• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Желтоқсан, 2019

Марғасқа

1217 рет
көрсетілді

Оқуға түстім. КазГу-ге. Журналистика факультетіне. О заманда оқуға түсу патшаның тағына отырғаннан артық еді ғой. Жүзіміз нұрлы, жүрегіміз таза. Бірінші курс. Елу студентпіз.Тоғызы-қыз, қырық бірі қылшылдаған жігіттер. Содан бері де елу бір жыл өтіпті-ау! Сол қырық бірдің бірі – «маң, маң, маң басқан, шудаларын шаң басқан» атан түйе секілді апай төс, маңғаз мінезді Мақұлбек болатын. Келбеті де келген. Бадырақ көз. Тұлғасы да, тұрпаты да баяғының батырларындай. Нағыз нар жігіт!

Кейін білдік, біздің марқасқа Ма­құл­бекіміз ал­ты алаштың аузын­дағы Бауыржан Момышұлы, Құр­манбек Сағындықов, Шерхан Мұртазаның кіндік кескен Жуалы жерінде дүниеге келген екен. Пара­сатты ойы бар, сабырлы, өткір сөзі бар. Ұқсап тұр.

Кеңес өкіметінің «кестесі» бойынша күллі студент ауылшаруашылық жұмысына жегілетін. Біздерді Алма­ты облысының Шелек ауданындағы «Қазақстан» жеміс-жидек совхозына апарып жүзім тергізді.

Бәріміз жүзімдікте табыстық. Та­ныстық. Байқаймын, шеттерінен арыны қатты өзендей. Аузын ашса жыр шумақтары төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр! Екі күннің бірінде жыр мүшәйрасы. Суырылып шығып өлең оқиды.Дүбірге қосылайын десем, поэзиядан жұрдаймын. Өлең жазбаймын. Көкшетаулық курстасымыз Мұхамедияның бір дәптер лирикасының ішінен көңіліме қонған бес-алты шумағын жаттап ортаға мен де шықтым.

– Мынау сенің өлеңің бе? – деді Мақұлбек.

– Жоқ, менікі емес.

– Енді кімдікі?

– Мұхамедияныкі.

– Өзі неге оқымайды?

– Оқи алмайды.

– Е, неге, мылқау ма?

– Жоқ. Ептеп кекештігі бар, ұя­лады.

– Біреудің байлығын арқалап бай болам деп жүрсің бе? – деп теріс айналды.

Сол сөзі шаншудай қадалды. Бірақ үндемедім, іштей ренжідім. Бір қарағанда оныкі де дұрыс.

– «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» сүйреп жүрсің бе әлі?! – деді бір күні. Тиіс­ті. Сосын: «Әй, неге өзімдікін оқы­май­мын. Лирикам болмаса да сати­рам бар ғой» деп тынышталдым. Бейім­делдім. Дайындалдым. Қазір ойласам, Мақұлбек мені қайраған екен ғой...

Бірінші курста екеуміз грек-рим күресіне қатыстық. Денені қыздыру үшін жүр­гіреміз, иі­леміз, бүгілеміз. Кірдің тасын кө­тереміз. Жалғыз штанга жалпы­мызға жете ме, бірімізді біріміз арқа­лап спорт залының ішінде жүгіреміз. Күн­дердің күнінде Қаратаудың тасындай қаңлының тұқымын маған арқалатып қойды. Әуелгіде:

– Ауыр ғой! – деп шегіншектеп ем, Жамбылдың тумасы Тоқтахан Абаев деген жаттықтырушымыз:

– Көтер! – деп бұйырды. Ағайдың айтқаны заң, амал жоқ арқаладым. Арқама мініп алғасын екі өкпемді тепкілеп:

– Оңға жүр, солға жүр, тоқта! – деп құлақ кесті құ­лындай әмірін жүргізді. Байқасам, баладай қылжақ­бас мінезі бар екен.

– Бала кезде есекті ерттемей мінуші ек. Есек айтқанды тыңдайтын. Сен не... есек құрлы жоқсың ба? – деді Мақұлбек көк желкемді шұқып. «Түс» десем, түспейді. Есектей тоңқып, етбетінен түсірдім. Одан кейін мінген жоқ. Қазір ойлаймын: «Сексен кілә пәлені көбірек тасығанымда бұдан да гөрі шымыр болар ма ем, қайтер ем?!» деймін. Айт­ты не, айтпады не студенттік шақ­тардың сағымға ай­налған сағы­нышты сәттері ғой бұл.

Үшінші курста бірге оқитын қыз­ға үйленді. Арқаның аруы. Қараған­дыдан. Дәметкен Ахметова. Пысық. Қайнап тұрған қыз. Орысша сөйлесе орыстардың аузын аштырмайды. Неміс тіліне де жетік. Дәметкеннің не­місшесі біздің орысшамыздай. Ма­құл­бек ол қызды қашан айналдырды, қашан махаббат құрды – ешкім білмейтін. Бір-ақ күнде жария етті. Содан боз кілемдегі күресті тастады да, біржола Дәметкен жеңгейімізбен «күресіп» кетті. Мақұлбек пен Дә­мет­кеннің қосылғаны жан досымыз Нұрмахан Өзбеков екеумізге жақсы болды. Футбол, хоккей болатын күн­дері жалдамалы пәтеріне барып жалға алған теледидарынан сол ойындарды тамашалаймыз. Ма­қаңның туған кү­ніне Нұрмахан екеуміз екі жыл қа­тарынан ЦК-ның маңайындағы әдемі гүлдердің бір шоғырын жұлып әкеп, сыйлаған күндер естен шыға ма?!

Адамның ғұмыры да төрт маусымнан тұратын бір тынық табиғат сияқты ғой. Жастық шақ – көктем, бүкіл бітім-болмысың бүршік жарып, көктей бастайсың. Үй болып, үйленгесін жаз секілді жадырайсың, жапырағың жайылып, діңгектен өскен бұтағың көбейеді. Ұлың ұяға, қызың қияға самғап, немере сүйген жылдарың жапырағы сарғайса да жемісін төккен алтын күзден аумайды-ау! Бірте-бірте қыс келеді. Ол маусым – қар жамылған қара ағаш сияқты. Қалтырап тұрасың. Пайғамбар жасы – алтын күз.

Әрі қарай 80, 90, 100... Қыстың да қызығы бөлек. Шөбере – шөпшек сүйесің. Шөпшектерің «Ата!» деп мойныңа асылғанда, сірескен сүңгің еріп, тамшы тырс-тырс тамады. Ол да ғажап тылсым дүние ғой.

Сәл шегініс жасайық. Алғашқы курстың соңына таман әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов пен Виктор Пұсырманов факультеттерді аралап жүріп, біздің ара­мыздан түйедей-түйедей төрт жігітті іріктеп, «Қыз Жі­бек» фильміне түсу үшін аттай қалап алып кетті. Соның бірі – Мақұлбек. Жауынгердің рөлінде ойнайды. Алажаздай Күрті өзенінің бойын­дағы Тасқотанда Нұрғиса Тілендиев, Асқар Сүлейменов сияқты біртуар азаматтармен және Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Құман Тастанбеков секілді актер ағаларымен араласып, әңгімелерін құлағына құйып, есейіп оралды. Дүниетанымы, түсінік-түйсігі, тіршілікті қабылдауы мүлде бөлек. Байпағын сүйреткен бала Мақұлбек емес, басқа Мақұлбек. Байыпты Мақұлбек.

Екінші курстің соңында балалар мен жасөспірім­дер театрының сол кездегі бас режиссері Виктор Пұсыр­манов арнайы іздеп кеп, Ма­құл­бекке «құда» түсті.

– Мына оқуды таста. Біздің жастар театрына кел, үлкен рөл берем. Сен табиғи әртіссің! – деді. Ол:

– Ойланайын! – деді. Режиссер:

– Ойланба! Сен әйгілі киноактер Ватоевқа ұқсайсың. Сәл-пәл же­тілсең Рүстемнің рөлін ойнаған Ва­тоевың далада қалады. Әуелі сах­наға шық. Шеберлігіңді шыңда. Бірте-бірте киноға түсесің. Біздің «Қазақфильм» былай тұрсын, сені «Мосфильм», «Ленфильм» шақы­ра­ды! – деп қызықтырып, бір жылдай айнал­дырғаны бар. Көнбегесін:

– Кейін өкінесің. Айтпады деме, өкінесің. Өзің біл, Тарзан! – деді режиссер өкпе-назын байқатып.

«Тарзан деген кім?» дейсіз бе? Ма­құлбек қой. Диплом алғанша оны үш түрлі айтатынбыз. Азан ша­қырып қойған аты Мақұлбек. Жең­геміз – Мәулен дейді. Біздер «Тарзан» деп кеттік. Оның да себебі бар. «Қыз Жібек» киносына түсіп жүргенде өзен бойындағы биік ағаштың басына шығуды әдетке айналдырса керек. Шіркін, жастықтың жалыны-ай! Қой десе де қоймайды. Бір күні ағаштың түбінде дастарқан жайып дамылдап отырған актерлар Мақұлбекті жоғалтып алады. Әрі іздейді – жоқ, бері іздейді – жоқ. Сөйтсе бәйтеректің ұшар басына шы­ғып алыпты.

– Әй, құлап өлесің ғой, мұның не? Түс!- десе:

– Я – Тарзан! – дейді екен шың­ғы­рып. Сол дәуірдегі Америка­ның «Тарзан» киносына еліктегені шы­ғар.

Кім біледі, сол Тарзанымыз ре­жис­сердің сөзіне ергенде, ағаштан – ағаш­қа секірген «Тарзан» секілді әлем­ге әйгілі актер болар ма еді? Құ­лап қалуы да мүмкін ғой, ә? Мертіксе ше? Құдай сақтасын! Онда Дәметкен жеңгем кімнің түтінін түтетер еді? Жезқазқазған облыстық газетіне 20 жыл бойы кім қалам тербер еді? «Халық кеңесінің», ел газеті «Еге­мен Қазақстанның» Жамбыл об­лысындағы меншікті тілшісі, об­лыстық «Ақ жол» газетінің бас ре­дак­торы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Баубек Бұлқышев атын­дағы сыйлықтың иегері кім болар еді?.. Қазақстан Жазушылар ода­ғының бір мүшесі кем болар еді-ау!. «Жұл­дыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұл­дызды өмір», «Ту ұстаушы» деген тарихи-танымдық кітаптарды кім жазар еді? Бәрінен де бұрын Ботакөз, Нұрбек, Нұр­қуат деген ұл-қыздары мен неме­релері бар. Біріне – әке, біріне – Ата! Шүкір, шүкір!

Жетпістен асқан шағында қара жер­­дің қойнына кірген қайран досым-ай!

Артыңда алтындай ұл-қыздарың мен несібесі мол немерелерің, сосын том-том тозбайтын мұраң қалды. Жалған өмірдің жарнамасындай галстугің ілулі тұр. Басынан асырып байлай қоятын мойын қайда? Жатқан жерің жәннат болсын!

 

Көпен ӘМІРБЕК