• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2013

Қыран жүрек қағидасы

503 рет
көрсетілді

 

«Әділбек Абайділданов – қазақ жырына «Қыранды» берген, пәк көңілді, романтик ақын. Әділбек – поэзияға өмірді көріп, оқып-тоқып дегендей, табиғи жаратылысымен, жырға деген ғашықтық құмарлығымен араласқан ақын». Бұл – Мұқағали Мақатаевтың өз замандасына осыдан қырық жыл бұрын берген бағасы. Ағынан ақтарылып, қағаз бетіне өшпестей қатталып қалған бір ауыз лебізі.

«Әділбек Абайділданов – қазақ жырына «Қыранды» берген, пәк көңілді, романтик ақын. Әділбек – поэзияға өмірді көріп, оқып-тоқып дегендей, табиғи жаратылысымен, жырға деген ғашықтық құмарлығымен араласқан ақын». Бұл – Мұқағали Мақатаевтың өз замандасына осыдан қырық жыл бұрын берген бағасы. Ағынан ақтарылып, қағаз бетіне өшпестей қатталып қалған бір ауыз лебізі.

Жалпы, ақын Әділбек Абайділдановтың есімі өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарындағы қазақ поэзиясының тарихынан азды-көпті хабары бар қауымға бірқыдыру таныс. Әдебиет әлемінің табалдырығынан аттаған бетінде Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайылов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Қасым Қайсенов секілді алдыңғы толқын ағаларынан жылы сөз естіп, шығармашылық айдынына құштар ұмтылыспен құлаш ұрған талантты қаламгер «Ақ қайың» (1961), «Салтанат» (1964), «Қыран» (1966), «Алыс көкжиек» (1968), «Маржан» (1971), «Сенемін саған» (1977), «Құс жолы» (1978), «Армысың, махаббат» (1981), «Жүрегімнің шұғыласы» (1982) атты жыр кітаптарын кейінгілерге аманат етіп қалдырып кетті.

Ал үстіміздегі жылы қызы Ботагөз бен күйеу баласы Жүнісбектің мұрындық болуымен, «Фолиант» баспасынан ақынның өлеңдері мен поэмалары топтастырылған көлемді шығармалар жинағы (құрастырып, кіріспе сөзін жазған – ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы) жарық көрді. Әділбектің осы кітапқа кірген поэзиялық мұрасындағы азаматтық және адамгершілік мұраттардың сөзбен сомдалу, көркемдікпен кестелену ерекшеліктерін бүгінгі күннің биігінен аз да болса байыптаудың мүмкіндігі туып отыр.

Ақынның 1982 жылы, көзі тірісінде жарық көрген «Жүрегімнің шұғыласы» атты соңғы өлеңдер жинағына мағыналы алғы сөз жазған профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Алатаудың әсем қойнауындағы саяжайда Сәбит Мұқановтың кезекті «дем алып» жатқан шағы болатын. Күні бұрын телефонмен келісіп алып барған ем, Әділбек саңқылдап өлең оқып отыр. Сәбең қолымен тыныштықты бұзбай жайғаса бер деп ымдады. Аңызға негізделген «Қыран» атты поэ­масын оқуды тәмамдағанда, Сәбеңнің жас баладай қуанғанын көзіммен көрдім», деген дерек келтіріпті.

Әділбектің таңдаулы туындыларының бірі – «Қыран» поэмасы туралы жаңағы жүздесудің үстінде Сәбит Мұқановтың дуалы аузынан «Ілиястың шалымы бар мұнда» деген сөз шықса, басқа бір тұста белгілі әдебиеттанушы Баламер Сахариев «Ілияс поэмаларын оқығандай әсер етеді» деп тұжырым жасаған болатын. Замандас інісі, ақын Сәкен Иманасовтың бертіндегі пайымы да осы төңіректе тоғысады: «Бұл өзі кешегі Ілияс Жансүгіров сарынындағы бір дем, бір тыныспен төгіліп түскен, бас-аяғы жұп-жұмыр болып тұтаса шыққан бүтін дүние». Ақынның өзі де «Шапқанда – Ілиястың інісімін», «Бәйгесін Ілиястың беріңдер деп, Жар салып дүниеден өтінем мен» немесе «Бүгінде бәйгеге енді біз түсеміз, «Ілияс, Ілияс!» деп ұран салып» дейтін декларациялық жыр жолдары арқылы шәкірттік ілтипатын айқын аңғартады.

Шынында да, даланы жырлау дәстүрін жаңаша жаңғыртуда Ілияс Жансүгіровтің «Бүгінгі дала» өлеңі мен «Дала» поэмасында ұсынған идеялық және көркемдік қағидаттар әлденеше буын қазақ ақындарына бастау-бұлақ әрі өлшем-өнеге болып келді. Оның шығармашылығының арқасында «дала» сөзі шын мәнінде ұлттық символға айналып, әр алуан ассоциацияларға жетелейтін жағдайға жеткізілді.

Әділбектің «Даламыздың сипаты» өлеңіндегі:

Өң-көрік, бұл далада жетеді нұр,

Шың болса басы құзар, етегі – гүл.

Сұлу мен батыр ғана жарасатын,

Аққу мен ақиықтың мекені бұл, –

деген шумақ оның осы бағыттағы туындыларының рәміздік алтын арқауы, романтикалық жарқын желісі болса, кіндік қаны тамған қоныстағы – «сүзісе кетіп, бас жарып, секіруші едің биіктен», «сенің де баяғы дауыл мінезің өзгеріп кеткен» деп сырын бөлісетін, Лепсі өзеніне арналған шағын да шымыр өлеңінде:

Кездесіп енді алыпқа,

Бетің бір қайтқан батырсың.

Отыңды беріп халыққа,

Дірдектеп ағып жатырсың, –

деген қуатты жолдар арқылы жүректің қылын шертіп, ойдың нуын қозғайды. Қиялыңды ауқымы кішкентай көрінетін тақырыптан елдік үлкен өре мен өріске ал