Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше қазіргі уақытта психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру есебінде (ПМПК) ерекше білім беруді қажет ететін 203 мың бала 496 арнайы білім беру ұйымдарында оқиды. Ерекше балалар үшін балабақшалардың 69%-да, мектептердің 88%-да, колледждердің 80%-да жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жасақталған кабинет жұмыс жасайды.
«Мектептерде «педагог-ассистент» лауазымы енгізіліп, мамандар саны бір жылда 1000-нан 2,5 мыңға дейін артты. Аталған лауазымды мектепке дейінгі ұйымдарда енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ерекше балалармен 9 мыңнан астам арнайы педагог жұмыс жасайды. Мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап еліміздің колледждерінде «педагог-ассистенттер» дайындау қолға алынып отыр», дейді Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
Ведомство аталған бағыт бойынша жұмыстарды жалғастырады.