағы «Отырар» ықшам ауданында тұрғын үйлер табиғи газбен қамтамасыз етілді. Халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистралды газ құбырының шарапатын көрушілер қатарында түркістандықтардың саны артып келеді. Алдағы күндері қалған абоненттерді қамту жұмыстары жалғасын таппақ. Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар 11 кезеңмен жүзеге асырылуда.
Айта кетелік, 2020 жылдың соңына дейін Түркістан қаласын «көгілдір отынмен» 100 пайыз қамту жоспарланған. Бұл жұмыстар «ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен бірлесе жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде 500-ге жуық елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік беретін қосымша сметалық жобалар әзірленуде.