Орал қаласында тәуелсіздік күні қарсаңында кабелді өткізгіш өнімдерін шығаратын «Орал Кабель» ЖШС зауыты іске қосылды. Зауыт өнімдері негізінен Қазақстанның ішкі сұранысын қамтиды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, болашақта бұл өнімдер Ресейдің көршілес өңірлеріне экспортталуы мүмкін.
Жекелеген тұрғындардың үй-жай құрылысына да, өнеркәсіптік мақсатқа да пайдалануға болатын әмбебап кабель өнімдері қауіпсіздігімен, отқа жанбайтын қасиетімен ерекшеленеді. «Орал Кабель» ЖШС-ның құрылтайшысы Роберт Ирменовтің айтуынша, зауыт италияндық ең заманауи қондырғылармен жабдықталған, әрі экологиялық қауіпсіз өнім шығарады.
- Біз жергілікті бизнес өкілдерінің өңдеу саласына бет бұра бастағанына қуаныштымыз. Бүгін іске қосылып отырған зауыт – Батыс Қазақстан облысында бұл сала бойынша бірегей кәсіпорын. Сондықтан жергілікті әкімдік зауытқа жан-жақты қолдау көрсетеді. Кәсіпорынның өнімдерін балабақшаларға, дәрігерлік мекемелерге, тұрғын үй құрылысына пайдалануға болады. Біз инвесторлармен сөйлесіп, зауытты одан әрі дамытуға, болашақта индустриалды салаға, мұнай-газ секторы нарығына шығуға шақырдық. Ең бастысы - «Орал Кабель» зауыты өнімдері халықаралық ASME сертификатына ие, бұл өз кезегінде кәсіпорынға Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз кен орындарындағы шетелдік альянстардың тендеріне қатысуға мүмкіндік береді, - деді зауыттың ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.
Айта кетейік, бұл жобаға инвесторлар тарапынан 3,4 млрд. теңге қаржы құйылған. Зауытта 40-50 адам қызмет етеді.
Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ
Батыс Қазақстан