• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2013

Ағайынның емес, ауылдастың аты озсын!

424 рет
көрсетілді

Әкімдіктен үміті барлардың үгіт-насихат жұмыстары басталды

Ауыл әкімдерін сайлау жайында ойланғанымда, сонау тоқсаныншы жылдары бұрынғы кеңшарлардың негізінде құрылған өндірістік кооперативтер (ӨК) төрағаларының қалай сайланғандығы есіме түсті. Айыртау ауданындағы бір ауылдың азаматтары шаруасы өрге баспай, өлмелінің күнін кешкен ӨК-тің басшылығын шетінен сынап-міней келіп: «Дұрыс басшы шықса, міне, осыдан шығады», десіп, жоғары білімді мамандардың бірін де көзге ілместен, бұрын озат малшылардың бірі болған, бірақ “Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар” демекші, өз үйінің шаруасын дөңгелетіп, пысықтығымен танылған, орта білімі ғана бар жігітті сайлап алған еді. Мұның түпкі сырын сұрастыра келгенде, ол азаматты қолдаушылардың дені ауылдастарына ықпал-беделдері жүріп, сөздері өтіп тұрған аталас ағайындары екен...

Ақыры не болды дейсіз ғой? «Сайланған төраға» жұртқа берген уәдесін ұмытып, қарақан басының құлы болып шықты. ӨК-тің мал-мүлкін талан-таражға салып, банкроттыққа ұшыратты, ал өзі байыған үстіне байып, облыс орталығынан бірнеше жайлы пәтер сатып алды. Алайда, ар-ұяттан жұрдай болғаны соншалық, ауылдастарының көзіне тіктеп қарай алмайтын, той-томалағына шақырылмайтын алапестей күйге түсіп, бір түнде ауылдан көшіп кетті.

Бұл мысалды келтіріп отырғаным, ауыл әкімдеріне төте сайлау енгізілсе, кей жерлерде жоғарыдай келеңсіздіктер орын алмайды деп кім айта алады? Ашығын айтсақ, атаға, руға бөлінушілік секілді жағымсыз әрекетті жеке бас мүддесіне пайдаланып, қоғамдық кеселге айналдырып жүргендер жоқ емес. Ел, ауыл арасын алатайдай дүрліктіріп, ұлттық бірлікке сына қағатындар қатары сейілді деп те айту қиын. Сонау Кеңес заманында қоғамдық сананы жаулап, ұлтсыздықты насихаттаған коммунистік идеология мұндай “өткеннің сарқыншақтарын” тыюға тырысқанымен, түпкілікті жоя алмағаны, ал тәуелсіз ел атанып, еркіндік қолымызға тиген, ата салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып жатқан бүгінгі заманда қайтадан бас көтере бастағаны жасырын емес.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында: «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі», – деп ашық та алаңдай айтқаны мәлім. Сондықтан да, еліміздің демократиялық дамуының қазіргі кезеңінде ауыл әкімдерін аудандық мәслихаттар арқылы сайлау және олардың баламалы кандидатураларын аудан әкімдерінің ұсынуы «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» салиқалы шешім екені аян.

Ал, ауыл тұрғындары бұл сайлаудан мүлдем сырт қалады деген пікірмен толық келісуге болмайды. Себебі, әкімдерді сайлайтын таңдаушылар – аудандық мәслихаттар депутаттары жергілікті халық өкілдері емес пе? Олардың аудандар әкімдері ұсынған екі-үш үміткердің ішінен ең лайықтысын сайлауға толық мүмкіндігі бар. Өйткені, олар жабық дауыс беру арқылы сайланады, яғни дауыс беру құпиялылығы қамтамасыз етіледі. Бұл қағидаттың мүлтіксіз сақталуына Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы айрықша маңыз беріп отырғаны мәлім. Әрине, депутаттар өздерін сайлап, үлкен сенім артқан жұртшылық пікірін біліп, жете ескерсе, құба-құп.

Қалай дегенмен де, әкімдер сайлауы жергілікті билікті халыққа жақындата түсудің бір тетігі екендігіне күмән жоқ. Оның үстіне алдағы уақытта ауыл әкімдіктерінің құзыретін кеңейту, қаржылық әлеуетін қалыптастыру мәселесі қарастырылу үстінде. Мұндай шаралар да ауыл әкімдерінің беделі мен ықпалын күшейтетіндігі сөзсіз. Себебі, қолында қаржысы жоқтықтан, көп мәселеде аудан мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына жалтақтап отыратын ауыл әкімдерінің қазіргі жағдайлары мәз еместігін көріп-біліп жүрміз.

Әкімдерді таңдаушы-депутат­тар арқылы сайлау жергілікті өкі­летті билік органы болып табылатын мәслихаттардың да беде­лін арттырары анық. Өйткені, бола­шақ ауыл әкімдері өздерін кім сайлағандығын, олардың сыр­тында кімдер тұрғандығын, яғни депутаттар сенімі – барша тұрғындар сенімі екендігін ұмыт­пауға тиісті. Түбінде «Мына әкімді кім сайлады?» деген үлкен сауал болатындығы әрдайым есте жүрсе игі.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутат