• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2019

Шағын мектеп шырайы – кітапхана

785 рет
көрсетілді

Шалғайдағы Саты ауылының 9 жыл­дық мектебінде 52 оқушы ғана қалыпты. Әр сыныпта 5-6 оқушыдан оқыса, 15 мұ­ға­лім сабақ беруде. Ауыл тұр­ғын­дарына көзқуаныш болып қалған осы мектеп қана.

Мектеп директоры Әлия Анафина­ның айтуынша, мектеп жанындағы шағын орталықта 18 бала тәрбиеленуде. Шағын мектеп болса да, оқушылар да, мұғалімдер де әрқашанда белсенді. Түрлі мәдени-рухани, әдеби шараларға қатысады.

Мысалы, биыл «Экоboom» облыс­тық экологиялық шарасы аясында «Бірінші сынып бақшасы» ашылып, мектеп ауласына ағаштар егілді. «Энер­гия және су болашақ үшін» тақы­ры­бында жарықты, суды үнемдеу тақы­рып­тық ойындары өткізілген, «Жақ­сылық жаса» атты шақыруымен балалар үйіне көмек ретінде пластикалық қақпақшалар жиналып, тапсырылған. Сонымен бірге, тұрақты түрде өтетін «Шаңырақ» жобасы, «Family day» от­басылық жарыстарға, «Ghallenge Өзгеше сен!» атты марафонына 5-9 сы­нып оқушылары қатысады. Қа­зір оқу­шылар «Шаңырақ» жобасы ая­сында шеберханада қайың ағашынан шағын киіз үй құрастыруда. Киіз үй кес­кінін мектеп мұғалімдері Дәурен Жұ­ма­бекұлы, Нұрбек Амантайұлы жасаған.

Оқушылар үшін мектеп кітапха­на­сы­­ның да орны бөлек. Бір уақ қол­да­рын­­дағы ұялы телефондарын тастап, әде­би кі­таптар оқуды әдетке айнал­дырған.

– Кітапханамызда оқулықтар, әдеби кітаптар бар, 14406 дана қордан тұрады. Оқырмандар саны мұғалімдер, ауыл тұрғындары, оқушылармен қоса алғанда 130-дан асады. Гүлзада Төкен, Айым Есқали, Зарина Социал, Жарқын Темір, Нұрай Елубай, Жанерке Бектұрова, Жеңіс Түсіпбек, Зейніш Бекзат, Самат Мұхамеджан, Алтынай Қалелова сияқ­ты оқушылар тұрақты оқырмандар, – дейді мектеп кітапханашысы Ульфат Қожанбаева.

Кітапханада мектептің жұмыс жос­парына сай түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Биыл «100 кітап» жобасы бойынша оқушыларға М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауиннің, Б.Соқпақбаевтың, М.Қабанбайдың, М.Твеннің, балалар әдебиетінің өкілдерінің шығар­маларын оқу ұсынылды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі Гүлден Төлеуханның ай­туын­­ша, 9-сынып оқушысы Нәзира Амангелді, 5-сынып оқушысы Гросс Мұрат, 9-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қарыбаевтар мектеп бойынша белсенді кітап оқушылар атанып, рухани бай­лыққа ден қоюуда. Олар «Кітап жана­шыр­лары» үйірмесінің мүшелері.

Айтса айтқандай, қазір қарасаңыз, бүгінгі мектеп оқушысы да, студенттер де цифрлы әлемге, жаһандық ғалам­торға тәуелді. Өз ойын өз тілімен түсін­діру үшін кітап оқу аса қажет екенін енді түсіне бастадық.

– Біздің мақсат – оқушыларға мек­теп­ке келген жаңа технологияларды үй­рете, игере отырып, дәстүрлі кітап оқу мә­­де­­ниетін жоғалтпау, – дейді кітапха­на­шы.

Гүлден өткен жылы Семейдің Шә­кәрім атындағы университетін бітіріп, дипломмен Саты ауылына келген жас маман екен.

– Ұстаздық жолымды шағын ауыл мектебінен бастағанды жөн көрдім. Шағын мектеп болса да, шырайлы. Жаңа­шылдыққа ұмтылуда. Өзгерістерге жыл­дам ілесеміз. Үйренеріміз де аз емес. Осы жерден тәжірибе жинақтап, оқу орнында алған білімімді толықтыра түсемін деген ойдамын, – дейді Гүлден.

Мектеп кітапханасында жаңа кітап­тарды таныстыратын «Ауызша журнал» күні, рухани-мәдени тақырыптағы көрмелер, оқырмандарға арналған сұхбат-кездесу күндері өтеді.

Павлодар облысы,

Май ауданы